Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсылықтың жаршысы болуға асығайық

Жақсылықтың жаршысы болуға асығайық

Ғұлама Жүсіп Баласағұнның «Ізгілік қыл, ізгілік көп кісіде, әсерлі ғой ізгілердің ісі де» деген керемет сөзі бар. Иә, дүние дидарына шыр етіп келгеннен бастап өзгеге көмек қолын созу, жақсылық жасау арқылы кез келген жанның жүзіне күлкі сыйлай алатынымыз тағы бар. Қайырымдылықты қазақтың қанына сіңіп кеткен ең ізгі қасиет деуге де болады.
Сондай игі істің бір парасы Алғабас ауылында көрініс тапты. Тарқатып айтар болсақ, Алғабас ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері бір ғана жанға емес, бүтін бір отбасыға, яғни жалғыз басты әкеге қолдарынан келгенше көмек берді. Мәдениет қызметкерлері ерікті түрде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ұйымшылдықпен үйін, қора-қоңсын жылан жалағандай етіп тазалап, ауласындағы күл-қоқысты шығарды.
Иә, ата-ана – өмірде қос қанат секілді бір-бірін толықтырып, яғни бірі болмаса, екіншісімен ұша алмайтындай тылсым күшке ие жандар. Көпшілікке мәлім, асқар тау әкеден іскерлікті, сабырлықты алсақ, ақ жаулықты анадан биязылықты, сыйластықты, қамқорлықты үлгі етеміз. Дегенмен тағдырдың тәлкегіне ұшырап, ата-ананың бірі өмірден ерте озатын кездер де кездесіп жатады. Әдетте, сондай сынаққа ұшыраған жағдайда көтере алмай, перзентіне титімдей де көңіл бөлмей, тіпті жәутеңдетіп тастап кететін, болмаса ішімдікке салынатын жайттар да жетерлік. Ал Бағдат Абитаев болса, бар күш-жігерін жинап, балаларының қайтпас, қайсар тұлға болып ержетуі үшін барын салған мықты әке. Мәдениет қызметкерлері де өз кезегінде жетім-жесірді, сәбилерді жылатпаған Алаштың ұрпағы ретінде бұл тек бастамасы екенін тілге тиек етті. Алғабас ауылында бұндай игі шаралар алдағы уақытта жалғасын таба бермек.

Фариза КЕНЖЕШОВА
26 мамыр 2020 ж. 1 055 0