Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәрілік дендемесін десеңіз...

Кәрілік дендемесін десеңіз...

Қазір әлемдегі көптеген елдерде қартаю процесі жүруде. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап орташа өмір сүру ұзақтығы 20 жылға ұзарған, ал 2050 жылға дейін тағы 10 жылға артуы мүмкін. Әйтсе де кез келген адам ұзақ жасағысы келеді. Сондықтан денсаулықты жастайынан қолға алып, салауатты өмір салтымен айналысады. Бұл орайда біздің ойымызға оралатыны – дұрыс тамақтану. Қазақ жұрты мұны әу бастан білген. Сол себепті “Ауру – астан”, “Ас – адамның арқауы” деп тәмсілдеген. Қазір көше жағалай жүре қалсаңыз, жас өрендердің қолында газдалған сусындар мен гамбургер, донер сияқты жылдам дайындалатын асты байқайсыз. Ал оған жасы үлкендер түбегейлі қарсы шығады. Өйткені, алпыстан асып, жетпіске жеткен жандар үшін дұрыс тамақтану өте маңызды. Осы орайда сіздерге қарт кісілердің тамақтану үрдісін ұсынғымыз келеді.
Медицина мамандарының мәлімдеуінше, ақ жаулықты әже мен ақ сақалды ата ағзаны сұйықтықпен қамтамасыз ету керек. Ол үшін күніне кем дегенде 8 стақан су ішілуі қажет. Бұл бүйрек, асқазан, өт жолдарынан болатын түрлі аурудың алдын алады. Одан бөлек жасы ұлғайған адамның ас қорыту жүйесі де өте баяу жүретіндіктен, көбінесе сұйық тағамдарды тұтынған жөн. Арасында көкөністерді де пайдаланып тұрған абзал. Өйткені, олар дәрумендерге өте бай. Нәтижесінде ағза бір деңгейде қалыптасады. Айта кеткен жөн, жасы үлкендер мен жас жеткіншектердің тамақтану ережесінде едәуір айырмашылық болады. Адамның жасы үлкейген сайын организмдегі тамақтану тіршілігі әртүрлі жұмыстарға жұмсалған күшті толтыру жағына көптеп кетсе, ал жас буынға өсу, даму, қалыптасу, нығаю процесіне жұмсалады. Сондай-ақ «Қарт кісілердің дұрыс тамақтанбауы стресске алып келеді» дейді психолог Ләззат Төлешова.
–Қарт кісілердің дұрыс тамақтануы өте маңызды. Өйткені, адам организмі дұрыс қоректенбесе, стресстік факторлар пайда болады. Ол дегеніміз адам өте ашушаң, яғни мінез-құлқының ауытқуы, кез келген істен бас тартуы, т. б. Сол себепті ең алдымен осыны қолға алу керек. Қарт адамдар жасы егде тартқан сайын бала секілді бәрін жүрекпен қабылдайды, сонымен қатар өткеніне оралғысы келеді. Шет елдерде бұл әдіс «еске түсіру» деп аталады. Осы тұста журналдар, газеттер, кітаптар, суреттер көмекке келеді. Әрине, бұдан өзге қарттар психологиясымен айналысуға көптеген тәсіл бар. Мен мектеп қабырғасында оқушылармен жұмыс істегендіктен, қазіргі таңда қосымша білімімді одан әрі жетілдіріп жатырмын. Болашақта жасы ұлғайған жандармен психолог ретінде жұмыс істеп, тәжірибе жинамақ ойым бар, – дейді №157 П.Пәрімбетов атындағы қазақ орта мектебінің психологі Л.Төлешова.

Фариза КЕНЖЕШОВА

14 қыркүйек 2019 ж. 1 538 0