Патриотизм – Отанға деген сүйіспеншіліктен туындайды
Патриоттық тәрбиенің қазіргі кезде еліміз бойынша алатын орны ерекше. Соның ішінде әскери патриотизм тәрбиесі жасөспірімдерді еліне деген сүйіспеншілікке, ұлттық армия сапында адал қызмет атқаруға, Отан қорғауға, азаматтық қасиеттерге баулиды. Бала өскен соң Отанын қорғауға даяр тұруы, әскери міндетін атқаруға және күнделікті бейбітшілікті сақтауға сақ болуы тәуелсіз еліміз үшін аса қажетті мәселелер болып табылады.
Бұл ерлеріміздің ел алдындағы борышы, асыл парызы. Жастардың Отан алдындағы азаматтық борышы мен жауапкершілігін әскери тәрбие беру арқылы терең түсіндіруіміз қажет. Әскери-патриоттық тәрбие берудің басқа тәрбие процестерден өзіндік ерекшеліктері бар. Отан қорғаушы жан-жақты сауатты, денсаулығы мықты, саяси сауатты, спортқа бейім, білімді, білікті, жан-жақты қабілетті, бейбітшілікті сақтау жолында күшті әскер тарихын білетін, заман талабына сай болу құпталады. Даңқты қолбасшы Б.Момышұлы: Патриотизм ол – Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік деуі бекер емес. Біздің тағы аса маңызды идеологиялық міндетіміз – қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу, ерлік, достық қарым-қатынас арттыруға күш жұмсауымыз керек. Қазақстандық деуіміз, біздің ел – көп ұлтты ел. Сондықтан, мұны ескермеуімізге болмайды. Біз өз еліміздің игіліктерін өзіміз ғана сыйлап қана қоймай, өзге ұлттарға да сыйлата білуіміз қажет. Әртүрлі себептермен елімізге етене енген, бірге тіршілік жасап келе жатқан, қазақтан қағажу көрмей, қамқорлықтарға бөленген ұлт өкілдері достықпен тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олар да Отан қорғап, бір кісідей атсалысып жүр, әр салада жемісті еңбек етіп, Ұлттық Ассамблея мүшелері парламенттен орын алып, елдің саясатына белсене атсалысып келеді. Осылайша, біз олардың бойынан Қазақстанға деген сүйіспеншілікті, патриотизмді көргіміз келеді және көріп те жүрміз.
Алтай АЙЫП.