Кәсіпкерді талап жетелеп, арман өсіреді
Қазір кез келген жиын-той, қуаныш тәттісіз өтпейді. Мерекенің сәніне айналған тәттілер мен торттар әр дастарқанның төрінен үнемі орын табады. Бір кездері аналарымыз тәттілерді өз қолымен пісірсе, қазір бұл істі кәсіби шеберлерге тапсыруды құп көреді. Оның үстіне дүкен сөрелерінде де тіскебасарлар толып тұр.
Осы күні қонақ дастарқанының сәнін келтірер сан түрлі тәттілерді дайындап көпшілікке қуаныш сыйлау қолынан іс келетін жандардың кәсібіне айналды. Соңғы уақытта қыз-келіншектер арасында вупипай, қызыл бархат, сүтті қыз аталатын торттарды пісіру сәнге айналған. Осы кәсіпті қолға алмақ жандарға түрлі шеберлік сағаттарын өткізетін мамандар да бар. Бұл іс карантин кезінде де тоқтаған жоқ. Өйткені сұранысқа ие істі үйренем дегендер онлайн курстар арқылы да тәтті дайындауды меңгере алады.
Осы күні қонақ дастарқанының сәнін келтірер сан түрлі тәттілерді дайындап көпшілікке қуаныш сыйлау қолынан іс келетін жандардың кәсібіне айналды. Соңғы уақытта қыз-келіншектер арасында вупипай, қызыл бархат, сүтті қыз аталатын торттарды пісіру сәнге айналған. Осы кәсіпті қолға алмақ жандарға түрлі шеберлік сағаттарын өткізетін мамандар да бар. Бұл іс карантин кезінде де тоқтаған жоқ. Өйткені сұранысқа ие істі үйренем дегендер онлайн курстар арқылы да тәтті дайындауды меңгере алады.
– Торт пісіру кәсібі ауданымызда да жақсы жолға қойылған. Бүгінде тұрғындар кондитер іздеп әлек болмайды. Өйткені инстаграм әлеуметтік желісін аша қалсаңыз шиелілік кондитерлердің парақшалары толып тұр. Талғамыңызға қарай тапсырыс берсеңіз, қалаған уақытыңызда тәттіңізді жеткізіп беруге әзір. Көпшіліктің сұранысын қанағаттандырып жүрген өңірге танымал кондитерлік орталықтың бірі – «Тәп-тәтті» НТ аталады.Небәрі 22 жастағы Тұмар Махмұд аз ғана уақыттың ішінде өз брендін қалыптастырып үлгерді. Кондитер болу – Тұмардың бала күнгі арманы. Бірақ мектеп бітірген соң арманын ысырып, өзге мамандық бойынша білім алады. Десе де бір емес, екі оқу орнын бітіргенімен, жаны қаламаған жұмысты істегісі келмейді.
– Жоғары оқу орнын аяқтаған соң алып ұшып Нұр-Сұлтан қаласына бардым. Негізі ол жақта мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасуым керек болған. Бірақ бәрін бір бала күнгі арманым қол бұлғап тұратын. Не керек ештеңеге қарамай кондитерлік өнімдер фабрикасына жұмыс іздеп бардым. Осы кезде мен армандаған ортаны тапқанымды сездім. Бағыма қарай әріптестерім де өте керемет жандар болды. Солардың арқасында және өзімнің ашық жарқын мінезімнің пайдасы болар, біраз нәрсе үйрендім, – дейді жас кондитер.
Бірақ Тұмар көп ұзамай тұрмыс құрып, Шиеліге қайтуға тура келеді. Бойжеткеннің бағы болар, оның жаңа отбасы мен жары арманын кәсіпке айналдыруын қолдай кетеді. Тіпті қайын атасы мен енесі Тұмардың қалағанындай кондитерлік пеш пен құралдарын да алып береді.
– Бас қалада жүріп азды-көпті жиған тәжірибем бар. Ендігі мақсатым дүкен ашып, өз қолы ммен жасаған тәттілерімді сату болды. Бұл үшін алдымен кәсіпкерлік білімімді жетілдіруім керек. Сөйтіп «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына барып арнайы курс оқыдым. Нәтижесінде бизнес-жоспарымды сәтті қорғап, 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға ие болдым. Бұл ақшаға қажетті құралдарымды түгендеп, небәрі 20 күннің ішінде өз кондитерлік дүкенімді аштым, – дейді Тұмар Ержанқызы.
Содан бергі бір жылға жуық уақытта кондитердің тұрақты тұтынушылары көбейген. Тіпті екі жерден дүкен ашып, интернет желісі арқылы тапсырыс қабылдауды жолға қойған. Дүкендерінің бірі базар ішінде болса, екіншісі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы көшесіндегі кондитерлік цехтың ішінде орналасқан. Жас кәсіп иесі өзінен басқа 5 адамды да тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Торттың кез келген түрін дайындайтын кондитер тәттілерінің тұтынушылар талаптарына сай келіп, ұнап жататындығын көргенде ерекше қуанатынын айтады.
– Бұл менің кәсібіме айналған хоббиім. Қазір тұтынушыларым көп, олар әдетте алғысы мен ақ батасын жаудырып жатады. Тұтынушыларымның тапсырыстарын орындап, олардың қуанышқа толы жүзін көргенде ісіңнің бекер емесін түсінесің. Адамға қуаныш сыйлаған қатты ұнайды. Осындай жетістікке жетуіме қолдау көрсетіп жатқан ата-анамыз бен жарыма, қайын сіңілдеріме алғысым зор, – деп ағынан жарылды жас кәсіпкер.
Қазір Тұмар кондитерлік өнімдер мен тәттілер пісіру бойынша оқыту курстарын да өткізеді. Үйреніп шыққан қыздарға сертификат та береді.
– Екі айда бір рет шеберлік курсын ұйымдастырып келеміз. Қыз-келіншектер асыға күтіп, алдын ала жазылып жатады. Қазір 30-дан аса шәкіртім бар. Оның онға жуығы өз кәсіптерін бастап та үлгерді. Ең бастысы, бұл істе көтеріңкі көңіл-күй қажет. Кез келген тапсырыс түрін қабылдау арқылы мен өз қиялымды шыңдап отырамын. Қазіргі таңда бір күнде 20 данадан артық торт сатылады. Одан бөлек тұтынушыларымыз күнделікті жүздеген бәліштер мен тәтті тоқаштарды дүкеннен алып кетеді. Мен санға емес, сапаға жұмыс істеймін. Қазіргі тұтынушылардың талғамы жоғары. Сауда орындарындағы сөрелерде осы сынды өнімдер саудасы қызып тұрған уақытта өндірушілер арасында бәсекелестік болмай қоймайды. Сол бәсекелестікке шыдап бақсаң ғана, ісің өрге домалайды, – дейді Т.Махмұд.
Осылайша Тұмар өзінің шағын кәсібі арқылы тұтынушыларының алғысына бөленуде.Көріп тұрғаныңыздай, кез келген істі кәсіпке айналдыруға болады. Ол үшін ерінбей еңбек ету ғана керек.
Гүлхан ЯХИЯ