Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Садақа беру – сауапты іс. Бірақ...

Садақа беру – сауапты іс. Бірақ...

Әрбір мұсылманның білуі тиіс сүннеттің бірі – садақа. Иә, кімде-кім қалтасынан қаржы шығарып, оны мүмкіндігінше мұқтаж жандарға беретін болса, Алланың мейіріміне бөленері хақ. Дегенмен қазір кез келген дәріхана мен дүкенге кіре қалсаңыз, қайырымдылық жәшігіне көзіңіз түседі. Ал қайырымдылықты қасиет төресі деп білетін көпшілік шама-шарқы жеткенше сол жәшікке тиын-тебенін тастап жатады. Бірақ осындай Алла разылығы үшін берілетін садақаны қайда және қалай берген дұрыс? Орталық базарлар мен дүкендерде қаз-қатар тізілген садақа жәшігі шынында кімдерге тиесілі? Оған түскен тиындар қайда кетіп жатыр? Осы секілді сауалдар біз бен сізді де толғандырып жүрген болар.
Шіркін, қолыңнан келіп тұрса, жақсылық жасағанға не жетсін? «Жомарттың қолын жоқ байлайды» демекші біздің елімізде жүрегі мейірімге толы, бірақ қалтасы жұқа жандар бар да, қалтасы қалың болғанымен, халқының қамын ойлауға құлықсыз азаматтар бар. Сондай-ақ сауапты іс қылса да ешкімге жария етпейтін, барлығын Алла разылығы үшін деп қана көпке қолұшын беретін атымтай жомарт азаматтар бар. Осындай ісі көпке үлгі болатын қолы ашық, қайырымды жандардың арқасында қаншама отбасында қуаныш болып жатыр десеңізші?
Әр адам күнделікті тұрмысқа қажетті затын алу үшін жақын маңайдағы дүкенге бас сұғатыны рас. Ал дүкенге келушілер болса, көзі түскен садақа жәшігіне азды-көпті тиын-тебенін тастап жатады. Бұл әрине, құптарлық іс. Алайда «Бұл жәшіктердегі ақша кімдерге жұмсалады, ол қаншалықты рас?» деген сауалдарға мән бере бермейді. Біз осы сұрақтың мән-жайын ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаевтан сұрап білдік.
– Қазір бұл қоғам арасында көп талқыға түсіп жатқан сұрақтардың бірі. Иә, біз аудандағы кейбір дүкендерге садақа жәшіктерін қойдық. Ол расында, мешіттің керек-жарағы мен қайырымдылыққа жұмсалады. Біз оларды Шиелі аудандық орталық мешітінің қайырымдылық жәшігі деп қойған болатынбыз. Мешіттерде ашылатын садақа жәшіктері тікелей комиссия мүшесімен ашылып, қайта жабылады. Және одан шыққан қаражатты біз акт толтырып, арнайы қол қойылып барып қана аламыз. Көшеде яки базар маңайында қолдарына жәшік ұстап, мына кісіге ақша берсеңіздер деп жүрген азаматтардың бізге қатысы жоқ. Және де оның қаражаты қайда баратыны да бізге беймәлім.
Бұрын садақаға ақша салу үшін мешітке апарып немесе базар маңын торлап қандай мақсатпен жүргені белгісіз қайыршыларға қолда бар теңгені төгіп бере салатын едік. Енді бұл күнде кез келген дүкен, дәріханаларда садақа жәшігінің тұрғанына қуанамыз. Тек сол сауабы мол садақаға салынған ақша адал жолмен қайырымды адамдардың арқасында көмекке шын мұқтаж жандардың қолына жетсе екен деген тілек жүректің төрінде, – деді Б.Ұлжаев.
Айта кеткен жөн, 2019 жылы аудандық ардагерлер кеңесінің қолдауымен орталық мешіт жанынан асхана соғуды жоспарлаған болатын. Және сол жылы асхана құрылысының іргесі қаланған еді. Бас имамның мәліметінше, жамағаттың берген садақасының арқасында асхананың кірпіші толықтай өріліп біткен. Енді алдағы уақытта асхананың шатырын жабу жос­парда бар.

Сұлушаш МАДИЯРОВА

06 қазан 2020 ж. 1 536 0