Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлдің пайдасын біле тұра...

Гүлдің пайдасын біле тұра...

Таңертең ұйқыдан ояндыңыз. Алайда, жылы көрпені тастап орныңыздан тұруға шамаңыз келмей жатыр. «Тағы бес минут» ұйықтап алайыншы дейсіз де, бүтіндей бір сағаттың қалай өткенін байқамай қаласыз. Бірақ осынау күнделікті өміріңізді бір сәт өзгертіп көріңізші.
Таң ата күнмен таласып шат-шадыман күйде ұйқыдан тұрдыңыз. Беті-қолыңызды жуғаннан кейін терезеге еріксіз көзіңіз түсті. Қандай ғажап! Бір-бірімен сұлулық жағынан жарысып тұрған гүлдер тіпті көздің жауын алады. Сіздің көңіліңіз көтерілді ме? Көтерілді. Жайқалып тұрған өсімдікке қарап өмірге деген құштарлығыңыз артты ма? Артты. Өз еркіңізден тыс гүлді иіскедіңіз бе? Иіскеген бойда тынысыңыз ашылып, ерекше күйге бөлендіңіз бе? Дәл осындай керемет сезімді бастан кешіргеніңізге сенімдімін. Олай болса неліктен әрқайсымыз ауламызда немесе үйімізде гүл өсірмеске? Бәлкім гүлдің пайдасы жоқ, керісінше машақаты көп дейтін шығарсыз. Мұндай шешімге келмес бұрын осы мақаланы оқып шығыңызшы. Бәлкім ойыңыз өзгеріп, сіз білмейтін гүл өсірудің орасан пайдасына қанық боларсыз.
Еліміздегі «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Гөзел Құлжабаева Ұлыбритания, Германия, Франция, Иран, Түркия, Израиль, Қытай сынды мемлекеттерге барғанда осы елдердің гүл өсіру, ағаш егу мәдениетіне қайран қалған екен. Содан кейін оның ойында «Қазақстанды да неге осылай көркейтпеске?» деген сұрақ туындапты. Г.Құлжабаева елге қайтқан бойда гүл өсіру ісін қолға алып, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының көркеюіне өз үлесін қосып келеді.
Рас. Теледидарды қосып қалсақ, шет елдердің ауласы мен көшесі гүлден көрінбейтінін байқаймыз. Тіпті бөлме гүлдері де жайқалып, көздің жауын алады. Санасақ саусақ жетпейтін, біз атын да білмейтін сан алуан гүлдерді көріп таңдай қағамыз. Міне, осы гүлдерді неге өз елімізде өсірмеске? Хош. Бүгінде ел астанасы жасыл желекпен көмкеріліп, сұлуланып тұр. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы болатын. Ал аудандардың ахуалы ше? Сонда әсемдікті, сұлулықты көру және хош иісті сезіну тек қала тұрғындарына бұйырғаны ма?
Ендеше өз ауданымыздың ажарын тілге тиек етейікші. Иә, аппақ қар еріп, көктем шыға бастағанда орталық жайқала, ажарлана түседі. Әсіресе, орталық алаң мен әкімшілік ғимараттың алды. Бірақ есіктің алдында гүл өсіріп, оны баптап жатқан тұрғындарды көрмейміз. Егер барлығымыз ауламызға гүл егіп, оны ерекше баптап өсірсек, ауданның ажары да арта түспей ме? Ал өкініштісі, біз гүл өсіру тек бағбанның жұмысы деп ойлаймыз. Табиғат, аула, сондай-ақ ауа барлығымызға ортақ болғандықтан, оны көркейтуді әр адам парызы деп санаса артық етпейді. Мәселен, Еуропа елдерінде тұрғындар ауладағы өсіп тұрған гүлдерді өздері баптайды екен. Ол жақта гүл өсіру арқылы уақыт үнемдедік десе, ал бізде гүл өсіру уақытты өлтіру деп түсінетіндер де бар. Сол себептен болар, кей көшелермен жүргенде уақытылы суарылмай, дұрыс көңіл бөлінбей, солып қалған гүлдерді байқайсыз. Бірақ гүлдің адамға пайдасы ұшан теңіз ғой.
Біз де табиғаттың бір бөлшегіміз. Денеміз ауырып, тынымсыз тіршіліктен шаршағанда, ең әуелі таза ауаға шыққымыз келеді. Егер сол таза ауамыз дұрыс болмай, адам жанына сұлулық сыйламаса, қалай демаламыз? Қалай тынымсыз тіршілікті бір сәт ұмытамыз? Біле білсеңіз, жасыл желектің ауасында адам денсаулығына қажетті жеңіл иондар болады. Соның арқасында табиғатта демалған адам салқындамайды, қан құрамы жақсарып, қан қысымы да бір қалыпқа келеді, сондай-ақ жұмысқа деген қабілеті де артады. Ал бөлме гүлдері ең әуелі бөлменің ауасын тазартып, оны қалыпқа келтіреді. Үйде ешқандай өсімдіктің болмауы тыныс алу, әсіресе, мұрын құрғап кетуіне әкеледі. Осы тұста ұлы Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын біле тұра тексермедім» деген өлеңі еріксіз ойға оралады. Себебі, біз де ақын сияқты гүлдің пайдасын білсек те, ескермей жүрміз ғой. Олай болса Шиелінің шырайлануына, кенттің көркеюіне барлығымыз бір адамдай атсалысайық.

Фариза КЕНЖЕШОВА

04 ақпан 2020 ж. 1 205 0