Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кайдзен туралы естідіңіз бе?

Кайдзен туралы естідіңіз бе?

Жапония – дамыған мемлекеттердің алдыңғы шебінен орын алған, технологияға құштарлығы әлемді таңдандыратын ел. Олар сакурадан алкоголь, темірден адам жасап, телефонын сабындап жуады (Rаfre смартфоны). Айта берсе, көп. Бір сөзбен айтсақ, қиялдағыны шындыққа айналдыру олардың қолынан келеді. Біздің елдегідей ұшан-теңіз табиғи байлығы болмаса да, әлемдегі ең бай 30 елдің қатарында.
Жапондар емі жоқ еріншіктіктің де «дәрісін» ойлап тапқан. Өткен ғасырдың 50-інші жылдарында Масааки Имаи деген азамат ойлап тапқан «кайдзен» әдісі жалқаулығы жар бермей жүргендерді пайдалы дүниелерге тәрбиелейді.Алғашқы уақытта бизнес саласында қолданылған «кайдзеннің» жапон тілінен аударғандағы мағынасы «Кішкентай қадамдар арқылы үлкен жетістікке жету» дегенге саяды. Автордың зерттеуінше, күнделікті өмірде немесе кәсіпте болсын аталған әдісті жүйелі қолдана білу алға қойған мақсатқа деген баспалдақты құрайды. Кайдзен қағидасын ұстанған адамның өмірге деген құлшынысы артып, өзіне деген сенімі бекиді.
Мысал арқылы түсіндірер болсақ, сізге таңертең сағат 7-де ұйқыдан тұру керек. Бірақ ол уақытта тұруға қиналасыз. Енді ойланып көріңіз. Сізге нешеде тұрған оңай? Бәлкім, 8-де. Олай болса, сіз алдымен, 7:50-де ұйқыдан тұруды әдетке айналдырасыз. Оған үйренгенде 7:40-та. Осылай жалғаса береді. 1 сағаттық ұйқыны азайтуды 10 минут кемітуден үйренесіз.
Кейде адамдар «7-де ұйқыдан тұруым керек» деп өзін бір-ақ күнде тәрбилеп, өзгертіп жібергісі келеді. Бұл жігер ары кетсе 1 айға ғана жалғасуы мүмкін. Өзіне зорлық адамның қажыр-қайратын тауысады. Содан соң сеніміңіз әлсіреп, өзіңізді бағалауыңыз төмендейді.
Ертеңнен бастап спортпен айналысамын, диетаға отырамын немесе кітап оқуды бастаймын деген неше түрлі ойды іске асыра алмай жүреміз. Бірін істесек, екіншісін істеуге ерініп қалатын кездер де болады. Бұл жағдайда жапонның кайдзені «1 минут» қағидасын ұсынады. Бастай алмай жүрген нәрселерді бір минутта істеп көріңіз. Ол уақытта «Не істеп үлгеремін?» деуіңіз мүмкін. Бірақ сағаттап не істеріңізді, неден бастарыңызды білмей отыратын да уақыт болады емес пе? Оның қасында 1 минут та болса әрекет.
Мысалы, 1 минутта бір бет кітап оқуға, 10 рет отырып-тұруға, үстеліңізді жинас­тырып, басқа тілдегі бірнеше сөзді жаттап үлгеруге болады.

Назерке
МҰХАМЕДИЯРОВА

10 қыркүйек 2019 ж. 634 0