Бас дәрігер: Анасына ота жасалған сәби өмірге табиғи жолмен келді
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Астанадағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың дәрігерлері жүктіліктің 32-аптасында ота жасалғаннан кейін табиғи жолмен босанып, одан кейін тағы да ота жасалған келіншектің қазіргі денсаулық жағдайы туралы айтты.
1991 жылғы Гүлжан Маратжанқызы жүктіліктің 32-аптасында іші бұрап ауырып, өзін жайсыз сезінген. Дәрігерлер оның тоқішегі ұлғайып, 180 градусқа дейін бұралып қалғанын анықтап, шұғыл ота жасауға шешім қабылдаған. Себебі ішек те бауыр мен бүйрек сияқты маңызды мүше, ол дұрыс жұмыс істемесе адам өмір сүре алмайды.
«Гартман отасы жүкті әйелге алғаш рет жасалып отыр. Ота барысында оның тоқ ішегінің ені 10 сантиметр, жалпы диаметрі 40 сантиметр болып ұлғайып кеткенін және іріңдеп тұрғанын көрдік. Мұндай ішекпен келіншек осы уақытқа дейін қалайша аман-есен жүргеніне өзіміз таң қаламыз. Ішектің ұлғайып тұрған бөлігін алып тастадық. Мұндай жағдайда жасалған ота тарихы міндетті түрде медицина жөніндегі оқулыққа кіреді», - дейді №2 Қалалық көпбейінді аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Ли Иван.Ота сәтті аяқталып қана қоймай, арада бес күн өткен соң Гүлжанның толғағы басталып, табиғи жолмен босанған. Келіншектің ішектері бір-біріне жабысып қалғандықтан, нәрестесін өмірге алып келгеннен кейін кезекті ота жасалған.
«Нәрестеге тыныс алу жолдарының бұзылушылығы синдромы диагнозы қойылды. Оны неонатологтар мен сирек кездесетін сала мамандары қарады. Қазіргі уақытта стандартты күтім қабылдап, жасанды жолмен қоректеніп жатыр», - дейді бас дәрігер.Сондай-ақ, медицина ғылымдарының докторы Ли Иван алты айдан кейін Гүлжанға тағы да ота жасалатынын айтты.
«Оның жағдайы жақсарғаннан кейін қалпына келтіру отасы жасалады, яғни ішектерін қайтадан бір-біріне жалғаймыз. Тағы бір айта кетерлігі, Гүлжан денсаулық жағдайын қалпына келтіргеннен кейін тағы да сәби көтеруге мүмкіндігі бар», - дейді ол.Гүлжан Маратжанқызы ота жасаған дәрігерлерге алғыс айтып, қазіргі денсаулық жағдайы қалай екенін айтты.
«Кішкентай кезімнен ішім ауыратын, яғни үлкен дәретке аптасына бір рет қана баратынмын және бұл мен үшін қалыпты жағдай еді. Жүктілік кезінде дәрігерге ешқандай шағым айтқан жоқпын. Мүмкін ертерек айтқанда мұның алдын алушы ма еді. Менің өмірім үшін күресіп, ота жасаған дәрігерлерге алғыс айтам. Тұңғышымыздың атын Айсана деп атадық», - дейді ол.Бұған дейін 95% адам өлімімен аяқталатын отадан аман қалған ана мен бала туралы жазған болатынбыз. Қыркүйек айында Астана қаласының №2 көпбейінді қалалық ауруханасының акушерлік бөліміне жүкті әйел ауыр жүрек сырқатымен түскен. Дәрігерлер шұғыл түрде ота жасап, ана мен баланың өмірін сақтап қалған.