Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сақалымды мақтан тұтамын. Ол маған танымалдылық сыйлады» дейді Мухтабар апа

«Сақалымды мақтан тұтамын. Ол маған танымалдылық сыйлады» дейді Мухтабар апа

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында тұратын Мухтабар Тораева өзінің табиғи жаратылысын мақтан тұтады.35 жылдан бері сақалмен жүрген 70 жастағы әжей оған ешқашан ұстара жүзін тигізбеген, қазір сақалдың ұзындығы 15-16 см-дей.

Көпбалалы отбасында дүниеге келген ақ жаулықты ана алғаш рет сақал шыға бастағанда ешқандай қорқыныш пен уайым болмады дейді. Өйткені әйел адамына сақал шығу Мухтабар апа үшін таңсық емес. Өзінің нағашы әжесінде, анасы, тіпті туған әпкесінің де сақалы болған.
«Шамамен 34-35 жасымда алғаш рет сақал шыға бастады. Ол кезде тұрмыстамын, бір ұлым мен қызым бар. Мен үшін бұл қалыпты жағдай секілді көрінді. Сақал талшықтары сирек еді ол кезде. Уақыт өтіп, саны артты. Кейін мұрт та пайда болды. Сақалыммен жүргеніме 35 жыл болыпты», — деп әңгімесін бастаған Мухтабар апа ауыл ішінде өзінің азан шақырып қойған есімін көбі біле бермейді дегенді алға тартты. Көбі «сақалды апа» деп атайды екен.

«Сақалыма ұстараның ұшын тигізген емеспін»
Отыз бес жылдан бері сақалмен жүрген әжей осы жылдар ішінде бір рет болсын сақалына ұстараның жүзі тимегенін алға тартты. Оның өзіндік себебі бар болып шықты. Апаның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл ішінде туыстарының бірі ауызашар берген екен. Сонда бір егде жастағы әйел Мухтабар Тораеваға көз алмай қарап отырыпты.
Кейін қасына жақындап: «Сіз ерекше жаратылған жансыз. Періштелер қолдап жүреді. Сіздің аталарыңыздың бірі дін жолын ұстанған екен. Ол қасиет сізге де дарыған. Сондықтан сақалыңызға ұстараның жүзін тигізбеңіз. Әйтпесе сырқаттанып қалуыңыз мүмкін» деп айтыпты.
Мухтабар апаны алғаш көрген кей адамдар таңырқай қарап, енді бірі өзін алшақ ұстағысы келеді екен. Тіпті «сақалды апаны» көргендер «өзге діннің адамы сияқты» деп бір-бір түртіп, үрки де қарайтын көрінеді.
Танымал адам боп шыға келдім»
«Сақалымды мақтан тұтамын. Ол маған танымалдылық сыйлады» деген Мухтабар апа тіпті көршілес жатқан Өзбекстан еліне барса да, шекара қызметкерлеріне дейін танып алды дейді.

kaz.365info.kz
02 қазан 2018 ж. 1 464 0