Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадірле ата-анаңды тірісінде

Қадірле ата-анаңды тірісінде

«Қадам бастың қуандым. Былдырлаған бал тілің жанға майдай жағатын. Түсініксіз тіліңді тек мен ғана ұғамын. Бір жаңалық ашқандай әр сөзіңді әкеңе аудармалап тұрамын. «Әке» деді. «Апа» деді. О, не деген құдірет?! Кіп-кішкентай шақалақ үйімізге осыншама құт-береке әкелер деп ойлаппыз ба? Көзді ашып-жұмғанша 3 жыл өтіп, тұлымды ұлға айналдың. Беймезгіл келген ажал болмаса, айрандай ұйып отырған едік. Жол апатынан әкең де кетті. Сүйенерім жоқ, тіреуім бар. Қайғы мүжіген жанымды қайраттандырған сен едің. Иә, ұлым бар деп жұбандым. Жалғызым үшін жанымды шүберекке түйіп, байдың кірін жуып, еденін сүрттім. Ешкімге алақан жаймаған едім. Адал ас ішіп өскен сенің бойыңа арамдық жоламағанын қаладым. Қара жұмыстан қажыған анаңның жай-күйін жақсы ұғатын едің ғой, есіңде ме? «Қызың да мен, ұлың да мен. Үйді өзім тазалап, тамақты да жасаймын. Сабағымды оқимын. Сәл шыдаңызшы, жұмыс істеп, сіздің қолыңызды жылы суға малып қоямын» дегенің. Міне, ержеттің, ес кірді. Ертеңін ойлар ер азамат болдың. Оқуда озат, жұмыста жауапты маманға айналдың. Терезеге телміріп, сені күткен анаңның жалғызсырағанын қаламай келін әкелдің. Қолым ұзарып, көңіліме медет тұтар қызым бар енді деп қуандым. «Апа» десе қуаныштан төбем көкке екі елі жетпейтін. Бірақ бойдан қуат кетіп, масыл болған қарт адамды күтіп баптау да оңай емес. Шаршаған шығар, жарығым. Саған ұл мен қызды сыйлаған жарыңды да, өзіңді де қатты сағындым, ұлым. Немерелерімнің иісін құмарым қанғанша бір иіскесем ендігі арманым да болмас еді. Алайда сенің де жұмысың жеңіл емес, уақытың да жоқ болар. Құдайдан күнде сендердің амандықтарыңды тілеймін. Сенің бір келеріңді білемін, балам. Сені күтіп отырмын. Талқаным таусылар сәт таяған сыңайлы. Қош бол, балам». Анаң.
Хат бетіндегі сияға тамған тамшы жазуды көк теңізге айналдырғандай. Тамып жатыр, тамып жатыр. Анасының мұздай алақанына қолы тиген сәтте жүрегі діріл қақты. Тым кеш. Үлгермеді. Мен келдім, анашым. Бұл сөзді сан мәрте қайталағанымен қуанып қарсы алған ана жоқ. Сұлу әйел, жайлы үй, лауазым, байлық бәрі басын айналдырып тастағандай. Бір кездері сол үшін бейнет кешкен ананың барын ұмыттырып жіберді. Бос мақтанға салған дос-жаранның ортасы да, зәулім сарай да көңілінің түкпірінде жатқан бала махаббатының шығуына кедергі бола алмады. Тек уақыт шіркін өзінікін алды. Осы сәтте алай-дүлей бір сезім Азаматтың ішін тырналап жатты. Аузын ашса, ішінде қайнап жатқан өкініштің запыраны атқылағалы тұрғандай. Аузын қатты басқан күйі тұншығып жылай берді. Екі сағат жанарындағы жасына ерік бергенімен өзегі күйген жалғыз ұлдың жанашыры оянбады. Содан бері Азаматта «Мені анам күтіп тұр» деп ауыл ішін кезіп жүруді әдетке айналдырды. Өзекке түскен өкініш құрты өлместің күнін кештіреді екен-ау...
Қолда барда алтынның қадірі жоқ. Уақыт та адамға бағынбайды. Тағдыр дейміз бе? Тағдырды да өзіміз амалдаймыз. Кімге кінә артамыз? Әйелі жаман деп ысыра салатын әдетке салсақ қайтеді? Анаға құрмет баладан. Құрсақтан шыққан ұлдың мейір махаббаты асып-тасып тұрса, әйел де, немере де «апалап» отырмаушы ма еді қасында. Қартайғанда төрт қабырғаға қамалып, терезеден жолға қарап телмірген қаншама ата-әже қарттар үйін паналау­­да. Тірісінде қадірін белмей, өлген соң қабірін құшақтап жылағаннан сақтасын деуші еді ғой дана қазақ. Сақтасын!

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
02 қыркүйек 2020 ж. 885 0