Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бестамдағы гүлзар бақ

Бестамдағы гүлзар бақ


Гүлдер, гүлдер, көп гүлдер,
Қызыл гүлдер, көк гүлдер...
Иә, аулаға кіре салысымен үй маңындағы жайқалған гүлдер таңғажайып әлемнің тамшысындай көрінді. Гүлдерге қарап көз қуанып, ерекше сезімге бөленесің. Гүл алғанды жақсы көрмейтін нәзікжанды жоқ шығар, ал, гүл өсіргенді ше?
Бестам ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулоторияда 37 жыл қызмет істеп, халықтың алғысын алып жүрген Күлбибі Сырлыбайқызының гүл өсіруді жанына серік ететінін естігенде алғашында біз де таң қалдық. Біздің түсінігімізде гүл өсірумен тек арнаулы мамандар айналысады. Өз мамандығының ғана емес, гүл өсірудің де майталманы болып үлгерген апайдың шаңырағына жолымыз түсіп, арнайы барып, аз да болса гүл өсірудің қыры мен сырына қанық болдық.

– Мен гүл өсірумен 10 жылдан астам уақыт айналысып келемін. Әр сенбіні арнап, түске дейін бөлме гүлдеріне, түстен кейін ауладағы гүлдеріме көңіл бөлемін. Гүл аса қамқорлықты қажет ететіндіктен, әрқайсысына мұқият назар аударып, жеке сырымды айтып, ішімдегін ақтарып та аламын. Әсіресе жаз айлары мен үшін қиындау, сондықтан бөлмедегі гүлдеріме бола үйіме салқындатқыш орнаттым. Гүлді жайқалтып, жақсы нәтиже шығару үшін арнайы витаминдер беріп, уақытылы дәрілеп тұрамын. Қазіргі таңда 20-дан аса бөлме гүлін, 70-80-дей аула гүлдерін өсіріп жатырмын. Қыста да бүршік атып тұратын гүлдерім бар. Кейбіреулер гүл өсіру үшін, тек суландырса болды деп ойлайды. Әр гүлдің иісі басқа демей ме? Мысалы, менің 15 күнде суаратын гүлдерім бар, сондықтан ол қате пікір, қате тұжырым. Өсірген гүлдерімді сатып, пайда табайын деген ойым жоқ. Бұл менің жеке қызығушылығым ғана, – дейді кейіпкеріміз Күлбибі апай.
Ауылдастарының көзайымына айналған осынау керемет көріністің шығуына септігін тигізген Күлбибі Нұржановамен тілдескенімізде «Гүлші бір гүл өсіргенше жүз тікеннің уын жұтады» деген мақал ойымызға оралды. Иә, машақаты көп болса да, гүл өсірудің әдісін меңгеріп, хоббиіне айналдырып, өзі тұрып жатқан ауласын гүлзар баққа айналдырып отыруы, ауласы ақ сорға айналған кейбір ер азаматтарға үлгі десек артық айтқандық емес.
«Гүл табиғат – ананың сыйы» деп бекер айтылмаса керек. Көздің жауын алып, сәндік көрініс берсе, жұпар иісімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, кей дерттерге шипа болатын қасиетті өн бойына сіңірген гүлдің ішкі әлемі осындай.

Фариза КЕНЖЕШОВА.
25 мамыр 2019 ж. 3 408 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930