Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Патриотизмнің парқы қандай?

Патриотизмнің парқы қандай?

Елбасының «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады»деген сөзі «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деген Ахме­т Байтұрсынұлының сөзімен тұспа-тұс келгендей. Екеуі де дөп айтылған дүние. Отансүйгіштік – қай елдің болмасын алтын босағасы. Адам тәнін – жан билесе, Отан тәнін – халқының оған деген сүйіспеншілігі билейді. Бұған ешкім күмән келтіре қоймас.
Қазақ совет энциклопедиясында патриотизмге: «Бойындағы күш қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің әдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриотизм элементтері ерте заманнан қалыптаса бастайды, – деп анықтама берілген.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы­ның ұлы, жазушы Бақытжан Момышұлы «Нағыз патриоттар өзінен бұрын Отанының қамын көбірек ойлайды. Шынайы патриот қазақ ата жұртының мәңгі тәуелсіз өмір сүріп, гүлдене беруі үшін өзінің саналы өмірін сарп етуге даяр адамдар» деп дәріптейді. Расында, Отанға, туған жерге сүйіспеншілікті ұрпақтың бойына сіңіріп, Ұлы Отан соғысында от кешкен майдангерлердің «Жеңіс» атты аманатына қиянат жасамауымыз керек-ақ. Бүгінгідей бейбіт күнде озық технологияны меңгерген жастар туған тіліне құрмет, жер-анаға деген махаббатты жоғалтып алмаса екен. Қазақ қашанда текті, батыр халық. Бұл туралы Бақытжан Момышұлы «Адамдарға генетика арқылы беріліп, ойына мықтап орнығады. Алайда оған күтім мен қамқорлық, ұдайы шыңдап отыратын тәлімгерлік те қажет», – дейді. Жазушы ерлік, рух, ұлттық намыс арасындағы тығыз байланысты «Меніңше, ұлттық намыс болмаса, ұлт батырлары да болмайды. Сонымен қатар ол ең алдымен, елінің патриоты атанбаса, батыры да емес. Демек, ұлтына деген құрмет патриотизмнің ажырамас бөлігі. Отаны мен халқына деген сүйіспеншілік жоқ жерде патриотизм тумайды. Егер тура мағынасында айтсам, патриотизм – адамды өзінің арғы тегімен жалғастырып жататын арқауы мықты қасиетті жіп», – деп тарқатады.
Патриоттық тәрбиені ойға алғанда бірінші санаға Отан түсінігі оралады. Патриоттық сезім – жалпы адам баласына тән туған түйсік-қасиет, оның еліне, туған жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын, қуаттап-қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады. Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті, халқына деген шексіз сүйіспеншілігі, адам өз халқымен қан жағынан да және шыққан тегі, аумағы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этнос­тық ерекшеліктері, қалыптасқан тарихи дәстүрлері жағынан да, әбден айқын әрі дербес басқа қасиеттері және ерекшеліктерімен де байланысты. Біз мақала басына Елбасының, қарымды қаламгер, аудармашының сөз­дерін текке жазғанымыз жоқ. Себебі ұлт­тық патриотизмді қалыптастыруда ұлы тұлғалардың ұлағатты ойлары мен тәлімдік тәрбиесінің атқаратын орны ерекше.
Қазақтың белгілі ақыны Мұхтар Шаханов­тың «Төрт ана» деген өлеңінде былай делінген:
Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Туған тілі – мәңгі өнеге айдыны,
Жан байлығы, салт-санасы тірегі,
Қадымына шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы,
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да, – деп ақын айтқандай «төрт ана» барлық қазақстандықтарда болуы тиіс. Және оны тиісінше қадірлеуі қажет. Сонда ғана Отанын, елін, жерін, тілін сүйер жүрегі патриоттық сезімге толы азаматтарды қалыптастыра аламыз.
Жасыратыны жоқ, Отан, туған жер сынды қасиетті ұғымдарды ұрпақ бойына қажетінше сіңіре алмай келеміз. Жылына бір келетін 16-желтоқсан, 7-мамыр мен 9-мамыр сынды айтулы күндер де ғана кіндік қанымыз тамған жердің қандай қымбат, ыстық болатынын ұғынамыз. Тарихқа көз жүгіртеміз. Еске аламыз. Сол кезде ғана бағасын білеміз.
Сөз соңында айтарымыз, тек мұндай белгіленген даталарда ғана емес, былайғы күндерде де Отанды құрметтеу мен сүюді дағдыға айналдырсақ екен. Сол кезде жүректері елім, жерім, Отаным деп соғатын келешекті қалыптастыра аламыз.

Е.Жүсіп
05 мамыр 2020 ж. 909 0