Аудан өнерпаздары «Абай» қойылымын қоймақ

– Өнер – аса жауапкершілікті талап ететін қиын да күрделі жанр. Соған қарамастан Шиелі ауданының өнерпаздары әр мерекені назардан тыс қалдырмай, шама-шарқы келгенше халыққа мағыналы, мәнді, ой салатын әзіл-шыны аралас дүниелерді ұсынып жүр. Қазіргі таңда 5 халықтық ұжым халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Атап айтар болсақ, Алғабас ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Қытық» халықтық әзіл-сықақ отауы, «Жас дәурен» халықтық ән-би ансамблі, «Ноғайбаевтар халықтық отбасы ансамблі, Ұлт аспаптар халық оркестрі, «Нартай сазы» халықтық фольклорлық ансамблінің еңбегін ауыз толтырып айтуға болады, – дейді И.Байкенжеев.
2018 жылы 1391 мәдени шара ұйымдастырылса, өткен жылы оның саны 24-ке көбейген. Оның ішінде 1 халықаралық, 4 республикалық, 6 облыстық шара жоғары деңгейде өтті. Брифинг барысында аудан көлеміндегі мәдениет үйлері мен клубтардың техникалық жағдайы да айтылды. И.Сәрсенбайұлының айтуынша, өткен жылы Тартоғай ауылындағы жаңа клубтың құрылысы аяқталып, ауыл тұрғындарына пайдалануға берілген.
– Өткен жылы аудандық бюджеттен 1160,0 мың теңге бөлініп. «Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер» (Б.з.д II мыңжылдық) ескерткішіне төрт жағынан қорғау аймағының шекарасын білдіретін белгілер орнатылды. Сонымен қатар Алма Қыраубаева, Шахмардан Есенов, Иманжүсіп Құтпанұлы ескерткіштерінің төлқұжаттары мен қорғау тақталар қойылды, – деп аудандағы тарихи, мәдени ескерткіштердің көрсеткішіне тоқталып, одан әрі алдағы жоспарлар жайлы тарқатты:
– Алтын күз мерекесіне орай «Тағылымды тарих – кемел келешек» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция мен «Ардақтаған азаматын, Шиелі, неткен ғажап атың» атты республикалық ақындар айтысын өткізу және бірқатар датаға байланысты облыстық деңгейде 9 шара өткізу жоспарлануда, – деді И.Байкенжеев.
Тағы да айта кететін жайт, жыл көлемінде тойланатын шаралар легі Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен байланысты болмақ. Тіпті мәдениет қызметкерлері «Абай» қойылымына дайындық үстінде. Ендеше аудан халқы осы жылы тағылымы мол шараларды тамашалап, рухани азық алмақ.
.
Фариза КЕНЖЕШОВА