Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚЫН АСҚАР ТОҚМАҒАМБЕТОВ КЕЙІПКЕРЛЕРІНІҢ БІРІ

АҚЫН АСҚАР ТОҚМАҒАМБЕТОВ КЕЙІПКЕРЛЕРІНІҢ БІРІ

Сейітжан Омаров ақсақалдың есімі маған бала кезімнен жақсы таныс. Жазу-сызуға әуес болғандықтан жастайымнан газет-журналға жақын өстім. Ұмытпасам, 7-8 сыныпта оқып жүргенмін. Бірде облыстық «Ленин жолы» (қазір «Сыр бойы» деп аталады) газетінде қазақтың көрнекті ақыны, белгілі сықақшы Асқар Тоқмағамбетовтің «Быт көбейді, шыт көбейді» деген фельетоны жарияланды. Жата қап оқыдым. Сөйтсем, мен тұратын «Коммунизм» колхозы (ұжымшары) туралы жазылған екен. Ақын арнайы іс-сапармен шаруашылыққа келгенде басшылардан ешқайсысын кездестіре алмайды. Бәрі базарға кеткен көрінеді. Соны фельетонына арқау етіпті.
Мынандай жолдары есімде қалыпты:
«…Жексенбі күні Шиеліге
Баруға: атты, түйелі де,
Арба жеккен келіншек те,
Жалқау, құрсау, еріншек те,
Бәрі базар барғалы тұр,
«Коммунизм» колхозынан
Жеті ат жеккен арбалы тұр…», – деп басталады да, ары қарай шаруашылық басшыларының аты-жөндері айтылады:
«…Маман қарттың Әнуары,
Алтайбайдың Ілиясы
Астындағы жануары,
Шылдыр қаққан шлиясы.
Жүсіпұлы Бәйтілес пен
Бас бухгалтер Салтай да бар.
Бақталастар бой тірескен,
Салт аттылы салтан да бар.
Алдыңғы топ арба кетті.
Салдыр-гүлдір алда кетті.
Екінші топ атты кетті,
Желе жортып қатты кетті…».
Мұнан соң ақын:
«…Парторгы Омаров та,
Ол да ауылдан жоғалыпты.
«Коммунизм» активтері,
Бір күнгі ісін доғарыпты.
Быт көбейді, шыт көбейді,
Неге мұны жоғарғы орын,
Әдемілеп түптемейді…», – деп өлең-фельетонын аяқтайды.
Сәкеңмен – Сейітжан Омаровпен әңгімені осы оқиғадан бастадым. (Бұл әңгіме кейіпкердің көзі тірісінде болған еді). Ақсақал алдымен рахаттана күліп алып, сосын сұраққа жауап берді.
– Ол бір қызу да қиын уақыт болатын. Күн-түн қатып далада еңбек ететінбіз. Демалыс деген болмайтын. Уақытпен ешкім санаспайтын. Ұмытпасам, жазғытұрым кез еді. Қой төлдету, егін егу, шөп ору, малды жайлауға көшіру, т.б. сан түрлі шаруалар қат-қабат жүріп жатқан. Дәл осы тұста ауылға ақын келген. Ақын болғанда да қырғиқабақ, от ауызды, орақ тілді Асқар Тоқмағамбетовтің өзі. Сол сәтте біз, шаруашылық басшылары, колхозда болмай қалғанбыз. Әрине, өлеңде айтылғандай базар аралап кетпегеніміз анық. Біріміз – егінге, біріміз – қойға, біріміз – қырға, біріміз – ойға дегендей, шапқылап жүргенбіз. Бірлі-жарым орта буын басшылар ауданға кетсе керек. Міне, осы көріністі ақын өз қиялы арқылы сықақ өлеңіне арқау еткен…
– Сәке, армансыз адам болмайды дейді ғой. Жас кезіңізде қандай мамандықты қаладыңыз?
– Сұрағың дұрыс, әрине. Дегенмен ол кезде бүгінгідей еркіндік жоқ еді. Екіншіден, мамандық таңдап оқуға түсетін, түскен күнде де оқып кететін қаржы да, мүмкіндік те аз болатын. Тіпті, облыс орталығындағы институт пен техникумға барып құжат тапсыру үшін қаражат табуға да екінің бірінің мүмкіндігі келмейтін. Соған қарамастан мұғалім болуды армандадым. Оған себеп – орта мектепті үздік бітіргенім еді. Мектеп директоры Мінат Қалдыбаев деген өте білімді, адамға қамқоршылығы мол кісі еді. Мені бастауыш сыныпқа мұғалім етіп қабылдады. Шама-шарқым келгенше еңбек еттім. 1948 жылы әскер қатарына шақырылып, ұстаздық жұмысым жалғаспай қалды.
– Әскерде қай жерде болдыңыз?
– Шекарада болдым. Қырғыздың Пржевальск қаласында.
– Соғыстан кейінгі жылдары шекарада қауіпті болған шығар?
– Әлбетте. Жалпы шекараның өзі тынымсыз жер ғой. Күндіз-түні бір дамыл таппайсың.
– Есіңізде қалған оқиға болды ма?
– Бірде сол Пржевальск қаласында тұратын орыс жігітінің арғы жаққа – Қытайға өтетіні белгілі болды. Жергілікті жерлерде біздің тыңшыларымыз бар, солар айтып келді. Содан әлгі адамды бақылауға алып, жүріс-тұрысын аңдыдық. Шекарада күзет күшейтілді. Тыңшылық жұмыстардың нәтижесінде қай күні, қай кезде, қай жерден өтетінін анықтадық. Алдын-ала бой тасалайтын жерлерді әзірлеп, сол орындарда жасырынып отырдық. Белгіленген мерзімде әлгі орыс жігіті әйелімен бірге шекараға келді. Біз тым-тырыс, бірақ бәрін көріп жатырмыз. Тапсырма бойынша шекарадан өткен кезде ұстауымыз керек, әйтпесе қылмысын мойындамауы мүмкін. Қарулары бар, өте сақ қимылдап келеді. Жан-жағына кезек-кезек қарады да, көздеріне ешкім көрінбеген соң ілгері қарай жүрісті шапшаңдата бастады. Олар тыйым салынған аймаққа дендеп кірген кезде, артқы жақтан біздің үш-төрт жауынгер «тоқта!» деп дауыстап, соңдарынан тұра ұмтылды. Шекара бұзушылар артына қайырылып қаруларынан оқ шығара бергенде күні бұрын жасырынып жатқан он-он бес жауынгер жан-жақтарынан қоршап, қаруларын тастауға мәжбүр етті. Осылайша көп мәлімет жинап, шет елге өтпекші болған қылмыскер әрі Қытай агенті қолға түсті. Қолға түсіргендер мен жетекшілік ететін бөлімнің жауынгерлері еді, ішінде мен де бар едім. Ешқандай адам шығыны болған жоқ. Нәтижесінде жауынгерлерге, застава басшыларына жоғары басшылықтан алғыс жарияланды. Мен «КСРО-ның мемлекеттік шекарасын қорғаудың үздігі» деген медальмен марапатталдым. Застава командирі әскери міндет біткен соң сонда қалуға кеңес берді. Мен келістім.
– Неге қалмадыңыз?
– Мынадай жағдай себеп болды. Елден хат келді. Онда «Анаң астық ұрлап, қамауда отыр, жақында соты болады» деп жазылыпты. Төбемнен жай түскендей болды. Дереу командирге бар жағдайды баяндадым. Кезектен тыс 12 күн демалыс беріп, елге барып келуге рұқсат етті.
Ауылға келсем, анамды колхоз орталығындағы қырманға тігілген киіз үйде бір күн ұстап, тілхатпен босатқан екен. Жағдайды білсем – астық ұрламаған, масақ теріп жүрген жерінен ауданның прокуроры Көптенбаев көріп қалыпты. Ал ол масақты ауыл адамдарының бәрі тереді. Термеген күнде ол босқа далада қалады. Әйтеуір біреуді көз қылып қамау керек болған. Соған менің шешем тап келген ғой. Ауылдан ауданға келіп сотты кездестіре алмадым, прокурор орнында болмай шықты. Сосын аудандық милицияның бастығына бардым. Аға лейтенант Алексей Федорович Чуйкин деген елгезек азамат екен. Жағдайыммен танысқан соң, менімен барынша сыпайы сөйлесті.
– Бұл істі білемін, хабарым бар. Қылмысқа жатпайды, қорықпа. Масақты әркімдер-ақ теріп жүр. Өйтпесе ел аштан өлер еді. Бұл жаңсақ жағдай, жабылған жала. Анаң ақталады, – деді күмәнімді сейілтіп. Мен алғысымды айтып, орнымнан тұра бергенімде милиция бастығы:
– Жігітім, бір өтінішім бар, – деді.
– Айтыңыз, – дедім, орныма қайта отырып.
– Бізге өзіңдей жігіттер керек. Білімді де білікті жастар аз. Соның салдарынан кейбір жазықсыз жандар кейде жауапқа тартылып жатады. Борышыңды өтеген соң бізге келсең қалай болады? – деді төсімде тағылып тұрған медальге көзін тігіп.
– Қолымнан келер ме екен?
– Неге келмесін? Отанды күзетіп жүрген атпал жігітке елдің ішкі тыныштығын күзету онша қиындыққа түспейтін шығар, бізге кел, күтемін, – деді. Мен ойланып көруге, мүмкіндігінше келуге уәде бердім.
Милиция бастығының айтқанындай болды. Мен келген күннің ертеңіне сот болып, судья Сейфуллина «куәлар мен мәліметтер және айғақтар жетімсіз» деп шешім шығарды...
– Берген уәделеріңіздің соңы не болды?
– Не болсын. Шекарада қалуға да уәде бергенмін. Милиция болуға да келіскенмін. Ақыры екі уәденің де үдесінен шыға алмадым.
– Оған не нәрсе себеп болды, яғни кедергісін тигізді деп ойлайсыз?
– Әрине әскер ауылға қайтуыма қарсы болды. Елге оралған соң тәртіп бойынша өзімнің мектебіме мұғалім болып келдім. Мектеп милицияға баруыма қарсы болды. Сөйтіп жүргенде мектеп директоры аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Алпысбай Нұржановтың мені шақырып жатқанын айтты. Бардым. Ол кісі мені аупартқомға нұсқаушы болуды ұсынды. Ойланайын дегеніме қарамастан келісімімді сұрады. Партияға қарсы тұруға қауқар қайда, келістім. Сөйтіп уәдемнің бәрі жайына қалып, партия қызметкері болып шыға келдім.
– Өткен тіршілікке өкінішіңіз бар ма?
– Құдайға шүкір, өкінбеймін. Жиырма жыл партия, совет жұмыстарында, 15 жыл статис­тика саласында қызмет атқардым. Ойлап отырсам – ұстаз болу үшін тек мектеп немесе оқу орындарында оқытушы болу міндет емес екен. Жоғарыда аталған қызметтерді атқарып жүріп білімім мен білігімді жастарға үйретуден жалықпадым. Қаншама шәкірт тәрбиеледім. Әділдік үшін күресе білдім. Құдай қосқан қосағым – отыз жыл «Гигант» орта мектебінде (Шиелі) бастауыш кластардың мұғалімі болған Жаңыл Асанова екеуміз бүл күнде 13 немере, 1 шөбере сүйіп отырмыз. Отау құрғанымызға 50 жыл. Осыдан артық бақыт жоқ біз үшін. Ендігі тілегіміз – ел тыныш болсын, бала-шаға және немерелеріміз аман болсын, – деді Сәкең.
– Шөбереңіздің есімі кім?
– Әлішер. 2 жаста.
–Қылығы қызық, тілі тәтті шығар?
– О не дегенің. Қылығы қызық қана емес – ғажап, тілі тәтті ғана емес – бал.
– Олай болса қылығы ғажап, тілі бал шөберелер қызығын көре беріңіз. Шөбере көбейе берсін!
– Рахмет, рахмет, шырағым. Шөберенің қызығын көруді Алла саған да жазсын, – деді Сейітжан қария риясыз көңілмен. «Аумин» дедім іштей. Батамен өскен елміз ғой.
Сейітжан Омарұлы –1927 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты «Ащықұдық» елді-мекенінде дүниеге келген. Орта мектепті бітірісімен бастауыш сыныптың мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Әскери борышын шекара қызметінде өтеді. Жиырма жылын партия, совет жұмыстарына (аупарткомның нұсқаушысы, парторг, ауаткомның жауапты хатшысы, т.б.) арнады. Аупартком бюросының шешімімен ауданда есептеу станциясының негізін қаласып, 15 жыл статистика саласына жетекшілік етті. 1991 жылы зейнетке шығысымен Алматыға қоныс аударып, еліміздің оңтүстік астанасында, ұл-қыздарының ортасында өмір сүрді. Бұл күнде бақилық болған Сейітжан қарияның зайыбы Жаңыл Асанова тоқсанға иек артқан жасында өмірден озды. Балалары, немере, шөберелері Алматыда өмір сүріп жатыр...
Сықақшы ақын Асқар Тоғмағамбетовтің «Быт көбейді, шыт көбейді» деген атақты фельетонындағы басты кейіпкерлердің бірі Сейітжан Омарұлының өмір жолы, міне, осындай.

С.БЕКМҰРАТҰЛЫ
14 шілде 2020 ж. 877 0