Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бөлме гүлдерін баптауды білеміз бе?

Бөлме гүлдерін баптауды білеміз бе?


Әсем гүлдер Үйдің сәнін келтіріп қана қоймай, адам жанына жылылық ұялататын қасиетке ие. Гүл өсіру ерекше күтімді қажет етеді. Қарапайым үй жағдайында гүл өсіру үшін оның әдіс-тәсілдерін жақсы білген жөн. Әсіресе, қыстың келуімен бөлме өсімдіктерінің көпшілігі ауырады және солады. Әр өсімдікке жекелей қарап, көмектесу керек. Алайда, төмен ылғалдылықтан және ауа температурасының түсуінен барлық бөлме өсімдіктері бірдей ауырады. Оны қалай өсіру керек, қаншалықты жарық, жылу керек? Осы сынды түрлі сұрақтарға жауап бере отырып, гүл өсірудің қыр-сырына тоқталайық.

Оларға арналған жалпы талаптар бірдей. Қысқы күтім гүлдерді суықтан құтқарудан басталады. Гүлдің жапырақтары суық терезенің әйнегіне тиіп тұрмауы керек. Егер мүмкіндік болса, жылуды жақсы көретін гүлдерді терезе алды тақтайынан басқа жарық жерде ұстаған жөн. Жаз мезгіліндегідей гүлді көп суарудың қажеті шамалы. Есесіне жиі суарғанның орынына бөлме өсімдігіне таза су шашып, топырағын қопсытыңыз.
Гүл өсіруді жанына серік еткен Мансия Аубакирова гүлдерге уақыт бөліп, сөйлесіп әңгімелесу керектігін айтады. Тіпті, жайқалып өсуі үшін оны қалай суаруды да білген жөн. Кейіпкердің айтуынша: «Әдетте үй өсімдіктерін өсірушілер оған суды көп құяды, соның салдарынан тамыры шіриді. Судың температурасы бөлме температурасына шамалас немесе одан 5-7 градус жоғары болуы керек. Өсімдікке су құйғанда топырақтың түйіршіктері жібіп, су ыдыстың түбіне ағуы тиіс. Тығыз топыраққа отырғызылған өсімдіктің аққан суы сол бойда, ал, жеңіл топырақтың артық суын 30 минуттан немесе 1 сағаттан кейін төгіп тастайды. Кейбір ылғал сүйетін өсімдіктердің табандығында үнемі су жатқаны дұрыс» – дейді гүл өсіруші.
Өсімдіктің ауруға шал­дығуын болдырмау үшін алдымен ыдыс­ты ыстық сумен мұқият жуады, содан кейін дезинфекциялау керек. Үй өсімдіктерін бөлменің кез келген жеріне қоя салмай, олардың жақсы өсуі үшін қандай күтім қажет екендігін біліп алған жөн. Кейбір гүлдер жылылықты сүйетін болса, кейбіреуі жарыққа ұмтылады. Мысалы, кактус гүлі, сабақтарында ылғалды көп сақтайды. Бұлар қыста жақсы өседі, ал, температура режимі бұзылған жағдайда өсімдіктер сарғайып кетуі әбден мүмкін. Қандай өсімдік болсын өзіне қолайлы топырақ арқылы құнарланады. Сол себепті, барлық үй өсімдіктеріне бірдей топырақ пайдаланбайды. Шым және құм араласқан топырақ пен сазды топырақ, көң тәрізді түрлері үй өсімдіктеріне аса қажет. Сондықтан, топырақ таңдарда мұқият болыңыз. Тек бұл ғана емес, гүлдің күтімін басты назарға ала жүріңіз. Сонымен қатар, шайдың қалдығын гүлдің ыдысына салуды да ескерген жөн. Ол да гүлге қорек болады. Егер, жапырақтар қошқыл түске боялып, алақанға салып қысқанда сықырлаған да­уыс шығарса, бұл судың жетіспеуін білдіреді. Сондықтан, гүлді топырағы құрғағанда бірден суарыңыз. Суарғанда құтының түбіндегі ауа өткізуші ұсақ тесіктерден су ағып шыққанша құйған жөн. Бөлмеде салқындатқыш немесе жылытқыш құрал қосылып тұрса, топырақтың тез құр­ғайтынын да ұмытпаңыз. Гүл таза ауамен қамтамасыз етумен қатар, үйіңізге сән беріп, көңіл-күйді көтереді.

Ж.Нұрғалиева.

23 желтоқсан 2018 ж. 6 668 0