Қырғи тілді қаламгер
Ақын шығармашылығының елеулі бір саласы – оның сатирасы. Қазақ кеңес әдебиетінде Асқар Тоқмағамбетов сатиралық поэзияның негізін қалаушы әрі дамытушылардың бірі болды. Кезінде Мұхтар Әуезов оны «Қырғи тілді Асқар» деп бекер айтпаған. Оның бірнеше сатиралық өлеңдері мен фельетондар жинағы жарық көрді. Ақын қоғамдағы моральдық нормаларға қайшы келетін нәрселердің бәрін өткір әжуалады. А.Тоқмағамбетов саяси сатираның, пәрменді памфлеттің негізін қалаушы болды.
Асқар Тоқмағамбетов шығармашылығындағы негізгі орын алатын жанр – сатира. Сатира Асқар ақындығының биік шыңы десе де болады. Жұртшылық Асқарды сатирик фельетонист ретінде жоғары бағалайды. Салтыков-Шедриннің, Чеховтың, Маяковскийдің, Д.Бедныйдың, сондай-ақ, А.Құнанбаевтың, С.Дөнентаевтың, С.Торайғыровтың, І.Жансүгіровтың, Б.Майлиннің сатиралық тақырыпқа жазылған шығармаларынан үйрене отырып, Асқар Тоқмағамбетов әдебиетімізді тамаша сатиралық шығармалармен толықтырды. Автордың сонау 1928 жылы «Күлкі сықақ» жинағынан бастап, күні бүгінге дейін бұл тақырыпты терең дамытып келді. Орыстың атақты жазушысы Н.Гоголь: «Халқымды қатты қадірлегендіктен де, оның даңқына дақ түсірер құбылыстарды аяусыз әшкерелегім келеді», – депті. Міне, Асқар сықақшылдығы еліміздің өсуіне тосқауыл болар жарамсыз жайларды өткір сатирамен оған қарсы соққы берді. Оны ақынның «Тәйірі бұда қылмыс болып па?», «Қылтың-сылтың» фельетондарында колхоз меншігін талан-таражға салушыларға, арамтамақтарға қарсы батыл үн көтерді. «Қошқары қоздап, айғыры құлындағандар», «Тығынбаев Тығындайды да, Қалдашбаев мығымдайды», «Құлқындастар», «Қара бесті қайда?» т.б. фельетондарында ауылшаруашылық артелінің уставын бұрмалаушыларды, адал еңбек етушілердің есебінен күн көрушілерді әшкерелейді. Асқардың сатиралық еңбектерінде бюрократтар мен арамтамақтардың бүтін бір галлереясын көруге болады десек жаңылыспаймыз.
Сатираны сарқып ішіп, фельетонның майын шаққан Сырдың сардарымен кеудені керіп тұрып мақтана аламыз, Аллаға шүкір! Бүгінгі таңда тұлғасы бөлек ақынның ізін жалғар жас қаламгерлер де баршылық. Алайда, бұл жанр жеңілтек ойды, шолақ қиялды көтермейтіні тағы бар. Сондықтан, күлдіре отырып жылататын, жылы сөзбен қамшы салатын сатираның әлеміне енем деушілер алдымен Асқар Тоқмағамбетовты оқып шығуы қажет. Иә, күлкі сөздің шатысынан тумайды. Қазір біздің кейбір жас сатириктеріміз әзіл-сықақ өлең, әңгіме жазғанда әдеби өлшемнің ауқымынан шығып айдалаға кетіп қалатын, түсінікті-түсініксіз сөздерді құрастыра беретін, жаңалыққа үйір болып тұр. Өлеңдері тіпті ұйқас, ырғақ іздемейді, белгілі бір дені дұрыс буын санын көре алмайсыз. Оқырманның, тыңдаушының көкейінде қона қалуы, құлағына құйылып жатталуы қиын. Тегі, қашан да көркемдік қасиеті толымсыз дүниенің нарқы қымбат, өмірі ұзақ болған емес. Өз басымда ерекше билік болса, сол жас сатириктерді мектеп қабырғасына отырғызып қойып, оларға Асқар Тоқмағамбетовтің сықақ өлеңдерін, тіпті сықақ әңгімелерін де жаттатар едім! – деген Ғаббас Қабышевтың сөзі ойымызды толықтыра түсері сөзсіз. Қазақ сатирасының сардары Асқар Тоқмағамбетов жүректегісін күллі оқырмандарына көркем сөзбен кестелеп жеткізген, ұлтымыздың мақтанына айналған, қадір тұтар қарымды қаламгері ретінде құрмет төрінен мәңгілік орын тепті.
Г.ДҮЙСЕБАЙ.