Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отанның күзетіп іргесін, көз ұшын алысқа тігесің

Отанның күзетіп іргесін, көз ұшын алысқа тігесің

Осыдан 29 жыл бұрын қазақ халқы өз бостандығын алып, тәуелсіздіктің туын желбіреткен еді. Сол сәтте шекарамыз бекіп, егеменді ел атандық. Қазақстан халқының өзіне ғана тән жер аумағы мен белгіленген белдеуі болды. Мемлекеттіктің басты белгілері саналатын тәуелсіздік пен шекараға қол жеткіздік. Ендігі жерде тағдырдың тепкісіне тойтарыс беріп, тар жол тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп қол жеткізген егемен елді қорғау мықты әскердің ғана емес, әр азаматтың парызы. осы жауапкершілігі мол істе шекарашылар алдыңғы шептен табылуда. Олар елдің шетінде, желдің өтінде тұрып, ұланғайыр атырапты қызғыштай қорғап, халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Қазақстан Республикасы шекарасы­ның жалпы көлемі 14 мың шақырымды құрайды. 1999 жылдан бастап ауданда «Шиелі» шекара комендатурасы жұмыс істейді. «Шиелі» шекара комендатурасына қарасты «Тұщы құдық», «Қос маман», «Ұзын құдық», «Дала құдық» шекара заставалары кіріп, бөлімше Өзбекстан Республикасымен жалпы 270,1 шақырым құрайтын мемлекеттік шекара аумағын абыроймен күзетуде.
1993 жылы 22 қазанда ТМД елдері басшылары Тәжікстан Республикасы мен Ауғанстан шекарасы аумағындағы ахуалды тұрақтандыру шаралары туралы келісім бекіткен болатын. Шекара аумағын заңсыз қару-жарақ пен есірткі тасымалынан және адам саудасымен айналысатын қарулы жасақтардан қорғау туралы шешім қабылданды. Арнайы қаулыға сәйкес, ҚР ҰҚК-нің шекара қызметі, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері мен ҚР ІІМ-нің Ұлттық ұланы құрамынан жасақталған қазақстандық бітімгершілік батальоны 8 жыл бойы Отан алдындағы міндетін абыроймен орындады.
1993-2001 жылдары аралығында ТМД-ның Оңтүстік Шекарасын қорғауға республикадан 11 500 қазақстандық жауынгер қатысып, Тәжік-Ауған шекарасы аумағындағы әскери ұрыс қимылдарында 54 қазақстандық жауын­гер қайтыс болса, оның 416-сы ауыр және орта деңгейлі жарақаттар алған. Оның ішінде Шиелі ауданынан 47 азамат бітімгершілік миссияны орындау мақсатында Тәжік-Ауған шекарасы аумағындағы әскери ұрыс қимылдарына қатысқан. Олардың арасында бір азамат, жерлесіміз Ержан Әбдиев ерлікпен қаза тапса, Ғалымжан Байжанов пен Асылбек Дәуренбеков ауыр жарақат алды.
Иә, Отан қорғаушылар өз басын қатерге тігуден тайынбайды. Олар үшін «істей алмаймын», «қаламаймын» деген сөзі жоқ. Шекарашылар тек тәртіпке бағынып, бұйрықты талқыламай, мүлтіксіз орындайды. Олардың негізгі міндеті – шекара қорғау. Ал осы сөздің астарында Отанды қорғау деген үлкен мағына жатқаны әркімге де аян. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық жағдайға кері әсерін тигізетін іс-әрекеттердің алдын алу мен заңсыз әрекеттер орын алған жағдайда қылмыскерлерді құрықтау да шекарашыларға артылған жауапкершілік. Қазіргі таңда шекарашылар алыс жолға шыдамды заманауи көлікпен, соңғы үлгідегі байланыс құралдарымен және арнайы жатын орындары, ас-ауқатпен, киім-кешекпен қамтамасыз етілген.
Елдің қауіпсіздігін міз бақпай қорғап тұрған саптағы сарбаздарға артылған жүктің салмағы ауыр. Оны Отан алдында ант берген алдыңғы шеп өкілдері жақсы түсінеді. «Жау жоқ деме, жар астында. Бөрі жоқ деме бөрік астында» демекші шекараны бұзып, елге ылаң салатын қауіп аяқ астынан орын алуы мүмкін. Сол себепті шекарашылардың бес қаруы сай болып, қырағылық пен шапшаңдық танытуы қажет. Жалпы мемлекетті қорғау қатерлі де қауіпті қызмет. Бұл міндетті орындау кез келгенге бұйырмайды. Шекара шебінде жүрегінде түгі бар, жауапкершілігі мен жауынгерлік рухы басым азаматтар алынады. Отан қорғаушылар күні қарсаңында шекара бойындағы әрбір қағылған қазықтай ел тыныштығын сақтап тұрған сарбаздардың міндеттеріне адалдық, жұмысына жеміс тілейміз.

М.БОЛАТ
05 мамыр 2020 ж. 696 0