Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәулелі жүрек

Сәулелі жүрек

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылға «Еріктілер жылы» деп айдар тақты. Еріктілік – жалынды жастардың белсенділігін көрсетіп қана қоймай, көмекке зәру жандарға қол ұшын созып, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыны дамытып, әлемді жаңа қырынан тануға мүмкіндік беретін бірден-бір игі шара. Осындай шарапаты мол бастаманың басы-қасында жүргендердің қатарында Гүлмарал Сәрсенбаева да бар. Оның айтуынша, қайырымдылық жасауды бала кезінен бастаған. Әркез өзге адамға көмектесуді жаны сүйеді. Сондай-ақ 2020 жылдың «Еріктілер жылы» болып жарияланғанына, олардың қатарына қосылғанына дән риза.
– Ешбір жан қиындық көрмесе екен. Бұл – бала кездегі арманым. Ерікті дегеніміз – риясыз мейірімділік көрсету, төрт қабырға ішіне қамалып, тағдырына налып отыратын мүмкіндігі шектеулі жандардың қызықты да әсерлі істер мен оқиғалардың ортасында болуына жағдай жасау, тағдырдың тезімен қиын жағдайға тап болған адамның жанынан табылу, қолынан келгенше сүйеу бола білу. Волонтерлік іс жастарға өнеге көрсетіп қана қоймай, оларға шабыт сыйлайды. Аудандағы еріктілердің құрамында жастардың болуы да мені шын қуантады. Олар бос уақыттарын қоғамдық өмірге арнай білуінің өзі үлкен ерлік, – дейді ол.
Адамға жағымды нәрсенің барлығы қайырымдылық, жақсылық ұғымы арқылы жүзеге асады. Қайырымдылық – міндетті түрде ол адам үшін дүниені төңкеру, болмаса әлем білетіндей көмек көрсету емес, жай ғана сөзбен демеп, титтей болса да көзге ілінбес жақсылық жасаудың өзі үлкен құрметті іс. Қазақта «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Гүлмарал Алпысбайқызы аз ғана уақыт өтсе де көпке үлгі боларлықтай істер атқарып үлгеріпті. Атап өтсек, базар маңы мен стадион айналасын қоқыстан тазарту, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, жалғыз басты анаға көмек беру. Мұнан бөлек қолы қалт етсе, қарт кісілердің үйіне барып, тазалық жұмыстарын жүргізіп, үйін тазалап, моншаға да апарады екен.
– Қазір табысымның 50 пайызын қайырымдылыққа жұмсаймын. Анда-санда жолдасым да қаржы жағынан қарасып тұрады. Жасаған жақсылықты айтпайды деген бар емес пе?! Көбіне жасаған жақсылығымды біреуге көрсетіп не болмаса әлеуметтік желіге жария еткім келмейді. Бір адамға көмек берсең, оны баршасы білуі қажет емес, – деп санайды кейіпкер.
Айта кетейік, бүгінде жолдасы Нұрлан Палымбетов екеуі Арай, Раяна және Сұлтан есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп отыр. Қайрат пен қажыр. Шапағат пен шарапат. Қайсарлық пен құлшыныс. Міне, осы қасиеттерді Гүлмаралдың бір бойынан байқауға болады. Жанұясын жанымен жылытып, шаңырағының шаттығына айналған аяулы ана бүгінде «Күн нұры» балабақшасында тәрбиеші болып қызмет етеді. Жүрек қалауымен таңдаған жұмысына жауапкершілікпен қарау – оның бас­ты ұстанымы. Айтуынша, тәрбиеші болу жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы,келешек ұрпақтың сәулетшісі.
Иә, мейірімділіктің мөлшері болмайды. Әлемде мейірімділік сарқылмаса екен деген тілекті жүрегінің төрінде ұстаған жанның алға қойған жоспары да жетерлік. «Жақсыдан шарапат» деген бір ауыз сөздің астына қаншама мағына сыйғызған дана халқымыз. Ендеше адам өзгерсе де, заман өзгерсе де айналасына шапағат нұрын себетін жақсыларымыз көбейе берсін демекпіз. Инабатты келін, аяулы ана, асыл жар секілді тұғырлы сөздерді арқалап жүрген кейіпкерімізді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, отбасына амандық, деніне саулық тілейміз!

Сұлушаш МАДИЯРОВА
09 наурыз 2020 ж. 714 0