Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарашаңырақтың қасиетін ұмытқан жоқпыз ба?

Қарашаңырақтың қасиетін ұмытқан жоқпыз ба?

Қазіргі қала тұрмысы ата-әжелерімізбен бірге ауыз үйдің ортасына дөңгелек үстелді қоя салып, аз-көп болсын, бөліп-жарып таңдайға татырлық балдай етіп шай ішіп отыратын кезеңдерді өткен күннің еншісіне ұзатып жібергендей. Расында, осы бір қасиетті «қарашаңырақ» ұғымы өткен ғасырдың қойнауында қалып қойған жоқ па? Бүгінде ол қандай болуы керек? Тәлім мен тәрбиенің ошағынан қандай ұстанымды алға тартамыз? Біз бүгінгі басылымның санында осы тақылеттес сауалдарға жауап­ іздейміз.
Ғалымдар тарихта отбасы институты индивидтен гөрі қоғамға қызмет көрсете бастағанын айтады. Қазіргі отбасының құндылығы өзгеріске ұшырап, отбасылық міндеттері мен ажырасқаны үшін жауапкершілік те азайды. Қарашаңырақ осы отбасылық дәстүрді ертеңге алып баратын құнды жүйе екенін естен шығармауымыз керек.
Бұл – ата мен немереге, бауыр мен шөпшекке тәлім-тәрбие үлгісін көрсететін, сыйлайтын салиқалы мектеп. Тәлім-тәрбиенің үрдісі сол қарашаңырақтағы өнегелі істерден өріс алады. Ондағы әрбір өнеге боларлық іс үрім-бұтаққа сеп болып жатса, қуанарлық іс деп біліңіз. Ата тәлімінен үлгі алып жатқан баланың үйренген өнегелі еңбегі сабақ. Соның өзі өзгеге үйрете алса, үлкен үлгі.
Бүгінде Батыс елдерінде отбасының негізгi діңгектері сөгіліп бара жатқаны жасырын емес. Мәселен, Исландияда некесіз туған балалар саны – 65, Эстонияда – 56, Швецияда – 55, көрші Ресейде – 30 процент. Бұл көрсеткіштер отбасы институтының күйрегенін білдіріп тұрған жоқ па?!
Қазақстанда әлі күнге дейін ата-әженің рөлі жоғары бағаланатын «үлкен отбасы» үлгісі сақталып келгенімен, бұған да қауіп жоқ емес. 1970-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюро мүшесі, Алматы қаласының басшысы, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Кеңес Аухадиев­ бірнеше жыл бұрын журналистермен кездескен кезде отбасы институтындағы қарашаңырақ керегесінің тарылуына қазақтың қалалық ұлтқа айнала бастауы үлкен әсер еткенін жеткізген еді. Себебі, ауылда қалған әке-шешенің қалалық болып кеткен ұл-қызымен бірге тұруға мүмкіндігі қалмады.
«1970-1980 жылдарға дейін құрылыс жобаларында таза ауамен демалуға мүмкіндік беретін балкон мүлдем ескерілмеді. 1980 жылдары ғана біз балконды жобалауға рұқсат ала алдық. Біз мұны қазақтарға ғана арнап жобаладық. Себебі, қазақтың ұлының соңынан көшіп келу үрдісі сол жылдардан басталды. Кезінде ауылдағы қазақ аналарының қалаға көшін Асқар Сүлейменов, Асанәлі Әшімов, Әбіш Кекілбаевтардың аналары бастады» деген еді Кеңес Аухадиев.
Қала шетінде 300-500 шаршы метрден асатын зәулім коттедждер салынып жатыр. Қазіргі жағдайда жеті атасымен бірге тұруға мүмкіндік бар. Тек көңіл сыйса болғаны. Бірақ «Үлкен әулет болып тұрып жатыр» дегенді сирек естиміз.
Атаның батасы, әженің әңгімесі, ертегісі, әкенің өнегесі, шешенің тәрбиесі – балаға үлкен тәлім. Олар тәлім-тәрбие беріп қана қоймай, бала бойында ақыл-қайрат, білім-тағылым алу қасиеттерін дамытуға үнемі көңіл аударып, жіті мән береді. Осыдан бала отбасы мүшелері арасындағы ең жарасты, сыйлы қарым-қатынастардың куәсі болып, үлгі-өнеге алады.
Ата мен әже – бала үшін қашан да мереке. Себебі, ата-анасы салған тыйымға қариялар кашанда көз жұма қарайды. Мысалы, артық тәттіге деген әуесін қандыру, қалаған ойыншығын мөлшерсіз иелену деген сияқты. Әсемдікке құмар Франция елінің балдырғандарының басым бөлігі ата-әжелерін тек демалыс күндері ғана көреді. Себебі, аталған елдің қариялары немерелеріне бесік жырын жырлағаннан гөрі, әрленіп алып өз замандастарымен мейрамханаларда қызыл шарап үстінде әңгіме-дүкен құруды жөн санайды екен. Үлкендердің өмірлік тәжірибесімен алмасуға, ақыл-кеңесін тыңдаудан шет қалған бала тәрбиесімен тек қана ата-анасы айналысады. Ал үлкендер тәрбиесін көрген бала көпшіл, байыпты, салмақты болып өседі.
Қазақ халқы ата салтын, данышпан-абыздарын, қарияларын қашанда қадір тұтқан. Ұрпағы өзі тәрбие алған ата-анасымен қатар, ата-әжесінің де абыройын асқақтатуға асыққан. Баладан «Кімнің баласысың?» деген сұраққа бірінші кезекте әкесінің емес, атасының есімін атаған болатын. Тымағы мен қолынан таяғы түспейтін шежірелі қариялар мен кеңетек көйлекті, ақ жаулықты, жүздерінен жылы мейірім төгіліп тұратын әже бейнесі әр қазақ баласы үшін ұлы бейне, орны ерекше әрі қадірлі жандар. Қариялардың тәрбиесі арқылы бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні сыйлай білуге дағдыланады. Дана халқымызда «Бесік жырын естімегеннен не адамшылық күтесің?» деген нақыл сөз бар емес пе?! Осыдан баланың мінез-құлқы салмақты қалыптасып, шаруаға бейім, тілалғыш, мейірімді болып өседі. Үлкендердің тәрбиесін алғанды халық «тәрбиелі бала», «көргенді бала» деп бағалап жатады. Себебі, бала олардың мейірімі мен жүрек жылуына бөленіп өседі. Қариялардың баланы үнемі той-томалақ, жиын, ас, тіпті жаназаға ертіп баруының да тәрбиелік мәні бар. Көріп, танып, біліп, көңіліне тоқып, ой түйсін дейді. Міне, тәрбиенің осындай әдісін қолданған халқымыздың ұрпағы, шүкір, елінің еңсесін түсіріп жатқан жоқ. Қарашаңырақ – ол қашанда тәрбие құралы. Сол себепті, қарашаңырақтың қасиетін ұмытпайық!

С.МАДИЯРОВА

02 маусым 2020 ж. 606 0

Қоғам

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (9187)

19 наурыз 2024 ж.

№22 (9186)

16 наурыз 2024 ж.

№21 (9185)

12 наурыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031