Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАСАУ – БАҚЫТТЫҢ БАСТАУЫ ЕМЕС

ЖАСАУ – БАҚЫТТЫҢ БАСТАУЫ ЕМЕС

Ежелден бүгінге дейін жоғалмай жеткен дәстүрлі жоралғылардың бірі – ұзатылған қызға жасау беру. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген екен қазақ. Бірақ бір ғажабы, соңғы кезде бұл үрдіс салт-дәстүр жалғастығынан гөрі өзара бәсекелестікке айналып кеткендей. Осындайды көргенде бұл өзі салт па әлде байлықты паш ету көрінісі ме деген ойға қаласың…
Иә, рас, қыз жасауындай көздің жауын алатын не бар дейсіз ғой. Барған жері алдымен келіннің жасауы қандай екен деген сұрақ қоятыны бар. «Дүниесін дұрыстап әкелмепті» немесе «Соңынан келгені екі-ақ көрпе екен» деген сияқты орынсыз сын жаңадан отау құрып жатқан екі жастың арасына сызат түсіріп жатады. Қандай жағдай болса да жас отаудың түтінін түзу түтетіп, жайлы отбасын құруға жәрдемдесу – ортақ іс. Бәрінен де бар жиған-тергенін сарп етіп, ол болмаса несие алып, қарызданып жататын ата-ананы айтсаңызшы. «Жеті жастан жисаң артылады, сегіз жастан жисаң жетеді» дейтін қазақы тәмсілдің бекерден-бекер айтылмағанын осындайда ұғасың.
Қыздың жасауы анасының міндеті дегенді жиі естиміз. Осы тұста өткен жылы ғана үлкен қызына жасау алып барған Шолпан есімді аудан тұрғынының ойын білдік. Ол қызы жеті жастан асқан сәттен бастап жасауын жинай бастаған. Ыдыс-аяқ, көрпе-жастық дегеннің бәрін ертерек алып, ырымдап қойған. Көрпенің тысын кестемен көмкеріп, қаншама еңбектенгенімді айтсаңызшы дейді қызын құтты орнына қондырған ана.
– Ырымдап қою деген жақсы үрдіс бар. Ойлағанымдай қызым жоғары білім алған соң тұрмысқа шықты. Бір өкініштісі, жеті жасынан бастап жиғанымның көбі жарамай қалды. Қызым ескі «мода», қазір мынадай ыдыс-аяқты ешкім апармайды деп менсінбеді. Жаңалауға тура келді. Қыз жасауын дайындауға 2 миллион теңге қаражат жұмсадық. Бұл қыз ұзату тойынан басқа. Әрине, өкінбеймін ең бастысы, балалар бақытты болсын, – дейді Шолпан ағынан жарылып.
«Қолыңнан келсе, қонышынан бас» деген қазақ. Шолпан кент орталығындағы ірі мекеменің бірінде лауазымды қызметкер болып жұмыс істейді. Жалғыз қызы үшін барын аямайтыны да белгілі. Ал қаражаты аз ауыл тұрғындары қайтпек? Міне, осыдан кейін кедей мен бай мәселесі туындап, өзара тұрмыстық теңсіздік туралы тақырыптың белең алатыны бар.
Қазір пандемияға байланысты елде ұлан-асыр той жасауға уақытша тыйым салынды. Бірақ қызын ұзатып, ұлы шаңырақ көтерген қуанышын ретін тауып ет жақындардың арасында атап өтіп жатыр жұрт. Көпшілік бірнеше айдан бері тойханада 500-600 адамға ұлан-асыр той жасамай-ақ, өз шаңырағында әдемі кеш ұйымдастырып-ақ, елдің батасын алуға болатынын ұғынғандай. Алыстағы тамыр-таныс та тойыңа шақырмадың деп ренжімейтін болған, екі жасқа бақыт тілесіп қана қояды. Нәтижесінде тойхана шығынын жабу үшін миллиондаған теңге несие алмайды, тойдағы қойылым жасаушылар мен әнші-бишіге кететін шығын, жастар серуеніне жалдайтын қымбат көліктің қаржысы да қалтада қалады. Әрине, бір күндік көңіл көтеру үшін қаншама ысырап жасап, қарызға батпаған той иелерінің де көңілі орнында.
Дегенмен қызын қияға қондырғалы отырған ата-ананың жасау беруде «жарысқа» түсуіне тосқауыл болмай тұр әлі де. Осы дәстүрге байланысты «бар адам берсін, жоқ адам шамасына қарай көрсін» дейді бір қауым. Сөйтетіні сөйтеді-ау, бірақ «ұят болады», «ел күледі» деген пыш-пыш әңгімеден қорқу мен «артынан бір көрпе де келмеді» деп күсталануды қайда қоямыз?
Негізі, ысырапшылдық пен тәкаппарлық – Алла сүймейтін іс. Біздің ұққанымыз, жасау – бақыттың бастауы емес. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
06 қазан 2020 ж. 1 296 0