Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОЙҒА КӨҢІЛ БӨЛУ КЕРЕК

ҚОЙҒА КӨҢІЛ БӨЛУ КЕРЕК

Ауылдағы ағайынның қорасы суреттегіше қозыға, төлге толсын десек әуелі сол ауылдық жерде тұрып, шаруашылықпен айналысқысы келетін жастардың, кәсіп ашқысы келетін ниетті, жұмыссыз тұрғындардың алдына көптеп қой салып бергеніміз жөн. Ауыл шаруашылығын қолдаудың ең төте, тиімді жолы сол ауыл тұрғындарына заттай несие есебінде 150 бастан кем емес саулық қойды қорасына кіргізіп, кепілге сол саулық қойдың өзін қойу керек. Неге, не үшін қой? Себебі, қойды үйдегі кез келген бала-шаға қарап, жайғап, суын, жемін, шөбін бере алады. Қойдың жуастығы бұған мүмкіндік береді. Қой сиыр секілді сүзеген, жылқы секілді тебеген емес. Сонымен қатар шопан ата түлігін атқа мініп, шауып, шабылып бақпайсыз. Жаяулатып жүріп жайын табуғада болады. Оның үстіне бүгінде қойдың нарықтағы бағасы 50-70 мыңның арасында тұр. Қозыңыз 20-25 мың. Тоқтыңыз 35-40 мың. Тұсақ 40-50 мың. Бордақыға қойсаңыз, 3 айда саудаға шығарасыз. Биыл ауыл шаруашылығын қолдауға миллиардтаған теңге бөлінді дедік. Бірақ ауылдағы қазақтың оң жамбасына келетін осы кәсіпке, осы түлікке министрлік тарапынан тым дұрыс көңіл бөлінбеген секілді. Бұл менің көзқарасым бойынша. Мүмкін қателесермін. Ол жағы маңызды емес. Несиеге кепіл етіп берілген қойдың өзін қойу керек дегенді негізсіз айтып отырғанымыз жоқ. Бұл енді көпшіліктің көп айтып жүрген пікірі деп біліңіз. Себебі, ауылдағы көптеген ағайынның үй-жайы 2 млн теңгеден ары асып, бағалана қоймайды. Бұл тұрғыда осыны да ескеру керек. Мен әңгімені желіні шулатып жатқан шошқаның айналасынан қозғап отырғаным жоқ. Басқа, бөтен кәсіпте, оған бөлінген көмек, қолдау, қаржыда шаруам жоқ. Шошқа мәселесі туралы «Қазына» агрохолдингінің басшысы Алмасбек Садырбаев керемет түсіндіріп берді. Оған енді тоқталудың жөні жоқ. Бізге қажеті осы ата кәсіптің жанданғаны, көмек, қолдау, жеңілдетілген несиенің қолжетімділігі. Кеше Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына хабарластық. Мақсат сол қой шаруашылығына несие алу. Ондағы тиісті маман (ватсап желісі бойынша келген хабарландыру бойынша көрсетілген телефон нөмір) қойға 4 млн теңгеге дейін несие берілетіндігін, кепілге жылжымайтын мүлік қойылу керектігін жеткізді. Тиісті құжаттар топтамасының тізімін жергілікті кәсіпкерлер палатасынан берілетінін білдік. Содан салып ұрып палатаға барып, керекті құжаттар тізілімін сұрадық. Құжаттар тізімі бойынша 1-ші жеке кәсіпкерлік куәлік, ШҚ, ЖШС құжатынан басталып, 43-ші тізім бойынша Сізге кепілгер болатын кісінің жолдасының (зайыбының) нотариус арқылы бекітілген келісімі керек. 43 құжат. түрлі анықтама. 4 млн теңге несие алу үшін осыншама құжаттар не үшін керек? Жарайды. Бұған түсіністік таныталық делік. Бірақ осыншама шабылып жүріп қолжеткізген несиеңізге қанша қой алуға болады? Орта, бойдақ саулығыңыз 50 мың теңге. Егер тұтыну, көбейту үшін қой алғыңыз келсе осы бағадан арзанның сорпасы татымсыз. Одан кемі кем. 80 бас қой алдыңыз делік. 80 бас қойды бір отарға жеткізу үшін ең кемі 5 жыл бел шешпей еңбек ету керексіз. Қойдың, саулықтың саны 200-ден асқанша қойшыға пайда да түсім де түсуі қиын. Пайда өз шығынынан артыла қоймайды. Дәрі-дәрмек, жем-шөп арзан емес. Оныда ескеру керек. 5-6 жыл қысы-жазы қойдың соңында жүру, оны отарға толтыру үлкен күш, жігер, қайратты талап ететін ауыртпалығы зор жұмыс. Оңай емес. Бұны мал баққан адам жақсы түсінеді деп білемін. Анау-мынау азаматыңыздың жігерін шағып жіберетін шаруа бұл. Оның үстіне 4 млн несиені қайтару мәселесі тағы бар. Жалпы айтқанда айналымы аз. Төлдейтін саулығы аз болған соң кірісі төмен, пайдасы өз шығынымен, күнделікті ішім-жемінен әзер артылып отырғанда оған несиені қайтару проблемасы келіп қосылса, шаруаға қиын соғуы ықтимал. Сондықтан қойға берілетін несиенің көлеміде көп болу керек. Несие көлемі ең кемі 200 басқа есептеліп берілу керек. Сонда кірісі де көп, көңілі де жай қой баққан шаруа айналдырған екі-үш жылда қиналмай қойды 600-ден асырып отарға толтырып алады, алған несиесінде қиналмай қайтарады деп есептеймін. Осы жазбаның қорытынды нүктесі қойылғалы тұрғанда Қызылорда қаласындағы аграрлық несие корпорациясынанмын деп, Аят есімді азамат хабарласты. Біздің осыдан бірнеше уақыт бұрын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы қой алуға берген несиелік өтініміміздің тіркелгендігін, соған сәйкес Қызылорда қаласы Д.Қонаев 33 мекенжайында орналасқан кеңсеге келіп кеңес алуды ұсынды. Айтуынша шаруаға берілетін 15 проценттік несиенің 10 процентін үкімет субсидиялайды екен. Бұлда болса әрине, үлкен көмек-қолдау деп білейік. Дегенмен берілетін несие көлемі 150-200 бас қойдан кем болмауы тиіс. Бұл мәселені сол кеңесшілердің алдына барғанда тағы бір көтеріп көруді жөн санап отырмыз. Қойдың мәселесін, қойшының жай-күйін қалың қазақ болып қолдап, көтеріп отырсақ, қазақтың даласын қойға толтырсақ, баласын байытсақ дегендік.

Н.ПІРІМБЕТ
23 маусым 2020 ж. 751 0