Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тегеурінді тұлға

Тегеурінді тұлға

Елбасы - тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Тұңғыш Президент жайында жариялаған мақаласында осылай деген. Осы күнге дейін егемен еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып, әлем алдында мерейімізді үстем етіп келген ұлт көшбасшысына арналған «Тарихи тұлға тағлымы» атты мақаланың мән-маңызы зор. Онда Елбасының жасаған батыл қадамдары, сүбелі еңбектерінің сан қыры терең талданған.
Елбасының ел үшін жасаған тәуекелдерін жан-жақты кестелей өткен мақаладан Тұңғыш Президент пен тұтас Қазақстанды бір-бірінен бөліп-жарып қарай алмайсың. Шынында да, тарих жолы үнемі тақтайдай тегіс бола бермейді. Сол сан сынақтың арасынан саңылау тауып, жұртын ерте білу ердің ерінің қолынан ғана келер. Кез келген қалыптасқан мемлекеттің бастауында, даму жолында өзінің белгілі тұлғалары тұрады. Міне, жаңа заманның тәуелсіз Қазақстаны жайлы айтылғанда ең алдымен Нұрсұлтан Әбішұлын мақтанышпен сөз етеміз. Ұлы Дала төсінде қайта жаңғырған егемен жас мемлекеттің өткенде кеткен еншісін қайтару үшін бар қажыр-қайратын сарып ете білген кемеңгер тұлғаның келбеті қанша уақыт өтсе де сәулелене береді.
Биыл алғашқы жартыжылдықтың Қазақстанға оңай тимегенін айта келе, Президент індетпен күрес жүргізуде Елбасының мұрындық болуымен жүзеге асырылып жатқан жалпыхалықтық «Біз біргеміз» акциясының үлесін ерекше көрсетті. Бұл игі бастама Н.Ә.Назарбаевтың халықтың мемлекеттік мүддеге жұмылдырушы тұлға екенін тағы да айқын танытты. Қасым-Жомарт Тоқаев індеттің ел экономикасына да әсер етпей қоймағанын жеткізді. Президенттің бұл мақаласына түрлі сала мамандары талапынан жан-жақты баға берілуде.
Нұрсұлтан Әбішұлының бір ғана білім саласында атқарған еңбегі орасан. Бүгінгі күні «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастар еліміздің жоғары қызметтерінде еңбек етіп, ел мәртебесін көтеру сеп болып жүр. Бұл білім мен ғылымды дамыту, ел экономикасы мен келешегі жолындағы нақты қадам делінген мақалада.
Елбасы осы бір отыз жылдың ішінде жас мемлекетті әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу мақсатымен көш бастады. Көшіміз көлікті болды. Ұлтымызда «Бас болмақ оңай, бастамақ қиын» деген сөз бар. Бұл орайда Қазақстан қалыптасқан қоғамдық құрылыстар ауысқан алмағайып кезеңде кемеңгер басшысын таба білген ел. Иә, дәл осылай деп жазған Мемлекет басшысы әрбір қазақстандық азаматтың ойын дөп жеткізе білген.

Амангелді Әбдірахманов,
ардагерлер кеңесінің төрағасы
02 шілде 2020 ж. 438 0