Өзімнен туған ұл мен қыз, сыйламаса сол қайғы...

Сол кезде небәрі бір жұмадай уақыт көрген жаман түстей өте шыға келгеніне әлі де сене алар емес. Сап-сау отырған қарт анасы бір сәтте қызуы көтеріліп, ентіге бастады. Коронавирус деген бәлекеттің елді шыр айналдырып жатқан тұсы болатын. Батырбектің өзі де бұған дейін бірнеше күн ауырып, әрең дегенде аяғынан тұрған. Уақыт оздырмай анасын дереу ауруханаға апарып жатқызғанында оншақты күннен соң сап-сау күйінде үйге алып кетемін деген еді-ау. Жаратқанның да мына кең дүниеде адамдарға дем жеткізбей қинап қойғанын қарасайшы. Коронавирус деген пәле қайдан шықты өзі? Дамыған медицина қайда? Неге адамдарды аман алып қалмайды? Елдің бәрі әншейінде дәріханаларда толып тұратын дәрінің бірін де таппай сандалып әлек. Бірақ бұл қайтсе де анасын ажалдан арашалап алмақ. Ол үшін еш аянбады. Тіпті көптің қолы жетпеген оттегі аппаратын да таныстарын ортаға салып Алматыдан жалға алып келді. Алайда анасына соңғы демі аурухана керуетінде үзілу бұйырыпты. Өкінді, жылады... Шешесін аман алып қала алмаған шарасыздығы үшін өзін жегідей жеді. Ең өкініштісі, анасын тірісінде соңғы рет қашан құшақтап, қашан «Сізді жақсы көремін, мама!» деп айтқаны есінде жоқ. Мүлде айтпаған да болар. Әкесі ес білмейтін бала күнінде дүниеден озған. Тым болмағанда анасына бар мейірімін төгіп, разылығын алып қалуға болар еді ғой. Анасын жәудіретіп жекіген сәттер, уайымға салып таң атқанша достарымен қыдырып, сылқия тойып келген кездер, үнемі үйде жалғыз тастап кететін уақыттар көз алдынан зулап өте берді... Байқаса шешесі үнемі «Е, Аллам мені балама масыл қылмай ертерек панаңа ала көрші» деп тілеп отырады екен. Жетіскеннен емес, перзентіне өзін керексіз сезінгеннен айтқанын Батырбектің тас жүрегі енді ғана ұққандай. Бірақ енді кеш, тым кеш.
Иә, қазақ халқында аса маңызды саналатын құндылықтардың бағасы төмендеп барады. Әйтпегенде, қоқыста керексіз, шырылдап шарана, ұл-қызына жәутеңдеп, өзін керексіз сезінген қазыналы қарттар болмас еді-ау!..
«Өзімнен туған ұл мен қыз, сыйламаса сол қайғы» деп тебіренген Төле би бабамыз бүгінгі заманның ащы запыранын бір-ақ ауыз сөзбен болжай алған екен.
Қазақ «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген емес пе? Расында бала-шағасының тілеуін тілеп отыратын қазыналы қарттар аман-есен болып, қара шаңырақтың шырайлы шуағы, сөнбес сәулесіне айналып отырса бақыт емей немене. Алайда барлық бала ата-анасы қартайып, әл-қуаты кемігенде олардың қадірін біліп, қастерлеп, алақанына салып, аялап отырмайтыны өкінішті.
Жалғанда біреуге керексіз болып қалудан асқан еш қасірет жоқ шығар. Әсіресе, туған балаң өзегіңнен тепсе. Күні кеше жүрегіңмен жалғасқан жан балаң, өсіп-өнгеннен кейін, «керегің жоқ» деп «керексіз» жанға баласа. Қазақ мұндайда, «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» демей ме?
Осындайда Мөңке бидің айтқаны ойға еріксіз оралатыны бар.
«…Ішегіне шынашақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген қызың болады…»
Бәлкім, ата-бабадан мұра болған ұлттық тәрбиеге селкеу түсіп жатқандығын, өскелең ұрпақтың Еуропа мәдениетіне еліктегіш болып жатқандығымен байланыстыруға болар ма, кім білсін?! Бір ауыз сөз үшін ежірейіп шыға келетін, бәрін білетіндей бедірейіп жүретін, кінәсін білмей кекірейіп жүретін ұл мен қыз, келін мен күйеу бала, бір сөзбен айтқанда, бүгінгі ұрпақ адами құндылықтардың бағасын біле алмай жүрген сияқты. Осыны ғасырлар бұрын дөп басып айтқан бұрынғының абыздары-ай, шіркін?! Өкініштісі, «Әркімге өз ата-анасы – әулие» дегенді бүгінгі ұрпақтың көпшілігі жете түсіне алмай келеді.
Жасырары жоқ, қазіргі таңда біреуге жақсылық жасасаң да оның астарынан кір іздейтіндер көбейді. Қонақ шақырсаң – астамшылдық, қайырымдылық жасасаң, «Осыған не бар, өз жағдайын түзеп алмай ма?» деген керітартпа пікір, біреуге сыйлық жасасаңыз, «дарақы» дегенді естуіңіз ғажап емес. Құндылықтар өзгерді, адам пиғылы да басқа.
Біз бұл мақалада Батырбектің өкініші арқылы оқырманға ой салғымыз келді. Коронавирус деген пәлекет қаншама жанды жалмап, қаншама отбасы қара жамылып қалды. Алда тағы да дерттің күшеюі мүмкін екені айтылып, дабыл қағылып жатыр. Әрнәрсенің бір қайыры бар демей ме? Бұл дерттің дендеуі адамдардың арасында өшуге сәл-ақ қалған қамқорлық, жанашырлық, бауырмалдық сезімдерін қайта жаққандай болды ма, қалай өзі? Бастысы, көңілді кірбің ойлардан тазалап, жүректі мейірімге толтыруды ойлауымыз керек. Індет елге кіріп, меңдеді. Жақындарымызға абай болайық. Ата-ана баладан, бала ата-анадан безбесінші.
Бес күндік жалғанда өкініштен өзегіміз өртеніп қалмас үшін жақынымызды бағалайық.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ