Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Зиялылықтың аппақ әлемі

Зиялылықтың аппақ әлемі

Қалай айтқанда да барды бағалай білетін халықпыз. Өзі өмір сүрген уақыттың барлық құбылыстары мен айтулы оқиғаларына қатыса жүріп, соның бәрін саф алтындай зерделей де, бағалай да білген, сол арқылы қай кезеңде де заманнан гөрі адамды зерттеуді алға шығарудың қаншалықты қажетті іс екенін бар бітім-болмысымен түйсінген ағалар эстафетасы жалғасып келеді.
Жағыпар Зермұхамед 1940 жылы Шиелі ауданына қарасты 1-Май ауылында дүние есігін ашып, туған тілінің әлдиіне бөленіп, уызына жарып өседі. Ес біліп, етек жиғаннан балалық шағы қырқыншы жылдарға сәйкес келеді. Жастайынан қазақ сөзінің құдіретін сезініп, алар асуының биік екендігін бағамдайды. Осы ой дарынды жас­ты филолог мамандығын алуға итермелейді. Тіл ғылымының ғылыми негіздерін меңгере жүріп, туған тіл тұнығынан жүзіп ішеді.
«Өнер алды қызыл тіл» деп бағалайтын, сөз қадірін білген халықтың қазыналы мектебінен өтеді. Еңбек жолын ауыл мектебінде мұғалім болып бастап, мұғалім қызметінің қыр-сырымен танысады. Педагогикалық тәжірибеде кездес­кен қиындықтарға мойымай, өзінің кәсіби деңгейін көтеру ісімен шұғылданады. Ұстаздық жолындағы алғашқы ізденістерге барып, педагогикалық жаңалықтармен жіті танысады. Аз уақытта директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне жоғарылайды. Мұғалімдік қызметке әбден төселген Жағыпар ағаға жаңа қызметте мектептің қалыптасуын, тиімді қызмет етуін және үнемі дамып отыруын қамтамасыз ету қиындыққа түспейді. Зерделі жас тек мамандық аясында шектеліп қалмай, Майқы биден тіні үзілмей келе жатқан шешендік өнер мектебінен өтеді, Жиренше, Асан қайғы, Доспамбет, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Бұқар, Махамбет, Мөңке, Сүйінбай, Абай, Жамбыл, Мұхтар сынды алыптардың еңбектерін тауыса оқиды. Қазақтың қара сөзінің құдіретін сезінеді. Бабалар сөзі оны кешегі даңқты тегіне – қазақ халқының өткен тарихына қарай жетелейді. Жинақтаған білімі еліміздің рухани мәдениетін түсінуге, қоғамның саяси-әлеуметтік ерекшелігін танып-білуге көмектеседі. Содан кейін барып Жағыпар аға ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық саяси өміріне араласып, қызмет жасауға шешім қабылдайды. 1968 жылдан бастап 10 жылдан астам уақыт аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы, аудандық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, кейіннен бөлім меңгерушісі қызметтерінде болып, ауданда әлеуметтік-саяси тұрақтылықты жетілдіру, қоғамдық-саяси өмірдегі болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды халыққа жеткізу, білім, мәдениет, денсаулық, баспасөз, жастар саясаты, спорт салаларын дамыту, ұлттық әдет-ғұрыптарды жақсарту, Қазақстан халықтарының дәстүрлерін құрметтеуге бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда абыроймен еңбек етеді.
1979 жылы аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, бөлімнің қызметін ширек ғасырдай уақыт басқарады. Ол жылдарда ауданда білім мекемелерінің желісін 33 жалпы білім беретін мектептер, кейіннен Сырдария ауданынан 7 мектеп қосылып, 40-қа жетті, 30-дан астам мектепке дейінгі білім ұйымдары және 10-ның үстінде мектептен тыс мекемелер құрады. Мектептердің 32-інде оқу-тәрбие жұмысы ұлттық тілде, 5-інде қазақ және орыс тілдерінде, 3 мектепте орыс тілінде жүргізілді. Оқушылар шығармашылығын дамыту және олардың бос уақыттарын тиімді өткізу мәселелері мектептен тыс мекемелер жұмысы арқылы оңтайлы шешіліп отырды. 5 музыка, 2 спорт, 1 көркемсурет мектептері, жас техниктер және натуралистер станциялары өздеріндегі қызмет түрлерімен мектептердің орта және жоғары сыныптарында оқитын оқушыларды толық қамтыды. Екі қолын қайда сыйғызарын білмей бос жүрген оқушы болмаушы еді.
Жазушының, философтың, аудармашының, мемлекеттік қайраткердің, саясаттанушының, тарихшының, мәдениеттанушының, шешеннің таланты бір бойында тоғысқан әмбебап абыз ағамыздың басқарушылық қырлары, білімі мен құзіреттілігі осы қызметте айқын көрінеді. Жағыпар аға қызметінің осы кезеңіндегі айтпай кетуге болмайтын бір артықшылығы сол оқиғалар мен құбылыстарға толы бір дәуірдің шынайы бейнесін көз алдыңа әкеледі де және содан керемет ләззат аласың. Осы кезеңдегі ағамыздың айналасындағы айтулы тұлғалар білім бөлімінің апаратында С.Есенов, М.Оспанов, М.Есқабылов, М.Ақылбаев, А.Әлжановтар және мектеп басшыларынан К.Жәукебаева, Н.Югай, С.Аймаханов, Ә.Нақыпов, З.Оразбекова, Н.Аханова, С.Әлтаев, Р.Мауяев, К.Палмағанбетов, А.Бәкіров, П.Бошайбеков, Ә.Монтаев, Қ.Пірназаров, М.Рүстемов, Е.Сариев, Ә.Бәкіров, А.Баукенов, А.Әбдіхамитова, А.Көпеев, Е.Баймұратов, Х.Құнанқараев, Рысманов, С.Исаев, Т.Маханбетов, Ғ.Ахетов, Б.Жанаева, Д.Нысанбекова, М.Ақыновалар жайлы оқығанда олардың есімдеріне құрметпен қарайсыз, бұрынғыдан бетер тани түсесіз, тамсана түсесіз. Өйткені, бұл кезеңдегі қарым-қатынастар өзара сыйластыққа, құрметке, әріптестікке сай құрылатын еді.
Жоғарыда аты аталған мектеп басшылары жаңа басқарушылық ойлау жүйесі қалыптасқан, қоғам талабына лайықталған басқарудың философиясын, саясатын, әдістері мен принциптерін меңгерген, өз бетінше әрекет жасап, шешім шығара білетін, жоғарыға жалтақтамай күрделі мәселелерді шеше алушы еді.
Келесі артықшылығы – кадрлар резервін дайындауға және оларды іріктеп, орналастыруға айрықша көңіл бөлуі. Жоғары оқу орындарын үздік бітірген дарынды, еңбекқор, белсенді жастар білім бөлімінің әдістемелік кабинетіне әдіскер қызметіне шақырылатын. Жалпы әдістемелік қызмет оқушыға пәнді қалай оқытамыз, қалай меңгертеміз, түпкі нәтижеге қалай жетеміз деген сұрақтарға ­жауап береді де басқаларға қарағанда үнемі өзгеріп, жаңарып, дамып отырады. Ол үшін әдіскер талмай ізденіске барады, тәжірибе жинақтайды, одан кейін барып еңбегінің нәтижесін көре алады. Нәтижеге қол жеткізген маман әдістемелік кабинеттің меңгерушілігіне, одан мектеп инспекторлығына өсірілетін. Содан кейін барып мектеп директоры қызметіне жіберілетін. Және бұл мәселеде іскер ағаның басты ұстанатын ұстанымы – әділдік еді. Басшылық қызметке математика-физика, химия-биология, тіл және тарих пәндерінің мамандары ғана жіберілетін. Оларға басқарудың ғылымилық приципімен жұмыс істеуді тапсыра отырып, басқару теориясы мен тәжірибесі саласынан жан-жақты терең білімі болуы, педагогика және психология ғылымдарының жетістіктерін өзінің күнделікті жұмысында пайдалану талап етілетін. Әйтсе де мектептердің материалдық-техникалық базалары төмен еді, типтік жобадағы мектептер саны аз болатын. Пән кабинеттерін мұғалімдер өз қаржыларына жабдықтап, күнделікті сабақ процесінде қолданылатын көрнекіліктерді өздері әзірледі. Бұл материалдық жағынан мұғалімге шығын болғанымен, кәсіби тұрғыда іскерлікке, өсу және дамуға жетелеп, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Мұғалімдер жүктемелеріне шектеу қойылмады, толық жүктемемен жұмыс жасады. Артық жүктемемен, тіпті бірнеше мектепке қатарынан жұмыс істейтіндері болушы еді. Әр мектептің өзіндік басқару стилі, өзіне тән ерекшеліктері, ұстанған бағыт-бағдарлары болатын. Адами ресурстарды дамытуға көп көңіл бөлінді. Озат мұғалімдер мен шығармашылық топтардың мүмкіндіктері айқындалып, олардың нәтижелі жұмыс істеуіне жағдай туғызды, сол арқылы адами ресурстарды оңтайлы басқарудың маңызды міндеттері шешілді.
Ауданда білім жүйесін басқару аудандық білім бөлімі арқылы, ал алқалық басқаруды аудандық білім бөлімінің кеңесі жүргізді. Кеңес отырыстары ай сайын өткізіліп, түпкі нәтижелерге жетуге бағытталған жоспарлы, жүйелі басқарушылық шешімдер қабылданатын. Аудандық білім бөлімі тарапынан басқарушылық шешімнің мазмұнына, тиімділігіне, орындау мерзіміне және орындаушылық жауапкершілікке, оңтайлығына, заңдылығына, құзіреттілігіне айрықша назар аударылды. Соның арқасында биік нәтижелерге қол жеткізілді. Озат ұстаздар көптеп шығып, олардың еңбектері ауданға, облысқа және республикаға таратылды. Аудан барлық пәндер бойынша үздік шәкірттердің көптеп шығуымен ерекшеленді. Білім мәртебесі, ұстаз абыройы салтанат құрды, көпшіліктің ыстық ықыласы мен құрметіне бөленді. Аудан барлық көрсеткіштер бойынша облыста алдыңғы орыннан көрінді. Білімнің туы облыста және республикада желбіреп тұрды. Жақаң аға кемеңгерлігінің барлық қырлары көрінді. Осы кезеңде аға сенімінде болып, қасынан табылған, ортақ мақсатқа жету жолында уақытпен санаспай еңбек еткен азаматтар Н.Палымбет, З.Тұрсынова, Ж.Омаров, М.Ахметов, А.Ергешов, Р.Тәжібаева, Ш.Үркімбаев, С. Нұрманов, К.Әбсұлтанов, Ұ.Найманбаева, Б.Ерназарова, Ғ.Төлегеновтер болды.
Жақаң ағамыздың ерекше қыры 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданып, дербес республика болып жұмыс бастағаннан кейін көрінді. Бәрін де көрген, бәріне де көнген халықтың өкілі ретінде ағамыздың ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп өскені белгілі. Енді өз тағдырымызды өзіміз айқындап алғаннан кейін білім саласының күш-жігері ауданда ұлттық мектеп құру мүддесіне жұмылдырылды. Білім орыс тілінде жүргізілетін 3 мектептің 2-еуі, 5 аралас мектептің 4-еуі қысқартылып, қазақ тілінде жұмыс істейтін мектептер саны 38-ге жетті. Ұлттық болмысты насихаттайтын білім мекемелерінде залдар, пән кабинеттерінде бұрыштар безендірілді. Төл оқулықтар қолданысқа еніп, аз уақыттың ішінде қазақ мектептеріндегі білім сапасы орыс тілді мектептерден анағұрлым жоғары деңгейге жетті. Жас ұрпақ тәрбиесі ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырылды. Ұрпағы тәрбиелі елдің ғана ұлы мықты, іргесі берік, шаңырағы биік, түлігі түгел, берекесі баянды, тірлігі жасампаз болатындығына назар аударды. Өмір – өте күрделі. Оның күнгейімен бірге көлеңкесі, тәттісімен бірге ащысы қатар жүреді. Адамды үш жағдайда сынауға болады, біріншісі – бақ қонып, атақ пен даңққа бөленгенде, екіншісі – биліктің биігіне көтерілгенде, үшіншісі – байлыққа кенелгенде. Абыз ағамыздың бір басында осы 3 жағдай да кезікті, сонда халықшыл, рухы биік ұлтжанды, іскер қалпын өзгертпестен, «Кішіліктен асқан кісілік, қарапайымдылықтан асқан қасиет жоқ» деген қағидалармен өмір сүрді. Өте қарапайым еді.

Абай Ергешов

07 шілде 2020 ж. 475 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930