Заң білмеген жаңылысады
Ауданға жаңадан келген аудан прокуроры, әділет кеңесшісі Нұрболат Дүйсенбаев елді мекендерді, мекемелер мен мектептерді аралап, азаматтардың құқығының сақталып, жол-көлік апаттары, сыбайлас жемқорлық, ауыр және жеңіл қылмыстар жайлы мал ұрлығы, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзылушылықтың алдын алу барысында жиындар өткізіп, халықтың ой-пікірлерін тыңдап, ұсыныстарымен бөлісіп жүргені белгілі. Арасында қойылған сұрақтарға жауап беріп, аудан көлеміндегі кез келген қылмыстың ашылуына прокуратура тарапынан талап қойылып, қатаң сұралатындығын да естен шығарған жоқ. Заң білмеген жаңылысады, сөйтіп қылмысқа барады. Ал аудан прокурорының аузынан естіген заңдылықтар азаматтың ойында ұзақ сақталары анық.
Осы аптаның басында №47 М.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің залында аудан прокуроры Н.Дүйсенбаев «Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында жиналыс өткізіп, оған мектеп ұжымының барлық мұғалімдері, ата-аналар, оқушылар қатысты. Аудан прокуроры елімізде жасөспірімдер арасында қылмыстың азаймай тұрғанын, оның қандай себептерден болатынына тоқталды. Әсіресе, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілігі зор екенін, сондай-ақ ұстаздар мен мектеп инспекторларының да атқарар міндеттері аз еместігін еске салды. Кәмелетке толмағандардың ата-анасыз не болмаса сенімді өкілінсіз түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеге шығуға болмайтынын, оларға заң аясында шара көрілетінін айтты. Сонымен қатар оқушылардың жол ережесін білу, темекі, ішімдік, есірткі затынан аулақ болуы, топ-топ болып ауыл мен ауыл, мектептер арасында оқушылардың төбелестеріне жол бермеудің де алдын алып, профилактикалық жұмыстар жасау керектігін кең көлемде түсіндіріп өтті. Одан соң ата-аналар мен ұстаздарды оңаша алып қалып, әйелдер, қыздар арасындағы зомбылық, жыныстық қатынас қылмыстары туралы әңгіме айтып, ненің болса да алдын алып отырсақ, жақсы болады деп сөзін түйіндеген аудан прокуроры халқымыздың «Құдай да сақтансаң, сақтайды» деген нақылын көпшілік назарына салғандай болды. Жиналысты мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы Сәуле Нұрманова жүргізіп отырды. Профилактикалық жиналысқа аудан прокуратурасының прокуроры Елжас Бозбаев, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Ынтымақ Мадиев, АПб-нің ЖПҚб-нің КТІЖ-гі УПИ-ры аға инспекторы, полиция майоры Абай Мадиев, мектеп-лицей директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Болат Накиповтар қатысып отырды.
Дарын Әзімхан,
Шиелі АПб-нің ЖПҚб-нің
кәмелетке толмаған істер жөніндегі
учаскелік инспекторы, полиция капитаны