Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ елінің тұңғыш президенті

Қазақ елінің тұңғыш президенті

Уақыт зымырап өткен сайын тарихтың қатпары қалыңдай береді. Ойлап отырсақ, еліміз егемендік алғаны, дербес мемлекет атанғаны кеше ғана секілді еді… Ал бүгін Қазақстан тәуелсіздігінің 28 жылдығын тойлағалы отырмыз. Бұл жиырма сегіз жыл қазақ елі үшін алтын ғасырға бергісіз жылдар десек, қателеспейміз. 1991 жылдың бірінші желтоқсанында тұңғыш Президентімізді сайлаған едік. Сол жылдардан бері ел еңсесін тіктеп, буынын қатайту жолында өлшеусіз жұмыстар жүзеге асырылды. Қазақ елінің алғашқы басшысы Н.Назарбаев 79 жасында, яғни биылғы жылдың 19 нау­­рызында президент ретіндегі өз өкілетін тоқтатқан болатын.
Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен қазіргі кезеңнің айырмасы жер мен көктей. Құлдыраған экономика, әлсіреген әлеуметтің жағдайы сол кезде уығын енді тігіп жатқан жас мемлекеттің халқы үшін де, елді басқарушылар үшін де орасан сынақ болғаны сөзсіз. Алайда, осындай ауыр кезеңнен Қазақ елі біртіндеп аяғына тұрды. Сол алмағайып кезде жас мемлекеттің тізгінін ұстаған көшбасшыға көп жағдай байланысты болғаны ақиқат. Бұл ретте республика жұртшылығы өз таңдауын дұрыс жасай білді деуге негіз бар. 1991 жылдың 1 желтоқсан күні елдің тілегімен, халықтың қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев егемен еліміздің тұңғыш Президенті болып сайланды. Осы күннен бастап тәуелсіз мемлекетті басқару міндетін мойнына алған Елбасының саяси көрегенділігі, қиындыққа қарсы тұратын табандылығы таныла бастады.Түптеп айтқанда, тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастап берген Қазақстан кемесі әлем мұхитында еркін әрі сенімді жүзіп келеді. Бүгінгі таңда Қазақстан мемлекеті жер-жаһандағы барлық елдермен терезесі тең қарым-қатынас жасап, бейбітшілік пен татулықтың бесігіне айналған ел ретінде танылып отыр. Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар беруде Тұңғыш Президенттің халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Шын мәнінде, Елбасының саясатының негізінде тәуелсіз қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Расында да, Қазақстанды қазірде әлем мойындайды. Найзаның ұшы, білектің күшімен ата-бабадан қалған елімізді бүгінде 28 жылға жуық басқарған Н.Назарбаев Қазақ елінің туын көкке көтеріп, әлем танымастай етіп өзгертті.
КСРО күйреген өліара шақта, жерінің тұтастығын сақтай отырып, елдің іргесін сөкпей, татулық пен бірлікті, достық пен сыйластықты ту етіп көтере отырып, тәуелсіздігі баянды, жасампаз Қазақстан мемлекетін құру оңай іс емес. Күрмеуі көп қиын шақта, соқтықпалы, соқпақты кезде тыңнан түрен салып, өзіне сенім артқан жұртын ешқандай қантөгіссіз өркениетке жетелеген һәм дамыған әлеуетті мемлекеттердің алдыңғы қатарына қоса білген Президенттің орны ерек ендеше. Демек халық алдында осындай толағай тірлік атқарған Президент күнін атап өту еш әбестік емес. Жалпы мұндай мереке әлемдік тәжірибеде бар. Дүниенің бірқатар елдері соңғы бір ғасырда мемлекеттерінің іргетасын қалаған арда ұлдарының еңбегін елеп-ескеріп, олар таққа мінген күнді салтанатты түрде, ұлттық мейрам етіп белгілеп, тойлап келеді. Өзге мемлекеттерді былай қойғанда, әлемнің алпауыт елі АҚШ Президент күніне ерекше көңіл бөледі. Біздің елде 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні деп бекітілсе, АҚШ-та ақпан айының үшінші дүйсенбісі, яғни 22 ақпан – Президент күні болып белгіленген. Бұл АҚШ мемлекетін біртұтас бір мемлекетке құрай білген Д.Вашингтонның туған күніне сәйкестендірілген. Сонымен қатар осы елде президент күні қарсаңында ел басқарған азаматтарын еске алып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, жалпы халықтық демалыс күні деп жариялаған екен. Жыл сайын жаңғырып, жаңаша жетістіктерге жеткен жас мемлекет ретінде қазақ елі де аталған мерекені кең көлемде тойласа несі айып?

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
30 қараша 2019 ж. 832 0