Дәрігерлер еңбегі – ерлік

Ол алғашқы еңбек жолын 1998 жылы Тартоғай ауылында тіс дәрігері болып бастаған. Бұдан кейін фельдшер, аға мейіргер, жалпы тәжірибелі дәрігер-субординатор сынды сан салалы қызмет сатысынан өткен. Көпшіліктің көңілін тауып, індеттің бетін қайтару жолында тартоғайлық дәрігерлер медициналық қана емес, психологиялық та көмек көрсеткен. Ауыл тұрғындарын сақтық шараларын сақтауға шақырып, карантин ережесіне бағынуды да насихаттаған.
Науқастардың саны артып, медицина қызметкерлеріне салмақ түскен сәтте Тартоғай ауылдық емханасына тиесілі жедел жәрдем көлігінің істен шыққаны дүйім жұртқа белгілі. Алайда жұртшылыққа жедел көмек керек болған жағдайда дәрігерлер қол қусырып отырмай, велосипедпен емделушінің үйіне жетуге тырысқан. Қазір бұл мәселе өз шешімін тауып, алдағы бір апта көлемінде Тартоғай емханасына жаңа жедел жәрдем көлігі табыс етілмек. Бұл түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға «KazPetroleum» компаниясы мұрындық болған. Аталған компания жаңалықтардан мән-жайды білген соң сонда қызмет ететін ауыл тұрғындарынан ақпараттың рас-өтірігін анықтаған. Ақиқаты айтылған соң демеушілік жасап, тартоғайлық дәрігерлерге қолдау білдірген. Тек бұл ғана емес, сонымен бірге медициналық құрал-жабдықтарды да ауылға жеткізіп беруге ықпал еткен.
Елді есеңгіретіп, белгілі қайраткерлер мен жарық жұлдыздарды да жалмаған дерттің қазір беті қайтса да босаңсуға болмайтынын аға дәрігер де айтып отыр. Себебі жуырда ғана Тартоғай ауылында екі адамнан індет табылған. Тіркелген екі жағдайы симптомсыз. Екеуі де қазір қатаң бақылауда, оның бірі облыстағы дәрігерлердің қарауында болса, екіншісі үй карантинінде жатыр. Олармен байланыс орнатқан тұрғындар да бақылауға алынып, арнайы анализ тапсырып, қорытындысын күтуде.
– «Бірінші байлық – денсаулық» демекші денсаулықтың маңызы зор. Сондықтан сақтық шараларын әлі де сақтау керек. Тазалыққа, гигиенаға мән берген абзал. Пандемия кезінде қарапайым тұрғындардың көбі өздігінше емге кіріскені белгілі. Мұндай жағдайда олай етуге болмайды, ең алдымен дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Осы орайда мен «Мөлдір и К» дәріханасының басшысы Нұрлан Мырзабековке және қойма меңгерушісі Ғалия Мырзабековаға өз алғысымды білдіргім келеді. Өйткені, аталған дәріхананың ауылдағы филиалында дәрілер қоры жеткілікті болды. Қандай дәріні сұрасақ та дәріхана иесінің қолдауымен дер кезінде жеткізіліп отырды, – дейді білікті маман.
«Дәрігердің жақсысы дертіне дерт қоспағаны» дейді дана халық. Бұл тұста тартоғайлық ақ желеңділер көптің көңілінен шыға білді десек болады. Өйткені, олар елді ушықтырмай, ең алдымен саяси ахуалды тұрақтандыруға тырысты. Содан кейін басы ауырып, балтыры сыздағандарға көмек қолын созды. Ендеше бірлігі мен берекесі жарасқан ұжымға біз де сәттілік пен денсаулық тілейміз.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА