Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дипломы бар, жұмысы жоқ

Дипломы бар, жұмысы жоқ

Жастарға барлық жағдай жасалған немесе жасалып жатыр деп қанша жерден дүбірлеткенімізбен олардың өмірлік проблемаларын тасада ұстап қалу – болашаққа шабылған балта. Сол болашаққа шабылған балтаның бірі – қажетсіз мамандарды дайындау үрдісі.
Бір қарағанда елімізде жоғарғы білім алуға қол жетімділік артып, дипломды маман дайындау жағынан Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекетке айналып үлгерді. Бірақ сол дипломды мамандардың арасында кең жайылған жұмыссыздық деңгейі ешкімді онша ойлантпайды. Әйтеуір әлі күнге бізге балам университет бітірсе болды деген қазақы пікір басым болып тұр. Осы күні аты дардай университеттердің өзі қоғамға қажетсіз мамандар дайындауды конвейерге қойып, бітірген мамандығы ешкімге керексіз болып қалған жаңа жұмыссыздардың санын арттыруға өз үлестерін қосу үстінде. Білім және ғылым министрлігі тарапынан мамандар қай салаға қажет екендігіне мониторинг жүргізілмейді де. Қазір қалтасына дип­ломды басып алып, сантехник болып құбыр жөндеп немесе жеткізуші (курерь) болып пицца тасып жүргендерді жиі көзің шалады.
Қоғамға қажет маманды дайындауға қатысты Үкімет тарапынан да қажетті қадамдар жасалмай жатқан жоқ. Осы саланың басы-қасында жүргендердің билікке айтары жетіп артылады. Біріншісі, ЖОО мен оларда оқитын студент санын азайту және ҰБТ сұрақтарын қиындатып, өтпелі баллды жоғарлату, ақылы негізде түсіп оқитындар үшін оқу бағасын шарықтатып көтеру.
Бұдан бөлек елімізде жұмыс істеп жатқан ірі және орта компанияларда автоматтандыру, цифрландыру және роботтандыру қолға алынып, онда жұмыс істейтіндер саны қысқара бастады. Бірақ олар жаңа бітірген жас маманды керек етпейді. Жұмысқа орналасушыға қойылар талап өте қатал.
Қазақ елінің халық санының өсуі жыл сайын 250-350 мың адамды құраса, әр ағымдағы жылда 100 мың жаңа жұмыс орны (оның 50 немесе 30 мыңы зейнеткерлікке шығушылар тарапынан) ашылады. Сонда жоғарғы оқу орындарын бітірген 100 мыңнан аса дипломды маман мен мектептен кейін жұмыс істегісі келген 70 мың жастың сол ашылған жұмыс орындарды істеуге мүмкіндігі бар ма? Осылайша туындап отырған жасырын жұмыссыздық факторы үлкен әлеуметтік проблеманы өмірге әкеліп отыр.
Бұдан құтылудың тағы бір жолын мамандар оқуды жаңа бітірген білікті түлектердің өздеріне-өзі жұмыс орнын ашуға мүмкіндік алуы деп уәждайды. Бірақ бұған біздің ЖОО дайын болмай шықты. Ең басты проблема осындай ешкімге керексіз мамандықты таңдау мен оны ақша шашып бітіріп шығу мектеп түлегі мен ата-ананың шолақ ойлауынан да орын алып келеді. Егер сол баласының болашағы үшін еш керексіз оқуға шашқан ақшаны оған өзінің жеке бизнесін ашып беруге жұмсаса, одан ата-ананың көп нәрсе ұтарын жұрт түсінетін уақыт жетті.
Біле білсеңіз, ешбір оқу орнын бітірмей әлемге танымал болған жандар бар. Мәселен, грек миллиардері Аристотель Сократ Онассис­ төрт сыныптық біліммен әлемдік сауда мен бизнесте өз даңқын әйгілей алды. Осыны алаш баласы қаперіне алса, ешкімге керексіз маманы бар отбасылардың саны азая түсер еді. Енді ЖОО өздерінен бітірген шәкірттің құр 4 жыл бос оқып шықпай, өз ісін ашатын, өзгенің алдында іскер екенін таныта білетін маман дайындауға кірісу үшін ғылыми-педагогикалық жаңғыруды жолға қоюы керек.
Ата-ана баласының қалтасындағы дипломға емес, оның қолынан не келетіне сенуі керек секілді. Қала мен ауыл мектебін салыстырып алғашқысына басымдық беру опа әпермейтін салыстыру. Оқитын бала шетел аспай өз елінде-ақ телегей теңіз білімге қол жеткізе алады. Бар кемшілік мектепке сеніп, баланың әке-шеше қадағалуымен өз бетімен жеке дара білім алуына, қолының ебі келетін кәсібін меңгеруге жете мән бермейтін өзіміздің шолақ танымымызда жатыр. Осындайда «Нашар ұстаздан да тамаша білім алып шығуға болады» деген мақал еріксіз ойға оралады.
Түйін. Қазаққа орыстың да, ағылшынның да білім жүйесі керек емес. Біздің халық жоқтан пайда болған жоқ. Әуелден түбі – бүтін, тегі – түгел, тамыры – терең, сабағы – нық, жапырағы – көк. «Білім» дегеннің өзі қанмен тікелей байланысты. Мектеп бітіре салып, шетел асып білім алуға асығатын орыс тілді шәкірттерді емес, елімізге керек қазақ тілді жастарды бұрынғыдай бірыңғай мектепке қана сенбей, жеке өзіміз отбасынан тәрбиелеуіміз керектігін ұғынатын кез жетті. Ғылым-білім дамыған заманда арнайы оқу орында оқымай-ақ, өз бетімен білімін жетілдірудің, кәсіп түрлерін ашудың түрлі жолдары да бар. Жарық дүниеге келген соң, әр пенденің өз су ішерлігі болатынын ұмытпасақ болғаны.

Сұлушаш МАДИЯРОВА

26 мамыр 2020 ж. 447 0