Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ас – адамның арқауы, ал, фаст фуд ше?

Ас – адамның арқауы, ал, фаст фуд ше?


Базар іші дуылдап тұр. Тұс-тұста тауарын тұтынушыға ұсынған саудагерлер мен керек-жарағын жабдықтап жүрген тұрғындардың қарасы қалың. Әрқайсысы әртүрлі мақсатпен сауда орнына бас сұққан. Біздің көзіміз ұзынсонар кезекте тұрған оқушыларға түсті. Абыр-сабыр болып ақшасын ұсынып жатқан олар әлденеден құр қалардай асығып тұр. Ақыр аяғында бірі гамбургер, бірі самса, енді бірі бургер алып өз бағыттарына кетті. Әлі кезекте тұрғаны қаншама. Олардың арасында орта жастағылар да, оқушылар да, жасөспірімдер де баршылық. Көпшілігі жүрек жалғау үшін жылдам асты таңдағаны көрініп тұр.

Осы көріністен кейін фаст фуд тағамына талайлардың неліктен таңырқай емес, тамсанып қарайтыны қызықтырды. Сонау 1921 жылы пайда болғаннан бері жылдам әзірленетін тағамдардың дәурені жүріп тұрғаны рас. Иә, ең алғаш Канзаста дайындалған фаст фуд қазір біздің елімізде, тіпті ауданымызда күн өткен сайын көбейіп келеді. Кенттегі донер, пицца дайындайтын орталықтарды санасаңыз саусағыңыз жетпейді. Арнайы орталық болмағанның өзінде кез келген асхананың ас мәзірінде фаст фуд ойып тұрып орын алады. Мұны күнделікті өмірде көзіміз көріп жүр. Донер дейсіз бе, пицца дейсіз бе, тіпті, тауық аяқтарына дейін бар. Айналаңа қарасаң әртүрлі дәмдеуіштермен бүркемеленген жеңіл асты көмекейлей асап жатқан қалың жұрт. Ешқайсысы осы тағамның денсаулыққа тигізер пайдасы бар ма, әлде зияны қандай деп ойламайтын сияқты. Ойына алғанның өзінде фаст фудқа деген құмарын басуға қауқарсыз көбісі. Міне, осындай сан алуан ойлар мазамызды алған соң «дәмді әрі тез» деген ұранмен сатылатын тағамның адам ағзасына әсерін қарастырып көрдік.
Әдеттегідей, ең алғаш ғаламтор желісін ақтардық. Ол жерден фаст фудтың шыққан тарихы мен денсаулыққа әсерін қиналмай-ақ табуға болатыны рас. Бірақ, адам ағзасына тигізер зиянын көріп сенуге жүрегіміз дауаламады. Интернет иіріміне иланбай, Шиелі аудандық емханасына жол тарттық. Сан сауалымызға емхана дәрігері Гүлмира Сейтқалиқызы жауап берді.
– Адам ағзасы үшін тамақтану өте маңызды. Бұл жерде жәй ғана тамақтану емес, дұрыс ауқаттану қажет. Құрамында майы аз, ақуызы, дәрумендері көп асты тұтынған абзал. Ал, фаст фуд жөнінде айтар болсақ, бұл тек денсаулықты нашарлататын ас. Оның құрамында майдың мөлшері көп және ет, шұжық сияқты тағамдар асқазанға ауырлық туғызады. Бұдан бөлек қаншама соустары бар. Жалпы фаст фуд өнімдерін пайдаланғанда асқазан, өт, ішек жолдары зардап шегеді.Сонымен бірге, жүрек аурулары, қан қысымы, қант диабеті болуы мүмкін. Фаст фудтан келетін кеселдің бірі – семіздік. Қазір артық салмақты арқалап жүрген жандар біздің ауданымызда да кездеседі. Олардың көбісі көмек сұрап келгенде біз ең бірінші дұрыс тамақтану режимін жасап береміз. Бұрын тамақтану пирамидасы деп атайтын едік, қазір «қазақтың жаңа табағы» дейміз, өйткені, тек фаст фуд қана емес майлы тағамдар, газды сусындар, қуырылған семіз ет, чипсы, темекі де ағзаға зиян. Сонымен бірге, мектеп оқушыларына, жасөспірімдерге алдын ала кеңес жүргізіп, дұрыс тамақтану салтымен таныстырамыз. Бұны көбінесе аймақтық дәрігерлер атқарады. Халық арасында фаст фудты айына бір яки анда-санда жесе ештеңе қылмайды деген сөз бар. Бұл фаст фудтан бас тартқысы келмеген адамның сылтауы ғана. Фаст фудты жеудің белгілі бір мөлшері жоқ, оны мүлдем тұтынбаған жөн.
Жеңіл астың зияны туралы қазір медицина мамандары ғана емес тағамтану орталықтары, диетологтар да дабыл қағуда. Тіпті, өзге елдер фаст фудпен күресуді бастап кеткен. Мәселен, Франция халыққа «Slow Food» деген дұрыс тамақтану үлгісін ұсынса, Швейцария фаст фуд сататын барлық дүкендерді жаптырып тастаған. Бұл шешімге шала бүлінген жұртты донерден қоңыз шықты, бургердің етін тышқан тістеп тастаған деп алдаусыратты. Сонымен бірге атақты аспаз Джейми Оливер «MsDonalds» гамбургерінің етін тек итке беруге жарайды деген уәж айтып халықты дүр сілкіндірген еді. Атышулы оқиға ақыр аяғында сотта қаралып, аспаз жеңіске жеткен болатын. Мұндай уәждерден бөлек фаст фудтың құрамына есірткі тектес қоспа қосылатындығы айтылып жүр. Бұл ғылыми тілде глутамат деп аталады. Міне, фаст фудты бір жеген соң қайта-қайта құмартып тұратындығының себебі осы. Ал, майды ауыстырмастан бірнеше мәрте қуыратын фри картошкалары адамды рак ауруына ұшыратуы ықтимал.
Қазақшасы «жылдам тағам» деп аударылатын асты көбісі сыртта жеуге дағдыланған. Әсіресе, базарға келген халық. Асхана алдынан өтіп бара жатқанда қолына бургер, шаурма, пицца алмай кетпейді. Өкініштісі, асқазанды алдайтын асты тұтынғандар базар маңындағы дүңгіршектерде тағамның қалай әзірленетініне мән бермейді. Фаст фуд туралы айтар тұста бұл ойландыратын мәселе болғандықтан, біз де назардан тыс қалдырмадық. Бірнеше дүңгіршектерге бас сұғып, әңгімеге тартып едік, ешқайсысында санитарлық талапқа сай тазалық сақталмағанына куә болдық. Ал, аспаздары мен сатушыларында санитарлық кітапшалары жоқ болып шықты. Неліктен деген сұраққа барлығы дерлік қожайын біледі деп, жауап беруден жалтарды. Бір қызығы, осындай сауал мен жауапқа куә болып тұрған тұтынушылар тағамды алудан бас тартпады. Керісінше, кезегі келгенін айтып, жылдам асты жедел алып кетуге асықты. Осыдан кейін біздің сауалымыз да өзгерді. Келушілердің саны артпаса, кемімейтіндігін түсінгендіктен күнделікті табыс көзін білуге тырыстық. Әркімдікі әрқалай, әрине. Бірақ, жылдам асты әзірлейтін дүңгіршектер күніне кем дегенде 20-30 мың теңге табатын болып шықты. Байқағанымыз жылдам ас тұтынушының асқазанын лезде тойдырса, ұсынушының қалтасын жедел қампайтады екен. Біздің неліктен жылдам ас сататын орындар көбейіп кетті деген тағы бір сұрағымызға жауап өздігінен табылды.
Көпшілік орындарда фаст фудтың зия­­ны жөнінде айта бастасаң «жау шаптырып жатырсың» деп әңгімеден басын ала қашатындар кездеседі. Әрине, біз ешкімге шектеу қойып, талап ете алмаймыз. Бірақ, қазақта «Ас – адамның арқауы» және «Ауру – астан» деген мәтел бар екенін естен шығармайық.

М.ҚҰРМАНҒАЛИЕВА.

02 наурыз 2019 ж. 2 482 0