Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсылық жасау – жүректің ісі

Жақсылық жасау – жүректің ісі

Ғұлама Жүсіп Баласағұн «Ізгілік қыл, ізгілік көп кісіде, әсерлі ғой ізгілердің ісі де» демей ме? Расында, жақсылыққа жаны құмар жандардың жүзінен жылулықты, көзінен қуанышты көруге болады. Олар жақсылық жасау арқылы жалғыз қалған жанға серік, шаршап-шалдыққанға тіреу, мүсәпірге көмек бола алады. Негізінен адам баласы дүниеге ізгі амалдар атқару үшін келеді екен. Ал біздің ғұмырымыз жақсылық жолындағы сапар болып табылады. Міне, елімізде жақсылықтың жолымен жүріп келе жатқандар аз емес. Біз қазір еріктілер деп атап жүрген қайырымды жандардың қатары жыл сайын артып келеді. Өзгеге жасаған жақсылықты көрген әр адам келесі күні дәл солай қайталауға тырысуда. Бұл әлемнің көлеңкелі тұстарын ғана емес, күнгей, жайма-шуақ жағын көруге мүмкіндік сыйлайды.
Жақсылыққа жаны құмар жандардың бірі – Зина Берканова. Ол 1969 жылы Сұлутөбе ауылында туған. Қарапайым отбасында дүниеге келген ол өмір соқпағында сан түрлі сынаққа кездескен жандарға қол ұшын созып келеді. «Оң қолым жасағанды сол қолым білмесін» деген қағиданы ұстанып, жария етпей жасаған жақсылықтары да жоқ емес. Ал ауқымды шараларының бірі сәуір айында басталған. Шағын ғана ауылда «Сұлутөбеден түлеп ұшқан түлектер» атты қайырымдылық шарасын өткізуді қолға алған. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі жерлестерін жинап, қайырымды іс жасауға шақырған. «Көп түкірсе көл» демекші ауылдың атымтай жомарт азаматтарының арқасында қомақты қаржы жинап, Сұлутөбе ауылындағы тұрмысы төмен 21 отбасыға азық-түлік тарапынан көмек көрсетеді.
Қазақстан ғана емес, дүниежүзі дүдәмәл халге түсіп, індетті ауыздықтай алмай жатқанда да, Зина Берканова игі ісін тоқтатқысы келмейді. Өзінің кәсібі тұралап қалса да, ауылдағы ағайынның ахуалына алаңдайды. Ақыры ойласа келе Сұлутөбе ауылынан шағын наубайхана ашады.
– Елімізде төтенше жағдай енгізілгенде барлығымыз қиналдық. Жұмыс тоқтап қалды, кіріс көзі болмады, ең қиыны көпбалалы отбасылар, тұрмысы төмен үйлерге ауыр тиді. Иә, менің де жұмысым тоқтады. Бірақ жақсылық жасауыма бұл кедергі болмады. Біздің ауыл нанды Қызылордадан алады. Мүмкін бұл басқалар үшін үйреншікті жағдай шығар. Бірақ карантин кезінде қалаға шығып, бір зат алу оңай емес. Сол себепті әрі ойланып, бері ойланып нан жабатын аппарат сатып алдым. Алғашында екі айда нанды өзім жаптым, кейін 2 қызға үйретіп, оларды жұмысқа алдым. Тек нан ғана емес, өзге де тәтті тоқаштарды пісірдік, – дейді қайырымды жан.
Нан жүрген жердің берекелі екені белгілі ғой. Ауылда таң азанмен шыққан ыстық нанның иісі тұрғындардың көңілін көтереді. Тіпті З.Беркановаға ақ тілегі мен ақ батасын жаудырған жандар да аз болмаған.
– Ата-әжелер жаңа піскен нанды жақсы алады. Барлығы батасын беріп кетеді. Әсіресе, кішкентай балалар нанның исі күшті шығып жатыр десе, төбем көкке жеткендей қуанамын. Ауылыма осылай септігім тисе де ризамын. Қазір қалып қойған қара шаңырақты заманауи үлгідегі балабақша қылдым. 40 бүлдіршінді тәрбиелеп жатырмыз. Алдағы уақытта Сұлутөбе ауылына мал бордақылау, тауық ұстау, егін егу жоспарда бар, – деп З.Берканова алдағы күнгі жоспарымен де бөлісті.
Бұл оның жасаған жалғыз жақсылығы емес. Бірнеше күн бұрын аудан кәсіпкерлері және жеке балабақша құрылтайшыларымен бірігіп құрбан шалып, ауруханаға жасанды тыныс алу аппаратын алып беруге үлес қосты.
– Қайырымдылық немесе жақсылық жасағанда өзімнің халыққа керек екенімді сезінемін. Қиын-қыстау кезде барлығының жанында табылатындай мүмкіндігім бар екеніне шүкір деймін. Әрі қайырымды іс жасасам балаша қуанамын. Сенесіз бе, кейбіреулер көзді жұмғанда тек қараңғылық көреді ғой, ал мен тек күн мен жарық әлемді байқаймын, – дейді жақсылыққа құмар жан ағынан ақтарылып.
Қазір Зина Берканова – кәсібін өрге домалатып отырған жан. Жолдасы Оразбен үш ұл тәрбиелеп отырған ана. Үш баласын батырға теңегендіктен балабақшасының атын «Үшбатыр» деп қойған екен. Анасының жылы жүзі мен өнегелі өсиетінің арқасында шығар балалары да болашақтың кірпішін бүгіннен бастап қалауда. Үлкен ұлы тіс дәрігері болып қызмет атқарса, екінші ұлы да келешекте ақ халатты абзал жанға айналмақ. Ал кенжесі мектеп табалдырығында білім алады.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда «Жақсылық жасау үшін қалтаң қаржыға толу керек» деген түсінік қалыптасқан. Алайда, адамдар жасаған тырнақтай жақсылықтар бұл тұжырымның жалған екенін жоққа шығаруда. Яғни біз жақсылық жасағымыз келсе, қаржыға қараудың қажеті жоқ. Тек жүрек нұры сөнбей, жақсылық жасауға шын ниетті болсақ жеткілікті.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
05 тамыз 2020 ж. 1 239 0