Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз-ақын – ұрпақ мақтанышы

Ұстаз-ақын – ұрпақ мақтанышы

Бұрын көрмегенмін. Бірақ есімі Қалмақан, Нартай, Сейтқасым, Тілегендермен қатар естіліп жүрді. Аудан айнасы «Өскен өңір» бетінен, облыстық «Ленин жолы», республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Халық мұғалімі». «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттері мен «Ара», «Парасат», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан мұғалімі» журналдарында оқтын-оқтын жарияланып тұратын өлеңдері мен мақалалары арқылы Айдар ­Достияров жүрегіме жылылық ұялатып, жаныма жақындай түсті. Одан аудандық мұғалімдердің тамыз конференциясында өлеңмен баяндама жасап сөйлегенін залда отырып көрдім. Облыстық осындай конференцияда да Шиелі ауданы ұстаздарының атынан өлеңдетіп сөйлеп, көпшілікті таңқалдырыпты деп естідік. Іштей бойындағы ақындығын мойындап, талантына таңдай қақтық.

Мен 1977 жылы Бала би ауылынан Шиеліге көшіп келдім. Аудандық балалар музыка мектебінде оқытушымын. Жұмыс арасында «Өскен өңірге» соғып, Сәрсенбек досыма сәлем беріп тұрамын. Бірде Сәкеңнің бөлмесінде Сәфи Құрманаев ағамыз үшеуміз әңгіме дүкен құрып отырғанбыз. Асығыс-үсігіс «Сәлем бердік, жазушы жігіттер!» деп, кабинетіне ел ағасы болып қалған түрі кавказ халқына ұқсайтын ашаң жүзді, шашы аққудай әдемі кісі кіріп келді. «Ой, Айдеке, келіңіз. Арғы бет аман ба? Қарғалы орнында ма? деп Сәкең атып тұрған соң, біз де ұшып тұрып, жүзі келіскен адаммен жылы амандастық. Бұл ұстаз-ақын, елге танымал журналист, «Өскен өңірдің» байырғы штаттан тыс тілшісі, қазақ тілінің жанашыры болып жүрген Айдар Достияров ағамыз еді. Өнер адамы болғандықтан ол кезде өлең жазатын ­Арзулла Молжігітов, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Мәрия Жұматова, Мұрат Күлімбетов, Қанапия Дәрібаев, Гүлхадиша Нысанбаева, Айдар ­Достияров, Мақсұт Әбдімомынов, Қуаныш Түменбаев, Дәулетбек Байдырахманұлы, Оразәлі Байділдалар маған тым ыстық көрінетін. Ауданның сол тұстағы талантты азаматтарына сүйсінетін едім. Редакциядағы жігіттермен жиі кездесіп, өнердегі өнегелі өмірімізді бірге өткізген шақтарда ортамызда үлкеніміз болып Айдар ағай мен Зәкім ағалар тұрушы еді. Бар өнерін бала тәрбиесіне, өнер жолына арнаған ауданның ардақты азаматы, ұстаз-ақын ұмытылып кете жаздапты. Мен оның 1987 жылы «Жазушы» баспасына даярлаған «Үміт көзі» атты өлеңдер жинағымен танысқан кезімде баспа редакциясына өз қолымен жазған «Өзім туралы қысқаша түсінігінде» 1929 жылы туғанмын деп жазыпты. Олай болса Айдар ағамыз торқалы тоқсан жаста. Ол 80-ге толған «Өскен өңірдің де» белсенді тілшісі еді. Не десек те абыз ағаны еске алғанымыз абзал іс деп ойлаймын. Ақынның 410 беттік өлеңдер жинағы мен айтыс­тары сол жылдардан бері қаражаттың жоғынан, демеушілердің кездеспеуінен отбасылық архивінде жатыр екен.
А.Достияров жастайынан аудан көлеміндегі ойын-тойларда суырып салып, өлеңдер айтып, айтыстарға қатысып жүрді. Соғыс кезінде әскерге кеткен ағаларына жеңгелерінің атынан өлеңмен хат жазып, оларды бірде жылатып, бірде күлдіріп, кемпір-шалдарға оқып, барынша рух беріп отырады. 1942 жылы колхозда бригадир болып істейтін соңғы ағасы да майданға аттанып, 7 сыныпта оқитын Айдар баланы 14 жасында Омар деген ағасының орнына бригадир етіп қояды. Осымен үш ағасы да сұрапыл соғысқа аттанып, бәрі де хабар-ошарсыз кетеді. Соғыс зардабынан ойын баласы Айдар да тез есейіп, ауылына, халқына еңбек етуіне тура келеді. Табиғи таланты мен іскерлік қабілеті арқасында көзге түседі. 1949 жылы жазған өлеңдерін бір жинақ етіп, Қызылордада тұратын белгілі сатирик ақын Асқар Тоқмағанбетовке апарып көрсетеді. Ол кісі «Өлеңдерің шикілеу екен» деген қорытынды жасайды. «Мен ақын емес екенмін» деп түйген Айдекең сол сәттен бастап өлең жазуды доғарады. Кейін Қалмақан Әбдіқадыров, Сейтқасым Сейтеновтер «Сен ақынсың, жаза бер, жаза бер» деп кеңес береді. «Алмас кездік қанабында жатпас» демекші, құдайдың берген дарыны мен таланты А.Достияровты ұйқыдан оятып, поэзия әлеміне қайта қанат қақтырады. Жоғарыдағы «Өзім туралы қысқаша түсінікте» А.Достияров: «Көзім тірісінде басыла қойса құба-құп. Басылмаса, елеусіз кеткен халық ақындарының бірі болармын. Не де болса, ­ба­спа орнының назарына ұсынып, тұңғыш рет үміттеніп отырмын. Сондықтан бұл жинақтың атын «Үміт көзі» деп атадым. Үміттің көзі ашылып, болашаққа жетектер болса, әлі де өмірім жеткенше, баспаның сенімін ақтармын деген ойдамын», – дейді. Ұстаз-ақын ағынан жарылып, қолы қысқалығын да жасыра алмайды. Ол «Өлеңге» деген өлеңінде
«Жазамын да кейбір жерін өшірем,
Апта сайын жаңа бетке көшірем.
Біріншіден оқығанда қажымай,
Білімге де зор бейнетпен жетіп ем.
Қайран өлең,жолың қиын сеземін,
Қалай сенен сүйінішпен беземін.
Асуың мол, ғашықпын сол белдерден,
Өту үшін азабына төземін» дейді.
Айдар Достияров суырып салма, өмірдің өзіндей өршіл, сыршыл ақын. «Ақын емессің» дегенге шамданып қалған сол Айдекеңді 2010 жылғы «Нартай ақынның мұрасы – рухани мәдениет қазынасы» атты мақаласында филология ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, «Қазақ және әлем» әдебиеті журналының бас редакторы Темірхан Тебегенов... «Нартай бейнесі» көркем шығармаларға да арқау болып, ол туралы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Ә.Тәжібаев «Нартай» және «Нартайлар» деген екі поэма, «Батыр мен ақын» атты пьеса, жазушылар Оразбек Сәрсенбаев «Шамшырақ» романын, Оразбек Бодықов «Бұлбұл», журналист Мұхаммеджан Рүстемов «Нартай», Айдар Достияров «Өздерің білер Нартаймын» атты деректі хикаяттар жазды» деп дәріптейді. Айдар ақынның Нартаймен айтысы туралы жазған кітабын оқи отырып, жазушылар қатарына қосқандығын аңғарамыз. 1994 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген естеліктер жинағында А.Достияров халық ақыны, композитор әрі әнші Нартай Бекежановпен қалай танысқанын, өнер, өмір жолын, онымен болған қызықты хикаяттарын, Нартай мен өзінің айтысын жазған. Сөйтіп ауыл мұғалімі, ақын, журналист Айдар ағамыз қазақ әдебиеті мен өнеріне сүбелі үлесін қосты деуімізге болады. Ол дала академигі Ы.Жақаевтың 100 жылдық мерекесіне орай «Өскен өңірдің» бірнеше санында «Алып адам» деген очеркін жариялады. Ауыл мұғалімі қалт еткен жаңалықты жібермей, халықпен бөліскенді ұнататын. ­Айдар ­Достияров 1929 жылы 14 сәуірде Керделі ауылдық кеңесіне қарасты «Еңбекші «колхозында кедей шаруаның шаңырағында дүниеге келген. Шаруашылықта еңбекпен есейген Айдекең 1947 жылдан бірыңғай ұстаздық қызметке ауысады.
«Еңбекші» жеті жылдық мектебіне мұғалім болып орналасқан А.Достияров қажырлы еңбегі арқасында 1949 жылы мектеп директоры болады. Оқушыларға тарих, география пәндерінен сабақ береді. 1954 жылы «Жиделіарық» бастауыш мектебінің меңгерушілігіне жіберіледі. Колхоздың қара жұмысын аңсаған болар, ол 1960 жылы «Коммунизм» ауыл шаруашылық артелінде күріш звеносының жетекшісі болып, өзіне бекітілген 25 гектар күріштің әр гектарынан 50 центнерден өнім алады. Сөйтіп аудандық «Коммунизм жолы» газетінің осы жылғы 15 қазан күнгі №83 нөміріне суретімен мадақталып шығады. Тумысынан ұстаздыққа жаратылған А.Достияров 1962 жылы «Қарғалы» мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып барады. Іскер, зейіні жоғары мұғалім жылжып-жылжып, жоғары сынып оқытушысы, ұжымның алдыңғы қатарлы, белсенді ұстаздарының бірі саналады. 1978 жылы №211 «Қарғалы» мектебі директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары қызметіне жоғарылатады. Сәл шегініс, қызық болғанда Айдекең 1949 жылы мектеп директоры болғанда, аудандағы 21 жасар ең жас директор екен. Одан достары да, ағайындары да зор үміт күтіп жүреді. Қырсық шалғанда 1950 жылы 22 жастағы арқасы бар ақын жігіт беташар тойдың аяғында келінге арнап өлең оқыпты. Лапылдаған жас директордың жалынын көре алмаған біреу жоғарыға «келіншектің бетін ашты» деп, домалақ арыз жаза қойыпты. Бұл кезең сүйікті компартияның идеологиялық мәселеге көңіл бөліп, арылдап тұрған шағы еді. А.Достияров сол саясаттың алғашқы құрбаны болады. Жас коммунист партиядан шығарылып, директорлықтан босатылады. Туасы тарихта атақты, дарынды азаматтардың көбісі өмірде осындай соққы, опық жеп отырған. Бірақ оған қамыққан Айдекең жоқ, мұғалім болып, өлеңін жазып, халқына ұлан-ғайыр еңбегін сіңіріп, өмірінің соңына дейін ұстаз-ақын атанып кетті. Республикаға, облысқа белгілі ақын, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», ҚР Журналистер одағының мүшесі Айдар Достияровтың өмір жолы, өнер жолы ұрпақтар үшін өнеге болуға тұрарлық. Ол 1995 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 50 жылдығы» мерекелік медалімен, аудандық, облыстық білім бөлімдерінің мақтау грамоталарымен құрметтелген. 1983 жылдары «Ақындар шықты айтысқа» деп, ауыл айтыскер ақындарының байқауы болып тұратын. Сонда «Қарғалы» савхозының ақыны ­Айдар Достияров пен «Сырдария» савхозының ақыны Зәкір Жақыповтың айтысы өте тартымды, мәнді болған еді. Байқау қорытындысында коммунизмдік Арзулла Молжігітов бірінші, қарғалылық Айдар ­Достияров екінші, сырдариялық Зәкір Жақыпов үшінші орын алған болатын. Сондай-ақ Төңкеріс колхозынан Қуандық Тоқсейітов, Қазақстанның ХХХ жылдығы совхозынан Бектас Сарманқұлов секілді айтыскер ақындар айтыс додасын қыздыратын. Ақындар өмірден арындап өтеді. Елін де, жерін де, жарын да, бала-шағасын да сүйеді. Айдекеңнің сүйген қосағы Рәзия да Қарғалы ауылындағы шопандардың балаларына арналған мектеп-интернатта ұзақ жеке аспаз болып қызмет етті. Екеуі өмірге Өмір, Темір, Қанат атты керемет ұлдар мен Мақсат, Ботакөз, Мәдина, Нағима есімді ару қыздарын әкелді. Ұрпақ сабақтастығы жалғасып жатыр. Талант иесі, ұстаз-ақын Айдар Достияров 1995 жылы 25 мамырда дүниеден озды. Ол – артына мол мұра қалдырған айтыскер ақын, ұстаз. Ал ұстаз – ұрпақ мақтанышы.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі


21 желтоқсан 2019 ж. 913 0