Шекараның беріктігі – ел тыныштығының кепілі
Егемендігіміздің елең-алаңында Елбасының халықаралық аре-надағы қол жеткізген жетістіктерінің бірі – көрші мемлекеттермен арадағы шекараны нақтылап, бекітіп, болашақта бұл тұрғыда туындауы мүмкін мәселенің барлығын түп-тамырымен жойғандығы. Осылайша, 1992 жылы 18 тамызда Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасының шекара әскері құрылған еді. Содан бері бұл күн – қырағы шекарашылардың төл мерекесі.
Аптап ыстық, долы боранмен үскірік жел, қандай жағдай болмасын, шекарашылар үшін өздерінің алдарына қойған қасиетті міндеттерін абыроймен орындауға кедергі бола алмайды.Отанды қорғап, күні-түні көз ілмейтін шекара қызметінің қиындықтарын кез келген жанның біле бермесі анық. Бұл қызмет жылдамдықты талап етеді. Мұнда әрбір сәт санаулы. Темірдей әскери тәртіпке нағыз ер азамат қана шыдай алады. Шекарашыларда «істей алмаймын», «қаламаймын» деген сөздің өзі жоқ. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, бұл қызметтегі әрбір бұйрық талқыланбайды, мүлтіксіз орындалады.Қару-жарақ, нұсқама, бұйрық және қайта жасаққа бару... Біз мұны ауданға қарасты 2019 әскери бөлімінің «Ұзынқұдық» шекара заставасының қызметкерлерінен білеміз.
– Қазақстанның оңтүстік өңірлік шекарасын күндіз-түні 24 сағат күзету осы заставаға жүктелген. Жай күзетіп қоймай, еліміздің әлеуметтік-экономикасына кері әсерін тигізетін іс-әрекеттердің алдын алу, заңсыз әрекеттер орын алған жағдайда қылмыскерлерді құрықтау – шекарашыларға артылған міндет.
Биыл Қызылорда облыстық шекара жасағына 20 жыл толып отыр. Қазіргі таңда шекара қызметіне мемлекеттен барлық жағдай жасалған. Атап айтар болсақ, шілде айында ғана «Ұзынқұдық» шекара заставасында соңғы үлгімен жасақталған жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Онда қызметтік штабтан бөлек 6 отбасыға арналған үймен де қамтылған. Сондай-ақ әскерилердің жеке баспаналы болуына да барлық мүмкіншілік қарастырылып отыр. Биыл «әскери баспана» бағдарламасы бойынша 2 қызметкер жеке тұрғынүйге қол жеткізді, – дейді Шиелі шекара коммендатурасының комменданты Қуанышбек Өмірханов.
Жалпы заставада офицерлік құрамнан бөлек, келісімшарт бойынша қызмет ететіндер мен мерзімді әскери қызметшілер жұмыс істейді.Елдің қауіпсіздігін міз бақпай қорғап тұрған саптағы 32 сарбазға артылған жүктің салмағы ауыр. Оны Отан алдында ант берген алдыңғы шеп өкілдері жақсы түсінеді.
Күннің батуы шекарада жұмыс күнінің бітуін білдірмейді. Керісінше, шекараны қырағы көзден сақтау жүйесі күшейе түседі. Кез келген уақытта дабыл қағылуы мүмкін. Сондықтан бес аспаптың сай болуы шекарашылар үшін маңызды.
Елді қорғау – мемлекеттің қауіпсіздік саласында қатерлі де қауіпті қызмет болып табылады. Өйткені, жау – жар астында. Шекарадан қауіп көп. Отанды қорғау мәртебесі әрбір жауынгерге бұйырмаған. Бұл міндетті атқаруға көзінің оты бөлек ерекше азаматтардың тартылуы сондықтан. Туған жерін қызғыштай қорғап, Отан алдындағы борышын адал атқарып жүрген шекарашыларды төл мерекелерімен құттықтаймыз!
Г.СӘБИТҚЫЗЫ