Сатирик түгіл теңдесер ақын жоқ саған, жүрегінің дүрсілі сағатындай тоқтаған

«Атым Асқар болғанмен, өзім асқар емеспін» деп қарапайым қалпынан танбаған қазақтың нарғасқа ұлы сан қырлы жанрда қалам тербеді. Бұл – кесек, ірі, кемел қаламгерлерде ғана болатын қасиет. Асқар – өз өмірінде баяндаудан суреткерлікке дейін, термелеп айтудан толғап жырлауға дейін биік көтерілген ақын. Соның ішінде сезімге толы лирика да бар. Ақын өлеңнің ішкі-сыртқы қыр-сырын сонау кезден-ақ жетік меңгерген, оның асыл қасиетін нәзік түсінген. Сол себептен де оның лирикалық өлеңдері ойлы да отты, терең де тегеурінді келеді. Біз ақынның осындай тамаша жырларының қатарына «Күнің түссе біреуге», «Бір ақынға», «Көңіл күйі», «Нартай ақын», «Сұлутөр», «Көктем» сияқты лирикалық өлеңдерін жатқызар едік.
А.Тоқмағамбетов ірі ақындығына қоса парасатты прозик, дарынды драматург те болатын. Аударма саласындағы еңбегі де елеулі. Сол қара сөздегі ең шоқтығы биік шығармасы «Жыр күмбезі». Аты айтып тұрғандай, Сыр елінің сүлейі, жасымас жырдың дүлейі Базар жыраудың өлмес өміріне арналды.
«Дүниеден өмір бітіп, өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
Көре алмай кейінгіні кеттім-ау, – деп,
Арманда болмай-ақ қой екі көзім» – деген Базардың бүкіл болмысына бойлап бару тек Асқар сияқты ақынның ғана қолынан келетін дүние деп бағалануынан-ақ қаламгердің қарымын аңғара беріңіз. Асқардан басқа ешкім де:
«Зар еңіреп қызың менен ұлың келді,
Бізбен бірге зар жылап жырың келді.
Бір сүйе алмай бетіңнен туған-туыс,
Базар ақын, өлгенің шының ба еді?» деп ел-жұртын жылата алмас.
Жастайынан әдебиет алыптарынан жылы лебіз естіп, ақ бата алған, Асқар Тоқмағамбетов бұл дүниеден өткенінше бір сәтте қолынан қаламын тастамаған шебер шығармашылық иесі. Көзінің тірісінде комсомол ақыны атанған ол 70-тен астам кітап шығарып, 100 мыңнан астам өлең жолдарын жазған екен. Бұл қаншама қыруар еңбек. Оның шығармаларына көз жүгірткен кісі «тек мына тақырыпты көп жазып еді, өндіріп жазып еді» деп кесіп-пішіп айта алмас. Оған себеп, қаламгердің жазбаған тақырыбы, баспаған тауы, бармаған жері жоқ. Ақын мұрасы мол қазына. Іздеуші халқы бар да, тума таланттың еңбегі мен өмірлік қолтаңбасы заман өзгергенмен өміршеңдігін сақтап қала бермек.
Г.ДҮЙСЕБАЙ.