Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақұт тарихты Жөлек

Жақұт тарихты Жөлек

Жөлек деген атына тоқталайын.
Сонау ерте заманда жоқта уайым,
Сыр бойында бір ауыл бой көтерген,
Ортасынан тал-терек, ну тоғайдың.

Көктемде Сырдың суы тасиды екен,
Жол қатынас бұзылып, елді мекен.
Өткел іздеп сондағы қиналған жұрт,
«Жол иегіндегі сол ауыл» деген екен.

«Жол иегі», «Жолиек», «Жөлек» болған деп ақын жүрегі тебірене жырлаған Шиелі ауданындағы кішкене ғана Жөлек ауылының тарихы тым тереңде жатыр. Айтсаң аңызға, тарқатсаң тарихқа сыймайтын Жөлек жолы сонау ІХ ғасырдан басталса, атағы хан базарына дейін көтеріліп, халықаралық Жібек жолымен сабақтаса отырып сәуле шашатындай.
Өткен күніне көз жүгіртіп, өзегіне ой шаптырсаңыз, ордалы орынның оясынан шыға алмай шаршайтыныңыз анық. Бағаналы биікке қанша ту қадалып, қанша хан шатыр тікпеді десеңші. Жылыстап өткен ай мен күндер, жылғалап аққан ақтаңдақ уақиғалар тек қара топырағына мәлім.
Жақұттай жайнаған Жөлек сонау Сырдария өзенінің бойына моңғол шапқыншылығынан кейін, яғни Сырдария (Яксарт) өзені Қаратау етегінен ағып, қазіргі Ақөзек, Көкүйірім атанып жүрген өзек бойынан асқаннан кейін барып орналасқан ежелгі қыпшақ қонысы дейді тарихшылар.
Атақты ғалым, шығыстанушы В.Бартольд 1902 жылы Орта Азияға келген сапарында Сырдария уәлаятынан көне тарихи географиялық құжаттар сақталған іс қағаздармен танысып, Сығанақ шаһарына қатынасы бар төрт бірдей хан жарлығын кездестіреді. Мұның ішінде Әмір-Темірдің берген жарлықтары бар. Бұл табылған құжаттар негізінен көне түркі және парсы тілдері аралас қолданылған «шағатайлық үлгіде» жазылған еді. Әмір-Темір атынан жазылған бір жарлықта Сражиддин шайықты Шейх-әл-ислам етіп тағайындау және оған Ордакент, Қызылтал, Тұрман һәм Бұзғылөзек (Чіһел (Шиелі) тоғай маңы) арықтары бойынан арық бөлініп бергендігі атап көрсетілген. Әмір-Темірдің жарлығында да, Абд-ар-Рахим хан мен Убайдолла хан нышандарында да өздері атаған адамдарға «тархан» атағы берілгендігі, олардың алым-салықтан түгелдей босатылғандығы туралы арнайы айтылған. Жарлықтардан Тоқтамыс пен Қараш-Қайнар бастаулары («Чашмалар») мен Келте Чалғия, Қызылтал, Арсланды, Жөлек, Мыңбұлақ арықтарының Сығанақ тұрғындары меншігі екендігін мәлімдеген. Жөлек (Чулак) бекінісіне байланысты айтқанда, оны «шағын өзен» деп көрсеткен. Осы мәліметтерге сүйеніп, Жөлек шежіресінің ХІІІ-ХІV ғасырлардан бастау алатынын аңғаруға болады. Ал осы атыраптағы археологиялық тарихи жәдігерлерге көңіл бөлсек, Жөлек маңындағы Оқшы ата қорымындағы Асан ата, Оқшы ата, Қыш ата, Ғайып ата, Кітап ата т.б. көне мазарлар Жөлек аумағының шежіресін ІХ-ХІ ғасырлар тұңғиығына тартады. Тоғыз жолдың торабындағы Сығанақ қаласы – Қыпшақ мемлекетінің үлкен сауда-саттық және ­саяси орталығы тұғын. Сығанақ арқылы Ұлы Жібек жолының керуеншілері келіп, Иассыға, Отырарға, Сайрамға тауар жеткізіп, сауда-саттықты дамытып отырды.
Сонымен қатар Сырдария және қатар жатқан Қаратау өңіріндегі Созақ, Құмкент, Жаңакент, Жөлек сияқты қалалар мен қыстақтардың да қолайлы орталықтары болған. Ең үлкен «Хан базары» Жөлекте болған. Осы ауыл арқылы Бұхараға баратын хан жолы өтетін. Жол иегінде ылау ұстайтын керуен сарайы болған. Мұнда Абылай әскері мен ­Кенесары қолы атының басын тіреген.
Айта берсек аңызақтағы сағымдай бұлдыраған сары алтын уақиғалар таусылар емес. Сондықтан бұл кішкене ғана ауылды тұтас бір елдің темірқазығы деуге де болатындай. Таудай тарихы қойнына алған осы бір өлке жайлы М.Қаратаевтың редакторлығымен 1974 жылы жарық көрген «Қазақ Кеңес энциклопедиясының» 4-томында төмендегідей түсінік берілген: «Жөлек – Қызылорда ­облысының Шиелі ауданындағы ауыл Аудан орталығының батысында 32 км, Сырдарияның оң жағасында, Бәйгеқұм теміржол станциясынан 4 км. Халқы – 1,4 мың (1970). Жөлек – Сырдария бойындағы ежелгі қыпшақ ауылы. Дарияны шектей жол өткендіктен алғаш «Жолиек», кейін «Джолиек», «Джулиек» аталып, ақыры «Жөлек» болды. 1929 жылы Жөлекте «Күрішші» коммунасы ұйымдасып, ол 1932 жылы «Социализм» колхозы атанды. Қазір Жөлек «Сырдария» қаракөл совхозы мен ауыл Кеңесінің орталығы. Жөлекте аудандық аңшылар қоғамының бөлімшесі, жөндеу шеберханасы, тұрмыс қажетін өтейтін комбинаттың бөлімшесі, орта мектеп, мәдениет сарайы, кітапхана, аурухана т.б. бар деп келтіріледі.
Қазірде Жөлек ауылы Батыс Қытай – Батыс Европа автожолынан және Бәйгеқұм теміржол стансасынан 4-5 шақырым жерде, жер көлемі 6210 га, халқының саны 1870 (2014 ж.) адамды құрайтын 310 отбасы бар.
Мінекей, осындай қасиет қонып, кие түнеген Жөлектің тарихы мұқым елдің мұрасындай, ұлы даланың ұрасындай, киені күмбезіндей болып сақталып келеді.

Мөлдір Тоғызбаева
06 маусым 2020 ж. 794 0