Құрыш қолды құрылысшы
Өзі өмірден өтсе де, көңілден кетпейтін, көпшілік ойынан шықпайтын аяулы азаматтар болады. Олар бірақ көп емес, бірең-саран, саусақпен санарлықтай. Тіршілікте бірін бағалап жатсақ, екіншісін көзге де ілмей, оның кім екенін білмей, аядай Шиелі кентінде тұрып жатырмыз. Ән айтылса, өлең жатталса, кітап оқылса белгілі болып, халық құлағына жетеді. Небір ағаларымыз еңбек майданында алғы шептен көрінгенімен, ол туралы біреу жазбаса, баспасөз бетінде жария болмаса, оны жұрт қайдан білсін?
Бүгінгі әңгіме кейіпкері «Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшысы», ауданға белгілі, танымал азамат, аудан құрылысына көп еңбегі сіңген майталман құрылысшы Тұрғанбай Әбілдаев болмақ. Тұрғанбай ағаны көрдік. Ол кісіні іздесеңіз, әрқашан құрылыс алаңынан, қайнап жатқан объектілердің басынан табар едіңіз. Оның адамгершілігі, тірлігінде халқы үшін, еліне жасаған жасампаз еңбегі, көзі тірісінде еленбей қалған жетістіктері кейін барып айтылып жатқандай. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп олардың өнегелі, үлгілі істері ұрпақтарына, соңғы жастарға еңбек сабағы болып қала берері сөзсіз.
Жақсыны жақсы деу – адамдығымыз. Көрнекті қазақ ақыны, дауылпаз жыршы Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп жырлады. Біз де жастарға сенуіміз керек. Үш жүз жыл бодандықта болған қазақ халіне Тәуелсіздік алып берген де сол жастар емес пе? Туған жерін көркейтуге жастайынан үлес қосып, алып құрылыстар салып, халықтың әлеуметтік тұрмыс ахуалының жақсаруына тұрғын үйлер соғып, аяғынан тік тұрған құрылысшының бірі осы Тұрғанбай Әбілдаев болған еді. Шиелі кентіндегі 24 және 18 пәтерлі тұрғын үй, Қарғалы ауылындағы 2 пәтерлі 10 үй құрылысы соның айғағы. Т.Әбілдаев 1944 жылы 20 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай ауданында дүниеге келген. 1960 жылы А.Пушкин атындағы №46 мектепті орыс тілінде бітіріп, отбасы жағдайына байланысты кенттегі құрылыс мекемесіне жұмысшы болып кіреді. 1964 жылы Шымкент қаласындағы политехникалық техникумды «техник-құрылысшы» мамандығы бойынша тәмамдап шығады. 1968-1980 жылдары Қызылорда сельстрой-1607 тресінің Шиелідегі құрылыс мекемесінде мастер, участке басшысы қызметін жасап, 1980-1986 жылдары осы №7 жылжымалы мехколоннаның бас инженері қызметін абыроймен атқарады. 1987-1992 жылдары аудандағы РАПО мекемесінде бас инженер, 1992-1995 жылдары аралығында мекеменің басшысы қызметтерін атқарып, өзінің адал, әділ бастық екенін көрсете біледі. Т.Әбілдаев жағымды мінез-құлқымен, жылы сөзімен, жоғары этикасымен, мәдениетімен жұмысшылар арасында зор беделге ие болады. Сол жылдары бірге қызметтес болған, пайдалануға берілетін құрылыс объектілерін мемлекеттік комиссия арқылы қабылдау кезінде жауапты ауданның бас архитекторы Қуандық Әлтаев ағамыз Тұрғанбай туралы «Ол өте мықты құрылысшы еді. Құрылыс болған соң жүздеген кемшілік орын алады. Қабылдаудың да заңдылықтары бар. Тұрғанбай білгіртұғын, сосын алғыр. Салған құрылысында барынша ақау жібермеуге тырысатын. Құрылыс деген өзі боқтау көп айтылатын жер ғой. Кейде бірнәрсеге келіспей, боқтасып қаламыз. Ол кешірімшіл болатын. Жұмысындағы кемшілігін айтсаң, бірден мойындайтын. Ешкіммен салғыласпайтын. Би болса, нағыз әділ бидің өзі еді. Өлсе де өтірік айтпайтын. Ойын өлшеп, пішіп барып жеткізетін. Оның салған құрылыстарын өткізгендегі келіскен сөзін «Дұрыс айтасыз» деген тым сирек айтатын сөзінен кейін барып ұғынатын, түсінетін едік. Қанша айқай болса да ашуланбайтын, сыпайы, сабырлы, салқын қанды жігіт болатын. Ол үлкенге іні, кішіге аға бола біліп, аудандағы құрылысшылардың барлығымен сыйластықта болды. Ақжарқын, аңқылдаған дос, кіршіксіз пейілі кең, қолы ашық замандасым болатын. Оның үстіне бізге сол кезеңде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан құрылысына жауапты Насреддин Байқуатов деген кісі басшылық жасады. Қызметте өте қатал, талапшыл еді. Айқайдың көкесі осы бастығымыздың кабинетінде өтетін. Боқтаудың да жеті атасын осында еститінбіз. Тұрғанбайдың ұстамдылығы сол, үндемей құтылатын. Өзіне ақылы сай жігіт еді ғой» деп еске алады. Қуандық ағамыздың мынадай сөзінен соң «Өзің өлсең өл, жолдасыңды жауға берме» дейтін мақал-мәтел ойға оралды.
Республикамыз егеменді ел болып жарияланып, құрылыс мекемесі уақытша тарауына байланысты 1995-2001 жылдары «Шиелі су құбыры коммуналдық мекемесінде» басшылық қызмет атқарды. 2001-2009 жылдары «Проект Дизайн құрылыс» ЖШС-ның директоры қызметін атқарып, құрылыста бірқатар жоба-сметалық құжат жасап, өз үлесін қосып келді. 2009 жылы құрметті зейнеткерлікке шығады. 1970-1990 жылдары аралығында аудан көлемінде құрыш қолды құрылысшы, құрылыс саласының ардагері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Омархан Кемелов ағамыз бастаған құрылысшылар легі өсіп шықты. №7 жылжымалы мехкалоннаны О.Кемелов басқарса, оны Тұрғанбай Әбілдаев жалғастырып, тізгінді жас маман Шәкірбек Кемелов жалғастырып алып кеткен. Осы жылдары аудан орталығының, ауылдардың сәнін келтірген алып құрылыс нысандары бой көтере бастады. Құрылысшы кадрлар тәрбиеленіп, көптеген жобаны іске асырады. Құрылыс мекемесінің ПТО бастығы Зайыр Әбілхайыров, инженерлер Төлеген Мырзалиев, Тұрсынбек Құлшаев, Аман Сандыбаевтар өз істерінің нағыз шеберлері болатын. Ал №7 ПМК-ның құрылысшы-жұмысшылары «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, тас қалаушы Көрікбай Жүністаев, сылақшы-бояушы Фаина Матушкина, тас қалаушы Әйтенбек Қыдырбековтер т.б. осы мекеменің атын шығаруға теңдессіз үлес қосқан еңбек майталмандары еді. Көзі тірі құрылысшыларды, олардың отбасыларын 9 тамыз құрылысшы күні мерекелерімен шын жүректен құттықтап, Алла тағала олардың қолдарына дерт бермесін деп тілейміз. Еңбек осылардікі. Олар ауданымыздың өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін, халықтың көңілін, тұрмыс жағдайын көтеретін құрылыс индустриясын дамытуда үлкен үлес қосты. Әр салған ғимаратта олардың қолтаңбасы қалды. Сонысымен құрылысшы да, оны тұтұнған ел де бақытты, бақыт құшағында десек болар. Зәулім, әдемі ғимараттар мен баспаналар соғып тұрғызған құрылысшылар қаншама тер төгеді, сондықтан қарапайым құрылысшылардың еңбегі қашанда мадақтауға, марапаттауға, құрметтеуге әбден лайық. Құрылысшылардың орны да төр, қақ төрде дегіміз келеді.
Т.Әбілдаев бас инженер, мекеме басшысы болып тұрғанда аудан көлемінде салынған күрделі құрылыстар да, тұрғын үйлер, әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық, ауыл шаруашылығы ғимараттарын салып, аудан халқының игілігіне берілді. Атап айтқанда, Шиелі кентіндегі «Ақ қайың» балалар бақшасы, №219 Ы.Алтынсарин атындағы 1196 орындық мектеп, Төлікөлдегі 50 орындық балалар бақшасы, тағы да басқа көптеген ғимарат құрылысын жүргізгенде басшылық жасап, олардың сапасы және мерзімді уақытта тапсырылуына назар аударып, тынбай еңбек етеді. Т.Әбілдаев туралы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы И.Посталовский «Тұрғанбай Әбілдаев орта техникалық оқу орнын бітіргенімен, жоғары білімді құрылысшылардан артық біледі және оны ол дәлелдеп жүр» деп оған тәнті болып, құрмет көрсететін болған. Оның зеректігі мен дәлдігіне, алғырлығы мен адалдығына жоғары бағасын берген. Ол күнделікті құрылыс объектілерінде болып, жіберілген кемшіліктерді тез арада қалпына келтіруге нұсқау беріп, оны қадағалайтын. Соның нәтижесінде елде пайдалануға берілген құрылыс нысандарын 45-50 жылдан бері жұрт пайдаланып келеді. Ол жұмыста талапшыл, шыншыл, көпшіл болды. Қызметкерлері мен жұмысшыларды бірдей көріп, олардың мәдени тұрмыстық жағдайларын да ұмытқан емес. Сондай-ақ Т.Әбілдаев қамқоршы әке, адал жар бола білді. Жұбайы Қадиша екеуі 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, 13 немере, 2 шөбере сүйіп, ұл-қыздарын түгелдей жоғары білімді азамат етті. Сонымен бірге ол зейнеткерлікке шыққан соң да үйде қарап отырмай, құрылыс салушылардан ақыл-кеңесін аяған жоқ. Тұрекең кенттегі орталық мешіт құрылысына қатысып, кіреберіс бас қақпаны салуға көмектесіп, алақанының ізін қалдырған. Сонымен қатар хас шебер құрылыс материалдар мен темір бетон бұйымдардың құрастыруына кеңесін беріп, тәлімгерлік жасап отыратын.
Иә, адам өмірі – өлшеулі. Ол Алланың қолында. Мәңгілік ештеңе көрмедік. Т.Әбілдаев ағамыз 76 жас ғұмыр кешіп, дүниеден озды. Еліне осыншама еңбек сіңірген құрылысшы ағамызды, қоғамшыл замандасымызды еске алғанымызды ешкім сөге қоймас. Құрылысшы Тұрекең артына өшпес із қалдырды. Ол әркез «Мынау – мен салған балабақша, анау – мен соққан мектеп, анау – мен тұрғызған үйлер» деп айтып жүрер еді. Әттең, кеше құрылысшылардың төл мерекесі күні Тұрғанбай Әбілдаевтың ағайын-туыстары оның қырық күндік асын беріп жатты. Оның ел дамуы жолындағы еселі еңбегі елеусіз қалған емес. Ол облыстың, ауданның «Құрмет» грамоталарына ие болса, аудан халқының алғысына бөленді, медальдармен де марапатталды. Ең бастысы оның омырауына таққан «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» атағының жөні бөлек. Өзі таңдаған мамандыққа саналы ғұмырын арнаған Тұрекең үшін ең ыстық, ең қымбат, ең жарасымды атақ осы болатын. Себебі, бұл оның көп жылғы қажырлы еңбегінің жемісін айғақтап тұрғандай.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚР Журналистер одағының мүшесі