Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шалқар шабыт иесі

Шалқар шабыт иесі



Ұзақ жылдар ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген, тәжірибелі де ұлағатты ұстаз болған, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп, оның бақыты мен рахатына бөленіп отырған қарт мұғалім, ақын Дайрабай Нұрманұлы жетпіс бес жасты еңсеріп, сексеннің сеңгіріне атбасын бұрыпты. Д.Нұрманұлы өзінің табиғат сыйлаған талантының арқасында республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда шығармаларын жиі жариялап, өлеңдері мен толымдық және педагогикалық-ғылыми мақалалары арқылы жұртшылыққа танымал болған ұстаз-ақын. Жыр сүйер көпшілік оның «Өмір елестері» және «Сағым жылдар» атты екі бірдей өлеңдер жинағын жылы қабылдап, қолдан-қолға тигізбегенін білеміз.
Дайрабай ақынның өмір, қоғам, адамгершілік, достық, еңбек және қоршаған орта тұрғысындағы ой толғамдары жүрек қылын шертіп, өлеңді өзің жазып отырғандай күй кешесің. Тілі жатық, қазақ ауылының иісі аңқып тұр. Өлеңдерінің ұйқастары мығым, қиыннан қиыстырып, тігісін жіптіктей етіп жібереді, тақырып аясы да кең. Ол ел мен жер, халқымыздың салт-дәстүрі, тілі, діні, ділі жайлы жыр толғайды. Оқырмандарын отанын сүюге, ұлтжанды болуға, жастарды білімді, жан-жақты, қайсар, өжет, өнегелі тәрбиелеуге үндейді.
Арқалы ақын Дайрабай Нұрманұлы «Анкеталық есеп» деген өлеңінде оқырмандарына есеп бергендей:
Сұлу Сырдың бойында аштым әлем есігін,
Дарияның толқынындай тербетіліп бесігім.
Дайрабай деп маған есім берген екен ата-анам,
Дариядай шалқысын деп
армандаса несі мін?
Осы менің шағын ғана
анкеталық есебім,
Туған жерде, туған елде самал болып есемін.
Өз елімде, өз жерімде ұлтан
болсам жарайды,
Арман қылып не қыламын өзге елдің көсемін, – деп көсіле жөнеледі.
Қазақтың қара өлеңін түрлендіріп, нанымды, шалымды ұйқастармен әр шумағының сәнін келтіре білген ауыл ақыны өз ана тілі, қазақ тілі жайлы ағынан жарылып:
Анамның тілі, қазақтың тілі өлмесе мен де тірімін
Өз тілім барда, көк туым қолда ірілерден де ірімін.
Тұғырым биік, елімді сүйіп бақыттан басым айналған
Егемен елімде бақытқа бөленген, халқымның ән-күй, жырымын деп жар салады. Бәріміздің көкейімізді бүлкілдетіп жүрген қазақ тілінің тағдыры да ақын жырынан шет қал­мапты. Жұдырықтай жүректен шыққан жыр жүректерге жетіп, саналарға қонып жатса, ақынның бақыты да сол емес пе? Поэзия – парасат. Д.Нұрманұлының парасатты өлең жолдарына толы кітаптары оқырмандарын жалықтырмайды, өмірге ғашық етеді. Ауылдан ұшқан поэзия үні еліміздің көгінде қалықтап жұртшылыққа ой салса, ол да Дайрабай ақынның жетістігі, мәртебесі, биік шыңы. Иә, «Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, он жылдығын ойлаған ел ағаш егеді, мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» деп данышпан халқымыз айтқандай, Дайрекең дарын дәнегін қызы Гүлзинаның бойына дарытыпты. Біз қазақ эстрадасының танымал әншілері Қарақат Әбілдина орындап жүрген «Қызға тілек», «Қызыма», «Қызымын елдің бақытын тапқан өнерден» деген әндерін, Алтынай Жорабаеваның орындауындағы «Қыз ұзату», Жазира Байырбекова айтатын «Тұсаукесер», «Анашым», «Балама тілек», Үміт Медеуова салатын «Арудың әлемі», Жанболат пен Жазира шырқайтын «Серігім», «Сыр елім», «Биле» әндерінің сөздерін жазған осы жерлесіміз Гүлзина Нұрманова екенін біле бермеуіміз мүмкін. Елімізде әнге арнап өлең жазатын ақындардың көп емес екендігін ескерсек, жас талант Гүлзинаның шығар­машылығына, ізденісіне, жаңа­шылдығына, сәттілік тілеуімізге болады. Себебі әннің өлеңі мықты болса, екеуі қабысып жатса, ол қазақ халқының рухани азығына айналып, жоғарыдағы әндердей ғасырдан ғасырға жалғасып кете берері сөзсіз. Оны дәлелдеудің қажеті шамалы. Ақынға керегінің өзі – өлең оқыған, кітабын парақтаған бір оқырманның елеңі. Мен Дайрабай ақынның шалқар шабытына, таланты мен өнеріне, оның ұрпақ сабақтастығына құрмет жасай отырып, осы жазғандарымды арнадым. «Ақынын ардақтаған ел тозбас» демей ме халқымыз?
Дайрабай ақынға
Жүрегі жырдан жаралған,
Адамдарға таң қалам.
Жан боп келер ерекше,
Ақын болу бір арман.
Сезбейтінді сезетін,
Оймен шарлап кезетін.
Сәтті шумақ шақтардың,
Білер келер мезетін.
Көрмейтінді көретін,
Жұмыр жүрек беретін.
Төңкерісте ақын бар,
Жазбайтын өлең сөнетін.
Кім десеңіз – Дайрабай,
Ағып жатқан дариядай.
Сел боп аққан жыр әлем,
Сөзі өсиет қариядай.
Ауылдан шықтым демеді,
Талантына сенеді.
Бұрымдай өріп сезімін,
Қуаныш сыйлап келеді.
Қарапайым мұғалім,
Ұстаз сырын ұғамын.
Ақын десек Дәкеңді,
Сүйсінбейді бұған кім?
Жаса, аға, ақыным.
Оқырман ең, жақыным,
Жетпіс бестегі ақсақал.
Мықты болсын тақымың!

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
28 мамыр 2019 ж. 738 0