Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Пандемия һәм адамзат

Пандемия һәм адамзат

Күллі әлем бетпе-бет келген, қала берді ел аузында «тәж тажал» деп айдарланған коронавирус – біздің еліміздің алдына күрмеуі қиын сынақ ретінде қойылуда. Тәуелсіздік жылдарында жас мемлекетіміз бұған дейін де бірнеше дүркін экономикалық, сауда, қаржы дағдарыстарын, сондай-ақ табиғи апаттарды бастан кешкен.
Алайда, «Сегіз ұлым бір төбе» дегендей, бұл жолғы жайттың жөні басқаша. Ерекшелігі сол, ол балабақшадағы сәбиден бастап, еңкейген қарияға дейін пенденің барлық буынын, анығында барша халықтың әдеттегі тыныс-тіршілігін, қажет десеңіз тағдырын тұтас қамтыды. Көршілес Қытайда басталып, көп ұзамай өзге елдерге дереу тарай бастаған бұл індеттің қатерінің ауқымын жан-жақты мұқият бақылай білгендіктен болар, еліміз дер кезінде қажетті жедел шаралар қабылдап, нәтижесінде ел ішінде таралу қаупін тежеуге қол жеткізді.
Жасыратыны жоқ, ғаламшардағы әлеуетті, ықпалды, алпауыт елдердің өзін есеңгіретуге жеткізген аталған құбылыстың біздің мемлекет үшін де өте үлкен көлемдегі ауыртпалық әкеліп отырғаны әмбеге аян.
Әсіресе, өмір сүруге керекті қаражатын күнделікті айырып отырған миллиондаған қарапайым адамдар үшін күтпеген жерден қиындықтар туғызды. Мінекей, дәл осы санаттағы ел тұрғындарына Президент Қ.Тоқаевтың пәрменімен қажетті қаражат көлемі бөлінді. Бұл да батыл әрі ізгілік шешім болғандығын жасырмау керек. Көпті әуре-сарсаңға салған жайт биылғы ұзақ қыстан кейін жуанның жіңішкеретін ауыр мерзіміне тұспа-тұс келді. Қатаң карантиндік амалдар көктем уақытына, яғни ауыл шаруашылығындағы ең маңызды кезеңде елеулі қиындықтар туғызғандықтан, Үкімет тарапынан диқандар мен шаруа қожалықтарын қолдауға арналған шаралардың маңызы да талассыз. Сәтін салса барлық науқандық істер уақытылы атқарылып, кең байтақ қазақ даласы жайқалған астығы мен мыңғырған малына толатын, ырысы оралатын күн әлі алда.
Иә, еңку-еңку жер шалған асыл текті бабалар жерінде елдік мұрасын көздің қарашығындай сақтап келе жатқан қасиетті халқымыз өз тарихында бұдан жүз, мың есе ауыр қиянат пен нәубеттерді бастан өткерсе де, жігері жасымаған жасампаздығымен бұл жолғы сынақты да сүрінбей лайықты еңсеріп әкетері кәміл!
Тұжырымдай келгенде, осынау айтпай келген әлемдік ауқымды апат, қандай күрделі қиындықтар болмасын, шын мәнісінде «тыңдайтын мемлекет» қағидаты орнығып, билік пен халық арасында еш жасырынсыз, ашық һәм сындарлы, түсінікті сұхбат жүргізілетін болғанда кез келген кедергіден, қиындықтан жоғары жасампаздықпен, пайымды парасаттылықпен кеудені биік ұстап өтуге болатындығын ұқтырды.
Әрине, жекелеген бір ел емес, ғаламды қамтыған бұл қатерлі індет барша адамзат қоғамдастығының бүгінгі тым қарқынды бет алысы мен ертеңгі өмірінің мәнісіне түпкілікті қайта үңіліп, қазақ ақыны Қасым Аманжолов­ айтқан: «Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы» ұранын, сәл өзгертіп, «Ей, адамзат баласы, өзіңе бір қарашы» деп тұрғандай. Ендеше, өзіміздің де ұлы Абай айтқан «бес дұшпанымызды біліп, бес асыл іске көнуіміз», толық адамға айналу, керегемізді кері тарттырып келген мағынасыз даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз отырыс-жиындар, ысырапшылдық пен астамшылықтан арылып, мүлде өзге сапалы мазмұндағы болмысты қалыптастыруға ұмтылуымыз керек-ақ.

Сұлушаш МАДИЯРОВА

02 маусым 2020 ж. 423 0