Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгінгі бата ел көгерте ме?

Бүгінгі бата ел көгерте ме?

Бата – қазақ халқы қадірлеп келген құндылықтардың бірі. Ол арқылы тәрбиеленіп, өсіп, өніп келе жатқанымыз да белгілі. Үлкен кісілерді кезіктіре қалсақ болды, алақанымызды жайып, ақ адал ниеті мен батасын алғымыз келіп тұратын жас ұрпақпыз. Сонау жаугершілік заманда да батырларымыз бен жауынгерлеріміз еліне елеулі, жолы мен жасы үлкен ер-азамат, ақсақалдардан бата алып барып, жауға шапқан. Осылайша көппен бірге алақан жайып, тәңірден сұрағанның арқасында жеңіске жетіп отырған. Содан болса керек, қазақ халқы босағасынан аузы дуалы, сөзі уәлі кісі кіре қалса, шаңырағы мен дастарқанына арнап бата беруді сұрайды.
Дегенмен қазіргі таңда батаның қадірі мен қасиеті қалмағандай. Ең өкініштісі де осы. Керегеміз кеңейіп, тереземіз теңеле бастаған шақта рухани байлықтарымыз сарқылып бара жатқандай сезіледі. Ең алдымен «Батаны қандай жерде береді?» дегенге тоқталсақ. Барлығымызға белгілі, дастарқан басында отырған жасы үлкен кісілерден бата сұралады, яғни бұл – ас батасы. Сонымен бірге алыс сапарға шыққанда жол батасы берілсе, мереке, наурыз той мен игі бастамаларда да бата беріп жатады. Қарап отырсақ, батаға тек қуанышта ғана қол жайылады. Ал қазақ жұртының ең қуанышты сәті ол – әрине, той-думан. Өзіміз білетіндей, той басталмас бұрын және той аяқталғанда, асаба әулет атынан, қонақ жақтан, сол отбасы ішіндегі жасы үлкен кісіден бата сұрайды. Бұл орынды-ақ. Бірақ беріліп жатқан батаның мәтініне назар аударып көрдіңіз бе? Үстел үстіндегі ас-ауқатқа ше? Не болмаса айналадағы адамдардың батаны қалай қабылдап жатқанын байқадыңыз ба? Егер байқамаған болсаңыз, өзімнің байқап, бармақ тістеген тұстарымды айтып көрейін.
Тойың тойға ұлассын,
Тойдан кенде қылмасын!
Өлең-жыр боп күндіз-түн,
Ауыл-аймақ жырласын!
Әумин!
Міне, бұл – кітап беттеріндегі той батасы. Ал іс жүзінде бүгінгі бата қалай айтылып жүр? «Балалар бақытты болсын, жүргеніміз той, жегеніміз қой болсын». Бұл батадан гөрі тілекке саятын сияқты. Әрине, жақсы ниетпен айтылып тұрғаны даусыз. Алайда батаны біз көркем де көсем, өткір де шешен, адамдар көкірегінде жатталып, жүректерінен өшпестей орын алатын сөздеріне, баурау қуаты мен тәрбиелік рөліне қарап бағалаймыз ғой. Сонда жастарға жол көрсетіп, біз үлгі алатын аталарымыздың бір шумақ батаны жаттай алмағаны ма? Жә, бұл – батаның сөздік қоры. Ал енді дастарқан мен айналадағы қонақтарға келейік. Отбасымызда бата беріліп жатқанда, ең бірінші, үстел үстін реттестіріп, бар ынтамызды, назарымызды бата беріп жатқан кісіге аударамыз. Соны сезіп тұрған бата беруші сөздерін нақты, нақышына келтіріп айта жөнеледі. Ал той дастарқанында арақ-шараптың түр-түрі тұрғанымен қоса, айналада абыр-сабыр, у-шу болып жататыны тағы бар. Әйелдер мен балалар бір бөлек, ер-азаматтар бір бөлек «думандатып» жатады. Төрде бата сұралып жатқанымен, ешкімнің шаруасы болмай, әрқайсысы өзінің күйін күйттеп жүреді. Кейде бата берушінің де аз-кем ұрттап алғанын байқап, өз-өзіңнен қатты ұяласың.
«Батаменен ел көгерер» дейді дана халқымыз. Бұл – біздің батаға бір ауыз сөзбен берген бағамыз. Бата – өте қасиетті, киелі ұғым. Сондықтан да оның қасиеттілігін кетіріп алмаған жөн. Егер ел болып әрі қарай егемендік тұғырында тұрғымыз келсе, рухани қазыналарымыздың қадірін білген абзал. Солардың бірі батаны байлық пен бақыттың бастамасы деп дәрежесін одан әрі көтерсек, нұр үстіне нұр болар еді.

М.БОЛАТ
21 шілде 2020 ж. 823 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930