Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ат мініп, атан жетелеп, келмейді, сірә, кәрілік

Ат мініп, атан жетелеп, келмейді, сірә, кәрілік

Қария, қарт, ақсақал деген сөздер қадірлі, аузы дуалы, ақ сақалды егде тартқан кісілерді көз алдымызға елестеді. Ал ақ жаулықты әже біздің көкейімізде аңыз әңгімемен, ертегі, дастандарды елітіп айта кететін даналықтың бейнесін қалыптастырды. Содан болар, қазақ халқы да «Қарты бар үй – қазыналы» деп бағалайды.
Кәрілік жеңіп, бойдан қуат тарқағанда қарт кісінің көңілі жас баладай болып кетеді деседі. Сондықтан олар күйзеліске тез ұшырап, түрлі дертке душар болады. Жалпы адам баласы дүниеге келгенде түрлі сатылардан өтеді. Адамның салыстырмалы түрде ұзақ жасаған ғұмыры көп сатылы. Ғалымдар өмір жолын нәрестелік (бір жасар), балалық (1-13 жас), жастық (13-25), кемелдік (25-49), егделік (49-61), кекселік (61-73), қариялық (73-85) және қаусау (85-тен асқан) кезеңдерге бөліп, әрқайсысына биологиялық және физиологиялық тұрғыда толық мінездеме береді. Бір ғажабы, ғылыми нұсқалы аталған кезеңдер қазақтың мүшел жас (13, 25, 37, 49, 61, 73, 85) өлшемдеріне дәлме-дәл келеді. Адам межелі ғұмырында қоян жымындай бұралаң, кедірлі-бұдырлы соқпақ, табан тірелмес тайғақ, биік асулы, терең өткелді, сондай-ақ тақтақ даңғыл, әйтеуір қилы-қилы жолдардың талайынан өтеді. Өмірдің ең баяу сырғитын бөлігі қырық жасқа дейін ысылады, пысиды. Ой және қол еңбегінде шыңдалады. Ой өрісі кеңиді. Дүние танымы тереңдейді, молаяды. Қоғамдық ортада өз орнын табады. Азаматтық бейнесі әбден қалыптасып, келешек өмір нысанасы айқындалады. Одан әрі талпыныс, ілгерілеу, жеделдеген елу, сосын алпыс. Алпыс – төре және сыни жас. Өткен кезеңдерге сарапшы, алдағыны болжамшы шақ. Апақ-сапақ өмірдің қоңыр күзі, ақшамы. Егделіктің көлеңкесі ұзарып, батыс көкжиегіне еңкеюі, қарттықтың табалдырығы, босағасы. Өмір оты ерте өшірілмесе, адам баласының қартаюы табиғи заңдылық. Қартаю – организм мен ой сезімнің даму, жетілу үдерісі тоқырап, белсенділік мүмкіншілігі мен қарқынының үдемелі төмендеуі. Адамға қалауынсыз-ақ өзінің табиғи жолымен жетер бұл кәрілік кезең ел аузында «Ат мініп, атан жетелеп, келмейді, сірә, кәрілік. Күтпейді оны көпшілік, сағынып не тарығып» деп сипатталады.
Қарттардың тілегі – ел амандығы, жұрт тыныштығы. Уайымы сырлас, сыйлас қатарының сирегені. Олар бүгінгісін ғана ойламайды, өткен өмір жолын зерделеп, алдын болжауға тырысады. Өздеріне тетелес келер ұрпақ – қарттардың тағдырына толғанады, денсаулығын, бақуаттылығын, сергектігін қалайды. Ол үшін қол берер медицина ғылымдарының қарттықтың заңдылықтарын зерттейтін геронтология және кәрі адамдардың ауруларын зерттейтін гериатрия ілімдерінің үздіксіз дамуына және жемісті жұмыс атқаруына үміттенеді. Қарттар – кісіліктің төресі. Олар сыйлы елде халықтың бірлігі берік, тәлімділігі жоғары, адамжандылығы танымды. Олар жоқшылық көрген елде тоқшылық жоқ. Қарттардың жай-күйі, хал-ахуалы бүкіл елдің тыныс-тіршілігін айна қатесіз бейнелейді дерлік. Мұқият ескерілер жайт.

Г.ӘБДІХАНИ

26 мамыр 2020 ж. 1 032 0