Ерінбесең еңбекке, дәулет дайын
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы аясында тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек деп жария еткен болатын.
Ерінбесең еңбекке, дәулет дайын,
Ерінбесең еңбекке, дәулет дайын,
Жаратқан жоқ жатсын деп бір Құдайың.
Ойласын деп ой берді, көруге көз,
Аяқ берді, тапсын деп басқан сайын, – деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай жер бетіндегі бар адамзат еңбек мұратқа жеткізетінін осы өлең жолдарынан-ақ ұққан.
Еңбек – өмірдің тұтқасы, тіршіліктің көзі. Еңбексіз өмір жоқ. Қоғамдағы байлықтың бәрі адам еңбегімен жасалатыны анық. Халқымыз осыны терең түйіп, ой топшылаған. «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек түбі – береке» мақалдары арқылы жайдарлы жеткіншіктерді еңбек сүйгіштікке баулып, сондай-ақ еріншектік, жалқаулық кісінің соры, жаман әдет екендігін жас буынға тәптіштеп отырған. Жастарға кәсіптің өрісін кеңейтуге жағдай елде оңтайлы жасалған. Мысалы, «Еңбегімен ер мүсінді» дегендей еңбек зор адамшылық қасиет, барлақ кісіні даңққа, мұратқа, бақытқа жеткізіп, бейімділігін арттырып, ер атандыратын да, әр адамның тұрмыс жағдайын жақсартатын да, ақыл-ойын байытып нұрландыратын да еңбек. Сондықтан «Еңбексіз күн өткізу – ерсілік» дейді дана халқымыз. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде кәсіпкерлік саласы өріс алғаны белгілі. Әсіресе, жастар жағына ден қойылуда.
Осындай бағдарлама арқылы өз кәсібін ашып, сүйікті ісін дөңгелетіп жүрген Талаптан ауылдық округінде іскер азаматтар жетерлік. Ауылда жүзге жуық кәсіпкер бар. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті мүлт жібермей ұтымды пайдаланып отырған ауылдың жас кәсіпкерінің бірі – Өлке Қожабеков. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бел жазбай, белсенді іске кірісуінің арқасында пластик терезе бұйымдарын шығаратын шағын цех ашып, өз тірлігін жандандырып отыр. Қажетті материалды аудан орталығынан алдырады. Жас кәсіпкер 2018 жылы нәтижелі жұмыспен қамту аясында мемлекеттен бір миллион теңге қаржы ұтып, пластикалық бұйымға қажетті құрал-жабдықтарды алып келіп, осы істі табандылықпен игеріп кәсіптің шарапатын көріп жатыр. «Кәсіптің нәсібі бар» демекші, кент пен шалғай ауылдан көптеп тапсырыс түсуде. Бүгінде Ө.Қожабеков ауылдың 4 азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Нәтижесі жаман емес дейді. Бір күннің өзінде он терезеге дейін жасап шығаруға болатынын тілге тиек етті. Осындай түрлі салада өз орнын қалыптастырған жандар ауылдың бірлігін бекемдеп, тірлігін татулыққа үндейді.
Шапағат ТІЛЕУБАЕВ