Ерекше кәсіп иесі

Айта кетейік, кейіпкеріміз Нұр-Сұлтан қаласында азық-түлік өнімдерінің технологиясы мамандығы бойынша білім алған. Оқуын тәмамдаған соң Алматы қаласындағы қазақ тағамтану академиясында үш жарым жылға жуық уақыт жұмыс істеп, кейін денсаулығына байланысты өзі туып өскен Бәйгеқұм ауылына қайтып оралады. Бірақ үздіксіз ізденіс, тынымсыз тіршілік үстінде жүретін А.Қолдасқызы құр алақан жатпай, қандай да бір кәсіп бастау керек деген ойға тоқтайды.
– Студент шағымда білімімді жетілдіру әрі тәжірибе алмасу үшін Арменияға барғаным бар. Сол жақта сүт және ұн өнімдерінен дайындалатын тағамдар туралы толығырақ зерттедім. Өздеріңіз білесіздер, көпшілік қазіргі таңда шаурма, сэндвич, донер, яғни жеңіл дайындалатын тағамдарға құмар. Түскі үзілісте де көбінесе фасфудқа қарай жүгіреді. Яғни бұл жеңіл әрі тез дайындалатын тағамдар өтімді деген сөз. Ал сүт өнімдерін дайындау өңірде жақсы дамыған. Сондықтан мен лаваш дайындауды таңдадым, – дейді небәрі 25 жастағы кәсіпкер.
Бүгінде үйінің жанынан шағын цех ашып, өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің ісі едәуір дамыған. Айтуынша, Үкіметтен 505 мың теңге көлемінде грант ұтып, қажетті қамыр илейтін, жаятын, пісіретін құралдарын алған. Одан бөлек тапсырысы да ұлғайып, 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кейіпкеріміз өзінің алғашқы жұмыс күндері туралы:
– 2019 жылдың сәуір айы болатын. Қолдан 30 лаваш дайындап, аудандағы фасфуд дайындайтын орындарға апарып көрсеттім. Ұнап жатса, тапсырыс аламын деген ой ғой менікі. Содан кенттегі «Дәмді» асхана желісіне дәмін татып көруге он данасын беріп едім, он минуттан соң тұрақты шартқа отыратынын айтты. Бірақ келісім бойынша күніне 500 дана әкеп отыруымды сұрады. Әрине, қалай болады деген қорқыныш болды. Бірақ қайтпас қайсарлығымның арқасында бас тартпадым. Әрі отбасымның қолдауының арқасында деп білемін. Бірақ бір күннің ішінде 350 дана ғана дайындап үлгердім. Ал қазір аппараттың көмегімен 500 дана лавашты 5 сағатта дайындай аламын. Үкіметтен ұтып алған грантым маған үлкен көмек болды, – дейді А.Қолдасқызы.
Кәсіпкер бүгінгі таңда көршілес Жаңақорған, Қызылорда қаласына және өзіміздің өңірде өз өнімін тұрақты ұсынып отыр. Айтуынша, Қазалы, Қармақшы аудандарынан да ұсыныс түсіп жатыр екен. Бірақ тасымалдау жағы қиын болғандықтан, әзірге бас тартуда.
– Мен арманшыл қызбын. Алға қойған мақсатым да өте көп. Солардың бірі – өзім тұратын елді мекендегі жұмысы жоқ немесе өз мамандығы бойынша еңбек еткісі келмейтін жандардың 30 пайызын жұмыспен қамтысам деймін. Әрі кәсібімнің көкжиегін одан әрі кеңейтіп, үлкен цех ашқым келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, тәуекелге бел буып, өзін дамытқысы келетін адам ғана белгілі бір кәсіппен айналыса алады. Әрі еңбек еткен табысқа жетеді, яғни өз жалқаулығын жеңген адам ғана мол бақыт пен байлыққа кенеледі. Сондықтан өзі жас болса да, лаваш дайындау бойынша ауданда көш бастап отырған Ақманар Қостайқызының еңбегі көпке үлгі. Біз де өз кезегімізде бизнестің баспалдығынан көрінген кәсіпкердің ісіне сәттілік тілейміз.
Фариза КЕНЖЕШОВА