Дерт дендегенде дем берген

Осындай риясыз көңіл мен алғаусыз ақ тілекке ие қызметкерлерінің қатарында Керделі ауылдық округінің медицина мамандары да бар. Себебі нартайлық ақ халаттылар да өзге әріптестері секілді ауру алқымынан алып, дерт дендеген ауыл тұрғындарын аяққа тұрғызу үшін барын салды. Сырт көзге қарағанда дәрігердің ине салып, ем-дом жасауы оңай шаруа көрінуі мүмкін. Алайда науқас дәрігердің еміне ғана емес, сөзіне де, мейіріміне де мұқтаж болады. Сол себепті ақ халат киіп, ант қабылдаған әр маман бір мезетте науқастың психологы да, туысы да, сырласы мен мұңдасы да бола білу керек. Ал мұндай қабілет кімнің болса да қолынан келе бермейді. Осындай сындарлы шақтан Нартай ауылдық амбулаториясының қызметкерлері сүрінбей өткен сыңайлы. Мұны ауыл тұрғыны Ержан Әбдешовтің сөзінен аңғара аламыз. «Маусым айының 15-і күні өліара уақытта мазаның қашып, тамаққа тәбеттің тартпауынан еңсем көтерілмей, жастықтан бас алмай жатып қалдым» деп бастады әңгімесін жас жігіт.

– Тәңірдің таңы атысымен жедел-жәрдем шақырдым. Ауылымыздың бас дәрігері Нұргүл Жантөреқызы 10 минутқа жетер-жетпес уақытта жетіп келді. Бір укол салып, қажетті дәрілердің тізімін ақ қағазға жазып, мөрін басып берді. Барлық ем-домды ауылдың амбулаториясында қабылдап жүрдім. Күніне екі рет укол-система қабылдап жүрсем де, дене қызуым 38,5-тен түспеді. Осы арада 5 күн өтіп, төртінші рет жедел жәрдем шақырғанда аудандық провизорлық стационарға алып кетті. Үйде бес күн дене қызуым көтеріліп, бес күн нәр татпағанмын. Дәрігер келіп, жағдайды сұрап, қажетті ем-домды беріп жатты. Араға үш күн салып мейірбикем ауысты. Дәрігер есімі Ақниет деп таныстырғаны сол еді, ол мейірбике «Ержанды танимын ғой» деді. Бірақ мен оны тани алмадым. Себебі бір реттік комбинезон киген, бетін түгелдей бетпердемен бүркеген, көзінде көзілдірік, қолында да медициналық қолғап бар екен. Аудандық ауруханаға келгеннен кейін екі күнде басымды көтердім. Тамаққа тәбет тартып, көңілім қалпына түсіп, дел-сал күйден арылдым. Осы орайда барлық медицина қызметкерлері, ауылдың бас дәрігері Нұргүл Бердібаеваға, аудандық аурухананың дәрігері Ақниет Өскенбаеваға, ауылдағы емхананың қызметкері Назарбек Досболовқа және аты аталмаған басқа да ақ желеңділерге алғысымды білдіремін, – дейді Е.Әбдешов.
Көптің көңілінен шығып, ризашылығына бөленген Нартай ауылдық амбулаториясында 9 қызметкер жұмыс істейді. Нұргүл Бердібаева бастаған емхана қызметкерлері білімді де, білікті әрі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп қызмет етіп келеді. «Жай күндері 4-5 емделуші есігімізді қағатын еді, ал пандемия кезінде күніне 15-20 шақты қоңырау түсетін. Амбулаторияға келіп емделгендерден бөлек, үйде отырып, укол салдырғандар, дәрі қабылдағандар жетерлік болды. Ауруханаға жатпаймыз дегендерге нұсқаулық беріп, үйден емделуге жібердік. Ал халі мүшкілдерді аудандық ауруханаға жатқыздық» дейді аға дәрігер.
Халықтың сенімінен шығуды мақсат еткен Н.Жантөреқызы осыдан 7 жыл бұрын дәрігерлік қызметіне кіріскен. Алғашқы еңбек жолын Төңкеріс ауылдық амбулаториясында бастаған. Ал Нартай ауылына аға дәрігер болып биылғы жылы тағайындалған. Керделі ауылдық округіне аға дәрігер ретінде келгеніне көп болмаса да жалын-жігерімен, бар ынты-шынтысымен ауыл тұрғындарының дертімен қоса көңілін де емдеуде. Қиын-қыстау кезде өзге де ақ халаттылар дертті жеңуде септігін тигізгені хақ. Нартай ауылдық амбулаториясында зыр жүгіріп, қызмет еткен әр мейірбикенің еңбегі ұшан-теңіз.
«Денсаулық – бірінші байлық», «Дені саудың жаны сау» деген сөз барлығымызға белгілі. Алайда соңғы күндері бұл тәмсілдің тереңіне үңілмей жүр едік, коронавирус пен пневмония дерті бұл олқылықтардың орнын толтырды. Жер жаһанның тұрғындары бір мезетте денсаулығына мән беріп, сақтық шараларын қолға ала бастады. Ең бастысы денсаулық сақшылары жұмысының жүгі ауыр екеніне көз жеткізіп, оларға шынайы алғысын жеткізді.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА