10 ТЕҢГЕҢІЗ 10 ОТБАСЫНА ЖЕТЕДІ
Жұмыстан шыққан соң, «үйдегі кісінің» тапсырмасымен жиырма төрт сағат ашық тұратын «Арзан» маркетіне бас сұқтық.
Аталған сауда нүктесіне келген сайын көзіміз кассада тұратын аудандық орталық мешіттің қайырымдылық жәшігіне көзіміз түсетін. Қанша жиі келсек те осы жәшікке тиын салып жатқан жанды көп көзіміз шала бермейді. Құрқұлтайдың ұясындай ғана бұл жәшікке «Қандай ақша жиналады? Бұл жәшікке жиналған қаражат қайда жұмсалады? Кейде кішкене жәшікке жиылған ақша, онда да тиындар неге жетеді?» - деген сұрақтар санамды сүзіп шығатын. Соңында, осы сұрақтарды анықтау үшін бел буып, бағытымызды аудандық орталық мешітке бұрдық.
Орталық мешітке бас сұқпағалы біраз уақыт болған екен. Орын алған өзгерістер де біршама. Біліп, естуімізше мұндағы өзекті мәселелердің бірі дәретхана болатын. Ал, тағы бірі жұма және діни мереке күндері жиылған жамағат мешіттің ішіне сыймай, намазын аулада оқитын. Мұның бәрі жаңбыр мен қарлы боран күндері жамағатқа қиындық тудыратын. Осы мәселелердің шешілгенін көріп, көңіліміз толып, жанымыз жай тапқандай қуандық. Жаңа дәретхана, ал, мешіт жертөлесінен екі болмелі намазхана ашылған. Барлығы күрделі жөндеуден өтіп, жарық пен дыбыс күшейткіштер орнатылған.
Мешіт әдебі бойынша оң аяқтан бастап, ішке ендік. Жаңа жайнамаз төселгені білініп тұр. Түсі де көз тартар көгілдір түс екен. Екінші қабатта сабақ жүріп жатыр. Білім іздегендер он күн тегін араб әріпін үйренеді. Білімін жетілдіреді. Алыс ауылдан келген болса, мешітте жатып та оқи алады екен.
Көргенін күліп қарсы алатын ауданның бас имамы Рахат Ахметов бізге де құшақ ашты. Жәшіктер туралы сұрадық. Бұл жәшік тек «Арзан» сауда нүктесінде ғана емес екен, тұрғындардың көп шоғырланатын жерінің көпшілігінде кездестіре алады екенбіз.
Біз барған күні сол жәшіктердегі жиылған ақшалар алыныпты. Жиылған қаражатқа мешіт қызметкерлері қайырымдылық шарасын ұйымдастырмақшы екен. Ал, ол қаражаттың мөлшерін естігенде таңдаңғалдық. «Теңіз - тамшыдан құралады» дегендей тиыннан жиналған ақшаның мөлшері төрт жүз мыңға жетіпті. Иә, аз ақша емес. Ертең 15 отбасын қуантқалы отыр екен. Тұрмысы төмен отбасылардың қажетіне қарай әртүрлі дүниелер алынған. Дәрі-дәрмек, азық-түлік, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нің өмірбаянын баяндайтын кітаптар, бес тонна көмір, бір сиыр алыныпты. Бас имам бізді де сол қуанышты сәтке куә болуымызға шақырды.
Жақсы істің қасында жаның жадырай түседі ғой шіркін! Келесі күні күн найза бойы көтерілгеннен соң, келіскеніміздей көлікке жүк тиедік. Азық-түлік, сойылған сиырдың еті, қапталған көмірді артып, діттеген үйлерге бардық. Айға жететін азығын беріп, қуанышын көрдік. Батасын алып, шынайы көңіліміз көтерілді.
Жолай Рахат Төреханұлы қайырымдылық туралы көптеген дүниелер айтты. Оның айтуынша, хадистердің бірінде Алланың разылығы үшін берілген садақа 70 түрлі бәледен сақтайды екен. Және осы тұста діни оқиғаларды да тілге тиек етті.
Қанша ақша жиналатынын білдік, қайда жұмсалатынынан да хабардар болдық. Садақа не үшін берілетіні туралы естідік. Қайтып, әдеттегідей «Арзан» дүкеніне соқтық. Қайырымдылық жәшігіне қарап тұрған біз, 10 теңгемізге мұқтаж жандар бар екенін түсіндік. Ақша ғұрлым көрмейтін 10 теңгемізден 10 отбасына жететін қаражат жиналатынын біліп, әмиянымызды алып, тиындарымызды жәшікке салып кеттік.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.