Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөзі жұмсақ, қолы ем

Сөзі жұмсақ, қолы ем

Халық үшін өз жанын садақа еткен, жауапкершілікті мойнына алқа қылып таққан, антына адал ақ халаттылар туралы айта бергің келеді. Тышқан жылы келген індет адамды тышқан сияқты інінен шығармай қойғанын қайтерсің? Осынау бір созылған карантин бітіп, баяғы тіршілігімізге тезірек оралсақ деген ой әрбір адамзаттың санасында сайрап тұр. Санадағы ойды іске тезірек асырушылардың бірі – ақ халатты массажист-медбике.
Көшеде, базар орталықтарында, той-томалақта көрген жан оны бірден таниды. Сәлемдесуге асыққан жанның болмысына қарасаңыз, алыс­тан келген, сағындырған туысын көргендей балаша қуанған адамның жүзін байқайсыз. Әсем апа қай жерге барса да жұрт оны танып, алғысын жаудырып жатады. Сөзімнің дәлелін мына мысалмен нақтылайын. Анасы мен қызы орталық базарға келе жатып, оннан аса кісімен сәлемдеседі. Қызы ашуланып әркіммен аман-саулық сұраса бермей тездетуін өтінеді. Сөйлесіп тұрған кісі баласын нұсқап «Мынау сіздің балаңыз ғой,массаж жүргізген, сізді апам деп егеленіп алған» деп жанындағы немересін көрсетеді. Осындай ара-тұра кездесіп қалған кісілермен сәлемдесе жүріп, сыйластығы артып, іздеуші жұрт көбейген.
Ісімен, мейірім шапағатымен, жылы сөзімен адамның жадында сақталып, ерекше ықыласқа бөленетін жандар болады. Соның бірі – біз айтқалы отырған кейіпкеріміз, мамық қолымен ауруыңа шипа берген тәжірибелі, білгір маман – Әсемкүл Бекжігітова. Ол 1993 жылдан бері Шиелі аудандық аурухананың медбике-массажисті. Еңбек жолын 1982 жылы Алматыдағы «Көк-төбе» санаториясынан бастаған. 38 жыл еңбек өтілі бар Әсем апа – аудандық аурухананың жалғыз массажист майталманы. Әдеттегі жұмыс күнін былай қойғанда, үйіне іздеп келушілер де аз емес. Бүгінде бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған ана.
Әсем апа күніне түрлі пациенттер қабылдайды. Шақалағын көтерген ана, шаранасын жұтып қойған сәби, балалар мен үлкен кісілердегі жедел бронхит, бастағы қысым, травмадан кейінгі бұлшық етке арналған массаж, мойын омыртқасы мен омыртқа, диск аралықтарындағы грыжа, жартылай сал болған мүмкіндігі шектеулі жандар мен отадан шыққандарға түрлі массаж жасау – Әсем апаның күнделікті ісі. Пандемияның кезінде кеуде қуысына арналған массаждың пайдасы қарт кісілердің дем алып, қақырық тастауына сеп болды. Жиырма күндік карантиннен кейін де кеуде қуысына массаж жасау арқылы ел ішінде «Алтын қолды массажист апа» атанды. Дем берер сөзімен, тәніңді рахатқа бөлейтін массажымен танымал Әсем апа халықтың, көпшіліктің батасы мен алғысына кенеліп, абырой биігінде жұмыс істеп келеді.

Ақбота БАЯНБАЙ
18 қазан 2020 ж. 455 0