Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дертпен күрескен денсаулық сақшылары

Дертпен күрескен денсаулық сақшылары

Қай тарихта да, қандай соғыс, қандай зұлмат шайқаста да, тіпті терроршылар болған шақтарда да ақ халат киген жандарға, қызыл кресті бар жедел-жәрдем машиналарына оқ атпаған. Себебі дәрігерлер өмір үшін күрескен қаһармандар, өлімге араша түскен асыл жандар еді. Ал бұл майданда, Ұлы айқастың алғы шебінде жүрген Ш.Қодаманов ауылдық дәрігерлік амбулатория дәрігерлерінің еңбегі орасан.
Барша әлемді аяғынан тік тұрғызған коронавирус індеті тілсіз жаудай төңіректің бәрін шарпып өтті. Жас-кәрі деп бөлмеді. Бай-кедейге қарамады. Алаңсыз жатқан қазақты әбігерге салды. Әуелгіде көзге көрінбеді, көптің сенімін тудырмады. «Сақтықта қорлық жоқ» екенін енді ғана түсінгендейміз. Себебі қазақ қоғамының қаймағы іспетті апталдай азаматтарымызды тәж-тажал тырнағына ілді де кетті. Ет-жақынынан айырылып, дерт жанымыздағы жолдасымызға жабысқанда барып қауіп-қатерді ұққандай болдық. Бұл оқиға Ш.Қодаманов ауылының тұрғындарына таныс. Олар індетпен күрескен ауылдың нақ өзі. Ерте көктемде етек алған Covid-19 вирусының белгілері 51 адамнан анықталып, ауыл індеттің ошағына айналғанда ақ халаттылар алдыңғы шептен табылды. Антына адал ауылдың аға дәрігері Салтанат Сақтағанова жеке бас саулығын емес, ауыл халқын тәжді тажалдан арашалап қалу үшін барын салды. Олар үшін демалыс, сенбі, жексенбі деген ұғым жоқ еді. Күні-түні тұрғындардың саулығын, індеттің белгілерін анықтау және оның алдын-алу үшін жұмыс істеді. Оны ауыл тұрғыны Гүлжайна Әлімқұлованың сөзі қуаттай түсті.
– 5 сәуір күні болатын. Коронавирус індеті біздің ауылға да жетті. Сол күні 5 сәбиіме аяғым ауыр болатын. Қатты толғақ қысып, ауылдық амбулаторияға бардым. Жексенбі күні болса да барлық дәрігерлер сонда, қызу жұмыспен шапқылап жүр. Уақытым жетіп барған мені 37 жылдық тәжірибесі бар, білікті, акушер-гинеколог Тоғжан Құлпейісова босандырып алды. София есімді қызымды дүниеге аман-есен әкелу үшін алғашқы көмекті көрсеткен ауыл дәрігерлеріне алғысым шексіз, – деді.
Расында, дерт дендегенде өз ісіне адал, тәжірибелі дәрігерлердің барына көңіл қуанады. Олар бейбіт күннің қаһармандары. Салтанат Нұрболатқызы бастаған амбулаторияда 2 жалпы тәжірибелі дәрігер, 7 жалпы тәжірибелі медбике, 1 акушер, 1 химизатор, 1 ине шаншу аяжаны, 1 әлеуметтік қызметкер, 1 жүргізуші, 1 қарауыл, 1 тазалықшы ауызбіршілікпен жұмыс істейді. «Бұл індетті жеңіп шығу оңайға түспеді. Ауылдағы бір адам ауырған сайын жанымызды қоярға жер таппадық. Коронавирус індетімен 51 адам, пневмониямен 24 адам науқастанды. Бастапқыда сақтық шаралары толық орындалмағандықтан әп-сәтте аурудың ошағына айналып кеттік. Ақ халат киіп, ант беріп, адам жанына араша болу үшін барлық дәрігерлер күні-түні көз ілместен халықпен бірге болуға тырыстық. Аллаға шүкір, пандемияның бетін қайтардық. Бірақ әлі де қатаң сақтық керек» деп ағынан жарылды аға дәрігер.
Сертіне селкеу түсірмеген С.Сақтағанова 2018 жылдан бері Ш.Қодаманов ауылдық амбулаториясында аға дәрігер болып, ел үмітін ақтап келеді. Ауданда індет күшейген сәтте бес мобильді топ құрылып, сонда екінші топтың дәрігері болып аянбай еңбек етті. Жас та болса жалын-жігерімен, мейірім-шапағатымен науқастың дертімен қоса көңілін де емдейді. Жаңа отау, жаңа отбасы басын қатерге тігіп, науқастарын індеттен арашалауына кедергі болмады. Жолдасы – Сағынтай Рсаев ТОО «СТЭМП.Б.С» фирмасында жұмыс істейді. Қиын-қыстау сәтте ақ халатты жарына қолдау танытып, сенім білдіруі де дертті жеңуге септігін тигізгені хақ. Сонымен қатар 37 жылдық тәжірибесі бар Гүлнар Шадиева, 34 жыл өтілі бар Ақманат Үркімбаева мен Мінайым Пірімова, Ержан Жиембаев сынды денсаулық сақшыларының еңбегі ұшан-теңіз.
Қызылды-жасылды қызығы көңілден кетпес мынау жарық дүниеде адамның бірінші байлығы денсаулық екені даусыз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса болды осы бір денсаулық сақшыларының көмегіне мұқтаж болып, жанымызға сая іздеп жатамыз. Ал бүкіл әлем халқының үрейін алып, сан мыңдаған тағдырды жалмаған осынау алапат дерттен әлемді тазарту жолында, халқымыздың денсаулығын сақтау үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген барша ақ желеңді абзал жандарға біз де өз алғысымызды жеткіземіз. Дәрігерлер, сіздерге мың алғыс!

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
14 қыркүйек 2020 ж. 974 0