Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Генерал Сабыр Рахимов

Генерал Сабыр Рахимов

Сабыр Рахимов – Орта Азиядан шыққан тұңғыш Кеңес гвардия генералы, өзін іскер ұйымдастырушы, батыл да білікті әскербасы ретінде таныта білген, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстанда басмашылармен күресте жауынгерлік Қызыл Жұлдыз орденінің иегері, Ұлы Отан соғысында бір емес үш дивизияға басшылық еткен, Кеңес одағының батыры,қолбасшыларға берілетін ІІ дәрежелі «Суворов» орденгімен, «Ленин» орденімен, төрт мәрте «Қызыл ту» орденімен және көптеген медалдермен наградталған. Оның қолбасшылық дарыны дивизияларды басқарған кезінде өзінен күші әлденеше рет басым немістің мықты генералдары Клейс, Фон Буш, Фрикке басқарған айқастарды, басқыншыларға ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, қирата соққы берген тұста барынша жарқырай көрінді.
С.Рахимов – 1902 жылы 25 қаңтарда Ташкент қаласы, Ескі Жуа махалласы, Сарқырама көшесіндегі су диірменші Омардың отбасында дүниеге келген. Әуелі Исмаил молда медресесінде ескіше оқып, араб, парсы тілдерін меңгерген. Сабырдың ынта-жігерін, еңбексүйгіштігін және өте қабілеттілігін таныған әкесі Омар оны орыс мектебіне береді, бірақ ол көп өтпей қайтыс болады. Шешесі Баһарайым мен қарындасы Айнисаны асырау, отбасы, тұрмыс тауқыметі, оның ауыртпалығы мен азабы Сабырдың мойнына түседі. Өмірдің талай қиыншылықтарын басынан кешіреді. Ескі Жуа базарында арбаға жүк арту-түсіру, базаршылардың жүктерін түнде қарауылдау сияқты түрлі жұмыстар атқарады.
1915 жылы Сабыр үшін өте ауыр жыл болған. Әуелі, қарындасы Айниса, көп өтпей анасы Баһарайым қайтыс болады. Көшеде, базарда тентіреп жүрген жерінен Сабырды қазаңдық татар Шәміл Хасановтың әртүрлі ұлттан құралған жетім балалардың паналау интернатына қабылданады.
1920 жылы Ташкент тігін фабрикасына жұмысшы болып қабылданады, комсомол қатарына кіреді, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.
1922 жылы Баку әскери мектебіне оқуға түсіп, 1925 жылы бітіріп шығады. 1925 жылы жаңадан тағайындалған СССР әскери қолбасшысы М.Фруизе қатысқан Әзербайжандағы атты әскерлер оқу-жаттығуында Сабыр Рахимов жауынгерлер арасында айрықша көзге түседі. Қолбасшының қолынан мақтау қағазымен қоса бағалы сыйлық, қоладан құйылған тұлпар мүсінін алады.
1925 жылы тамыз айында туған өлкесі Өзбекстанға қызметке жіберіледі. Ол кезде Өзбекстанның оңтүстік облыстарында, Тәжікстанда және Түркменстанда басмашылармен қызу күрес жүріп жатқан. С.Рахимов Самарқант қаласындағы атты әскер эскадронында взвод командирі болып тағайындалып, басмашылармен соғысқа кіріседі.
1926 жылы басмашылардың Тәңірберді датқа және Селім паша басқарған екі тобы бірігіп, Сұрхан дариясының сол жағалауында шоғырланып жатқаны белгілі болады. Басмашыларды жою үшін жауынгерлік операцияның жоспары жасалып, 2 кавалерия, 1 атқыштар дивизиясы және Самарқанның кавалерия полкы қатыстырылады. Операцияға КСРО әскери кеңесінің мүшесі С.Буденный және Түркістан майданы қолбасшысы К.Авксентьевский басшылық жасайды. Осы соғысқа қатысқан взвод командирі Сабыр ­Рахимов айрықша ерлік көрсетеді, сол иығынан жараланып, госпиталға түседі. Кеңес Одағының атақты қолбасшысы С.Буденный госпиталға арнайы соғып, Түркістан майданы қолбасшысының атынан взвод командирі Сабыр Рахимовты соғыс құралы алтын сапты қылышпен марапаттайды. Қылыштың эфесінде мынадай жазу бар «Красному Рахимову за проявленное героичество в боях с басмачами». Бұл С.Рахимовтың бірінші жауынгерлік наградасы болатын.
1927-1932 жылдары эскадрон командирі С.Рахимов Жунайд, Махмуд, Азизхан, Қожамқұл, Омар Эфенді және Тәжікстандағы Ибрагимбек басқарған басмашыларды жоюға қатысады. 1928 жылы қазан айында ВКП 6 қатарына кіреді.
1929 жылдың аяғында аяғынан жараланып, Самарқан қаласындағы госпитальда емделген соң 1930 жылдың басында Ялтаға демалуға жіберіледі. Шипажайға артынан іздеп барған Ташкенттегі бала күнгі сүйіктісі, татар қызы Хасанова Әмина Шәмілқызына үйленеді.
1933-1937 жылдары Самарқан қаласында аға командир ретінде әскери кадрларды дайындау және тәрбиелеу қызметімен айналысады.
1936 жылы С.Рахимов басмашылармен соғысты көрсеткен ерлігі және адал ниетті қызметі үшін жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды.
Жұбайы Әминаның бала көтере алмайтыны жөнінде сараптамасын алған соң 1937 жылы 2 жасар Ыдырыс есімді баланы балалар үйінен асырап алады.
Сабыр Рахимовтың 1938-1939 жылдардағы өмірі белгісіздеу, сірә, сол жылдары болып өткен «ұлы террор» ол кісіні де айналып өтпеген сияқты. «Ұлы террор» кезінде Кеңес Одағының әскери кадрлары айрықша аяусыз қырғынға ұшырағанын төмендегі қысқаша мәліметтен білуге болады:
1935 жылы СССР-да маршал атағы енгізіліп, ол атақ 5 әскербасыға (Блюхер, Тухачевский, Буденный, Ворошилов, Егоров) берілген болса, оның үшеуі (Блюхер, Тухачевский, Егоров) репрессияға ұшырап атылды.
16 командармның 15-і,
67 комкорпустың 60-ы,
199 комдивизияның 136-сы,
397 комбригтің 221-і барлығын қосқанда 25 мыңнан астам командирлер құрамы атылды, түрмеге жабылды.
1941 жылы 22 маусым Ұлы Отан Соғысы басталғанда Сабыр Рахимов Самарқан қаласындағы әскери полк командирінің майор шеніндегі орынбасары болатын.
1941 жылы 25 шілде күні 43-армияның 104-мотоатқыштар полкі командирінің орынбасары, майор Сабыр Рахимов Елна ауданында соғысқа кіреді. Соғыстың бірінші күні полк командирі Ермоленко ауыр жарақаттанып, полкты басқару Сабыр Рахимовқа жүктеледі. 26 шілде күні бүкіл әскери бөлімнің жау қоршауында қалғаны белгілі болады. 1 тамыз күні Сабыр Рахимов басқарған полк, өзінен аса мықты жау қоршауын аз шығынмен бұзып шығады. Ауыр жараланған Сабыр Рахимов Железневодск госпиталында есін жинайды. Көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін «Қызыл Ту» орденімен наградталып, подполковник шені беріледі.
1941 жылдың қазан айында жарақатынан жазылып шыққан соң, 56-армияның, 353 дивизиясы, 1149 атқыштар полкі командирлігіне тағайындалады. Ростов, Таганрог қалаларын жаудан азат етудегі ерлігі үшін «Қызыл Ту» орденімен наградталады.
1942 жылдың басында 353 дивизия18-армияның құрамына өтіп, Девальцево ауданына ауыстырылады, Донбас үшін күресте ауыр жараланып, госпитальға түседі. Ерлігі бағаланып, «Қызыл Ту» орденімен наградталады.
1942 жылы мамыр айында Сабыр Рахимов 353-атқыштар дивизиясы командирінің орынбасары қызметіне тағайындалады.
1942 жылдың 1 тамыз күні Закавказ Фронты, 395 шахтерлар дивизиясына командир болып тағайындалады. 1942 жылдың 27 тамызда кезекті полковник атағы беріледі.
1943 жылы 2 ақпанда КСРО жоғары Кеңесі Президиумының жарлығымен екінші дәрежелі Суворов орденімен наградталады.
1943 жылы 19 наурызда КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің Қаулысымен генерал-майор атағы беріледі. Солтүстік Кавказды азат етудегі еңбегі жоғары бағаланып, «Қызыл Ту» орденімен наградталады.
1943 жылы маусым айында Москваға Генштабтық М.Фруизе атындағы Академиясына жеделдетіп оқу курсына оқуға жіберіледі. Оқу алдындағы қысқа мерзімді демалысында Сабыр Рахимовтың Ташкентке самолетпен ұшып келуін Өзбекстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Усман Юсупов ұйымдастырады.
Москвадан ұшып келген Сабыр Рахимовты аэропортта Ташкент қаласының халқы үлкен қошеметпен қарсы алады, митингіде шығып сөйлеген белгілі өзбек зиялылары көп ұлтты Кеңес армиясы қатарында өзбектен шыққан бірінші генерал, Ұлы Отан соғысының батыры, ірі тұлға, республика мақтанышы ретінде ардақталады. Митингіден соң, генерал Сабыр Рахимов Өзбекстан ПК Орталық комитетінің бірінші хатшысы Усман ­Юсупов қабылдауында болады. Аз күнде Батырдың Ташкент авиация заводында, вагон ремонттау заводында және Қыбырай колхозында халықпен кездесуін ұйымдастырды. Осы сапарында қаладан телефон орнатылған үш бөлмелі пәтерде қоныс тойын тойлайды.
Сабыр Рахимов 1944 жылы мамыр айында академияны бітірген соң 1-Белорусь майданы, 8-гвардиялық армиясы, 47-гвардиялық дивизияның командирлігіне тағайындалады. Белорусияны жаудан толық тазартып, Польшаны азат ету жорықтарында ерен ерліктің үлгісін көрсетеді.
1944 жылы қыркүйек айында Усман Юсуповтың баласы Асқар Юсуповты адюданты етіп қабылдайды.
1944 жылы 4 қараша күні І-Белорусь майданы, 65-армия, 37 атқыштар дивизиясының командирі болып тағайындалады. Кеудесінде 4-жауынгерлік Қызыл Ту ордені, ІІ дәрежелі Суворов ордені, Қызыл Жұлдыз ордені және 10 рет жараланғаны жөнінде белгісі бар генералды дивизия офицерлері жылы қабылдайды.
Сабыр Рахимов басқарған 37-атқыштар дивизиясы Польшаны азат ету барысында жаудың 1150 минометін, 1336 автоматын, 74 пулеметін, 1158 автомобилін, 8-эшалонын, 55 самолетін, 5 танкісін, 10 мыңнан астам жауынгерлерін қолға түсірген.
1945 жылы 25 наурыз күні Данциг қаласына шабуыл кезінде, сол маңдағы Фиррек деген жерде С.Рахимовтың маңдайының сол жағынан мина жарықшағы кіріп, миын зақымдаған. Самолетпен алдырылған хирургтың шарасы болмай, есін жимаған күйі 26 наурыз күні түс мезгілінде қайтыс болады. Мина жарылған жерде дивизияның саяси бөлімі бастығы подполковник А.Смирнов байланыс бөлімінің бастығы подполковник С.Голованю тілге келмей қайтыс болған.
1945 жылы 25 мамырда Сабыр Рахимовтың сүйегі Ташкент қаласы бауырластар зияратына әкелініп, Өзбекстанның бірінші президенті Юлдаш Ахунбабаевтың бейітінің жанына қойылды.
1965 жылы 6 мамырда КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен генерал-майор ­Сабыр Рахимовқа Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлік қызметі үшін «Кеңес Одағы Батыры» атағы берілді.
Кезінде Кеңес Армиясы генералдары Рыжев, Л.Брежнев, В.Чуйков, И.Петров, К.Ракосовский, А.Гречко, П.Батовар Сабыр Рахимовтың жауынгерлік қызметтерін жоғары бағалаған. 18 армия саяси басқармасының бастығы, генерал-майор Л.Брежневтің Соғыс Кеңесіне берген хабарламасында: «Командир 1149-го стрелкового полка подполковник С.Рахимов 24 января 1942 года под хутором Греко-Тимофеевским вынужден был повторить то, что он сделал при наступлений на Ростов в трудную минуту, когда командиры батальонов были выведены из строя, сам лично повел третий батальон в наступление, проявив при этом мужество и доблесть».
56-армия қолбасшысы генерал-майор Рыжов Сабыр Рахимовтың командирлік сапасына былайша анықтама берген: «Волевой, решительный, инциативный командир. Отвага и мужества товарища Рахимова служат всегда образцом подчиненному ему начсоставу».
12-армия қолбасшысы генерал-майор А.Гречконың берген мінездемесі: «Идиологически выдержанный, тактический, грамотный, дисциплированный офицер. В боебой обстановке руководит частями дивизии правильно».
Басқа да аға командирлердің мінездемелерінде, түрлі ұсыныстарында, естеліктерінде Сабыр Рахимовтың өжеттігі, тәртіптілігі және келешегі зор әскери қолбасшы екендігі айтылады. Алайда, Сабыр Рахимов тірісінде Кеңес Өкіметі тарапынан өз дәрежесінде бағаланбады. Тек 1965 жылы Л.Брежнев келген соң А.Қонаев және Шараф Рашидов бастаған өзбек зиялыларының өтініш-тілегімен оған Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
Сабыр Рахимовтың есімін ел есінде мәңгілік сақтау және жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу жолында Өзбекстанда Кеңес өкіметі тұсында көптеген іс-шаралар жасалды. Ташкент қаласының өзінде аудан, метро станциясы, автостанция, көше, екі орта мектеп, Ұлттық университет жаныдағы академиялық лицей, толық ескерткіші орнатылған алаң Сабыр Рахимовтың атымен аталған. Өзбекстанның көптеген облыстарында көшелердің, мектептердің, өндіріс орындарының, колхоз, совхоздар Сабыр Рахимовтың атымен аталды. Өзбектің бірінші генералы деп әліппеден бастап, мектептің оқу-құралдарына енгізілді, кітаптар жазылды, көркем фильм түсірілген.
1972 жылы 6 маусымдағы «Лениншіл жас» газетінің №109 санында Шымкент педагогикалық институтының доценті Ә.Оспанұлының «Қазығұрт қыраны» атты көлемді мақаласында генерал Сабыр Рахимов туралы жаңа деректер жарияланды. Сабырдың әкесі Омарқұл қазақ, Қазығұрттық Мәмбетқұл датқаның баласы екендігі, шешесі Баһарайым Рахимқызы өзбек екендігі, әкесі ерте қайтыс болғандықтан Сабырдың нағашысы Рахим атасының қолында Ташкент қаласында тәрбиеленгендігі анықталды. Содан бері талай жылдар жылжыды. Қазақстан баспасөзінде Сабыр Рахимовтың ұлты қазақ екендігі жөнінде бірнеше мақалалар жарияланды, ақындар мадақ өлеңдер арнады. Кейбір мақалаларда қазақ пен өзбек халқы арасына жік салып, сына қаққысы келетіндей де пікірлер айтып қалып жатады.
Өзбек халқымен қазақ халқының тамыры тым тереңде жатқанына тарих куә. Қазақта бар көптеген рулар өзбекте де бар, бірақ олар қазақпыз демейді. Мысалға, Қоқанның үш ханы және Өзбекстанның бірінші президенті Юлдаш Ахунбабаевтың тегі қыпшақ. Қоңырат тайпасынан шыққан Мұхаммед Амин 1763 жылы негізін қалаған Хиуа хандығы қоңыраттың соңғы ханы Саид Абдулла 1920 жылға дейін биледі. Өзбекстанның оңтүстік облыстарында қоңырат династиясы бүгінде миллиондап саналады.
Өзбекстанда елеулі қызмет етіп, зор мансапқа жеткен ұлты қазақ қоғам қайраткерлері, ғалымдар, еңбек ерлері көптеп саналады. Соның ішінде менің білетіндерім: Өзбекстан КП Орталық комитетінің хатшысы болған Рамазанов, Ташкент қаласы партия комитетінің хатшысы болған Ұ.Абдірахманов, бірнеше облысты басқарған Б.Насыров, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты болған инженер Т.Бабажанов және суретші О.Таңсықбаев, экономика институтының директоры болған академик Ө.Жамалов, 18 жыл полтехника институтының ректоры болған М.Ниязов, сол институттың жоғары математика кафедрасын көп жыл басқарған ғалым Ә.Өмірбеков, 28 жыл бойы Одақтың мақта өнеркәсібін ғылыми зерттеу институтының директоры болған А.Нұралиев, министрі болған Тасаңбаев, ауыл шаруашылығы министрі болған Ә.Үркінбаев, екі мәрте Еңбек Ері атағын алған, шопан Ж.Балиманов тағы басқаларды тізе беруге болады.
Төмендегі аталы сөздер өзбек халқында да бар: «ауыл аралас, қой қоралас», «төсекте басы қосылған, төскейде малы қосылған», «өлсек көріміз бір, шықсақ төріміз бір», «тапқан ана емес, баққан ана», «ұлының кімнен туғанын анасы білер» т.б.
Қазақ халқы мен Орта Азия халықтарының таризи тағдырластығы, ежелден қоныстастығы, тілдерінің туыстығы, дінінің бірлігі, тағы басқа ортақ сипаттар тұрғанда, жер-суды, атақты, ғалымдарды, қолбасшы батырларды менікі-сенікі деп көңілтарлық жасап, қызыл кеңірдек болмай бірлікті, ынтымақты, ерлікті, батырлықты, татулықты, өзара достықты асқақтаған жөн болар.
Қазір күнде Сабыр Рахимовтың алып ескерткіші Ташкент қаласы, Алмазар ауданы әкімдігі ғимараты алдындағы үлкен алаңда, оң жағында 45 түптен төрт қатар, сол жағында да 45 түптен төрт қатар барлығы 360 түп алма бағының ортасында күн шығысқа қарап, Польша жерінде қалың орман арасында тұрғандай қасқайып тұр.

Тұрғанбай Шығанбаев,
зейнеткер
09 маусым 2020 ж. 1 264 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930