Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бізді шошқа бағудан Құдай қалай сақтады?

Бізді шошқа бағудан Құдай қалай сақтады?

Ақмая ауылында сонау өткен ғасырдың 80-ші жылдарында ірі комплексті мыңдаған басқа арналған шошқа фермасының құрылысы қарқынды жүріп, барлық талапқа сәйкес, силикат кірпіштерден баздар салынды. Айналасы бірнеше гектар жер бетонмен қоршалып, автоматтандырылған түрлі құрылғылар, жарықтандырулар жүргізіліп, 300 метр тереңдіктен ұңғыма-скважина арқылы ыстық су тартылып, жүгері, жоңышқа шөптерін сүрлемдеу үшін арнайы бетондалған орындар әзірленіп, енді тек талпақ танау тұқымдарын, ірі мегежіндерін әкеліп, жайлы қора-жайға топырлатып кіргізіп, қорсылдатып бағу ғана қалған болатын. Иә, ол жылдары ауылда кәрістер көп тұратын. Тіпті осы Ақмая-Авангард ауылынан шыққан 16 Социалистік Еңбек Ерінің барлығы дерлік кәріс ұлтынан болғандығын сөз етсекте жеткілікті. Бұдан артық дәйектің қажеті болмаса керек. Осы орайда тарихқа аз-кем шегініс жасасақ деймін. 1975 жылға дейін Ақмаяда саулық, аналық қойдың саны 20 мыңнан көп болған екен. Осынау қойды көрші совхоздарға өткізіп жіберіп, шопандардың таяғын кетпенге ауыстырып жіберіп, азғана жылда шошқа фермасының құрылысы қарқынды жүріп шыға келгенін немен түсіндіруге болады? Кеңестер өкіметінің сол жылдардағы ұлт саясатынан сүріне бастағанымен ғана түсіндіре алмақпын. Басқа ештеңемен ақтап алуға келмейтін әрекет емеспе. Айта кету керек, бұл уақытта ауылда бұл фермадан бөлек екі сиыр, сауын фермасыда қатар жұмыс істеп тұрды. Бірақ ол екі ферманың жай-күйі, техникалық жабдықталуы жаңадан салынған шошқа ферманың қасында тауық кетектей көрінетін. Ол кезде совхозда Константин ­Васильевич Хван басшылық қызметте болса керек. (К.Хванның елге жасаған еңбегі ерен. Ұлты кәріс болғанымен, жүрегі қазақ) Содан ферманың барлық құрылысы бітіп, облыстан басшылар келіп, көріп, ашылуға рұқсат алу ғана қалады. Авангард – ірі совхоз. Негізгі кәсібі – күріш. Диқаншылық. Дегенмен мал шаруашылығында қатар алып келеді. Жем-шөп өзінен. Тіпті жетіп артылады. Сондықтан экономистер шошқа фермасын ашуға ұсыныс берсе керек. Оның үстіне ауылда орыс, кәріс, украин ұлттарыныңда қарасы қалың. Сол орыс, кәрістердің жеке есік алды-қораларында торайларын топырлатып мегежіндері өріп кейде көшеге шығып кететін. Жоба, жоспарға осындай аралас ұлт факторы да негізге алынса керек. Содан не керек біткен құрылыстың бағасын алу үшін облыстан келетін басшыларды күтіп, ауыл, аудан белсенділері тағатсызданған. Күткен басшыда келіпті. Ферманы аралап көріп, дән риза болған дөкей бастық ауыл, совхоз басшыларының арқасынан қағып, заманауи құрылысқа оң бағасын беріпті. Соңында «Жолдастар, партия тапсырмасын тыңғылықты орындап шықтыңдар. Дегенмен бір сұрағым бар. Ауылда қазақ ұлтының саны қанша? Қазақтар бұған қалай қарайды?» депті ғой. Бұл жылдары ауылда өзге ұлттан гөрі қазақтардың қарасы қалыңдай түскен еді. Есептей, санай келсе қазақтың үлес салмағы 60 проценттен асып 70 процентке жетіп қалған екен ғой. Осыны білген әлгі облыстан келген үлкен бастық басын шайқай отырып «Бұлай жасауға болмайды. Қазақтардың үлес салмағы басым екен. Шошқаның орнына сиыр фермасы етіп, құжатын өзгертіңдер» деп қатаң тапсырып, солай жасатқан екен. Сөйтіп мұқым ауыл облыстан келген басшы, Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы, Сағидолла Құбашұлы Құбашовтың арқасында шошқа бағудан аман қалған екен. Жарықтық Сағидолла көкеміз сөйтіп қанына тартпағанның қары сынсынды көрсетіп кеткен. Жақсының жақсылығы ел жадынан жойылмайды. Мемлекет және қоғам қайраткері С.Құбашовтың ұлт саясатына келгенде Г.Колбинмен де келіспей қалған кездерін оқи отырып, шындығында нағыз ұлтжанды азамат болған екен-ау деп ойладым. Айта кету керек, бүгінде ауылда осы ферма жұмыс істеп тұр. Ішінде сауын сиырлар бар. Бірақ тұрғындардың дені әлі күнге дейін бұл ферманы «Шошқа ферма» деп атап жатады.

Н.ПІРІМБЕТ
23 маусым 2020 ж. 274 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930