Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдың ажары арақ емес

Ауылдың ажары арақ емес

«Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де» дейді қазақ. Астарын аңдағанға айтар ойы тік. Қазақ халқының рухы биік, абыройы асқақ деп азуымызды айға білегенде жақсымыз. Алайда, көптің арасында жігері құмдай жасып, шаттығын шишадан іздегендердің қарасы қалыңдап барады. Жаһандану деп жар салған заманда арақты қымсынбай қолына ұстап жүрген жандарды көрсек таңғалмайтын жағдайға жеттік. Өйткені, ет өлген, көз үйренген. Тіпті жастар да құтыдағы ащы суды еш ойланбастан қылғытып жібереді. «Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты» деген осы. Қайтпек керек?

Осы орайда біздің ойымызға әуелі әлеуметтік желі оралады. Шалғайдағы шартараппен байланыс орнатуға мүмкіндік берген интернеттің араққа нендей қатысы бар дейсіз ғой. Әрине, әлеуметтік желіні бірден «жексұрын» саясатқа телудің қажеті жоқ. Себебі, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты желінің де пайдасы ұшан-теңіз. Әсіресе, дүйім жұртқа үндеу ­тастап, насихат жүргізуге таптырмайтын орын. Үгіт-насихат демекші, қазіргі таңда желі қолданушыларының арасында «челлендж» аталып кеткен дүние бар. Өзі бертінде ғана, яғни 2014 жылы пайда болғанымен, аудиториясы ауқымды. «Челлендж» десеңіз болды, бесіктен белі шықпаған бала да түсіне қояды. Дегенмен олардың арасында ойға қонымдысы да, ақылға сыймайтыны да жетерлік.
Сансыз «челлендждердің» арасында бүгінгі біздің тақырыбымызға байланыстысы да шыққан. Ол «Арақсыз ауыл» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, бұл «челлендж» бір-екі адамды емес, күллі ауылды арақсыз өмір сүруге шақырады. Бүгінде осы челлендж рухани астана Түркістан облысында кең етек жайған. Осы облыста бір емес, бірнеше ауылдық округтің тұрғындары ақылдан адастыратын ащы судан түбегейлі бас тартқан. Сонымен қатар көршілес Жаңақорған ауданындағы Өзгент ауылында да арақ атымен сатылмайды. Осындай игі бастамаларға қарап әлеуметтік желінің әлеуетке тигізіп жатқан пайдасына қуанасыз. Бір жағынан қазақы қаймағы бұзылмай, ұлттық менталитетті бәрінен биік қойған Шиелі халқының бұл игі ­бастама хақында үнсіз жатқаны қынжылтады. Барлығына белгілі, ауданда 22 ауылдық округ бар. Әр ауылда жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, тәлім-тәрбие беретін ақ жаулықты аналар мен батагөй ақсақалдар да жоқ емес. Демек бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, «Арақсыз ауыл» челленджін аудан халқы да ұйымдастырса, құба-құп емес пе? Бәлки адамның арын аяқ асты ететін ащы сумен күрестің төте жолы осы шығар?
Біз бұл туралы оқырмандардың пікірін білуге тырыстық. Иә, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін арақтың атадан қалған ас емесін біледі. Алайда, көпшілігі бүтіндей бір ауылдың арақтан бас тартуы шындыққа жанаспайды деп ойлайды. Бәлкім бұл «көз қорқақ, қол батыр» деген тәмсілді бейнелеп тұрған шығар. Осы орайда оқырман назарына «Арақсыз ауыл» тұрғысында ой қозғап, пікір алмасқан жандардың пікірін ұсынуды жөн санадық. Мүмкін ойлы оқырмандардың өз ауылын арақтан арылтатынына себепкер болармыз.

Бақыт Улжаев, Шиелі ауданының бас имамы:
Қазіргі таңда Түркістан облысы той-томалақты арақсыз өткізуден көш бастап тұр. Бұл акцияның негізгі мақсаты – жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсету. Көпшілігі барлық күнәнің бастауы арақ екенін біледі. Оны ішкен адам әртүрлі қылмысқа барып, қиындыққа ұшырауы мүмкін. Ащы су толған құтының кесірінен шаңырағы шайқалып, ортасына түскен қаншама отбасы бар?! Міне, арақтың адамға беретін пайдасынан зияны көп. Сол себепті, бұл акцияны Шиелі ауданында да өткізіп, тұрғындарды имандылыққа шақырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Айжамал Әбдіхамитқызы, Алғабас ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы:
«Атам қазақ қызың арақ ішсе, қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе, ырысыңның кеткені» дейді. Осыдан-ақ арақтан пайда келмейтінін түсінуге болады. Алайда, бүгінде қу құлқынның қамымен жүргендерді арақтан арылту оңай емес. Бұл бір күн немесе екі күнде аяқталмайды. Бірнеше ай бойы үгіт-насихат жүргізіп, жұртшылыққа ой саларлық әңгіме айтылса, Алғабас ауылының тұрғындары да арақтан бас тартады деген ойдамын. Өз басым «Арақсыз ауыл» акциясын өткізуге қарсы емеспін. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде кең тараған бұл челлендж барлығымызға үлгі болады. Әсіресе, бұғанасы қатпаған жастар ащы судан аулақ жүретін еді.

Нұрлан Махмудұлы, Ы.Жақаев ауылының тұрғыны, зейнеткер:
Қазақтың той-томалағын арақсыз өткізуді өзім де ойлап жүрген едім. Ол үшін алдымен барлығын отбасымнан бастауды ұйғардым. Қазіргі таңда үйге арақ, темекі сынды зиянды заттардың болуына тыйым салғанмын. Өзім де ішімдік қойылған жиынға бармауға тырысамын. «Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады» демекші, шақырған жандардың көңілін қимағандықтан амалсыз дастарқан басында отыруға тура келеді. Өзім де жүрген жерімде арақтың адам өміріне әкелетін ауыр азаптарын айтумен боламын. Қазақтың дастарқаны бай ғой. Бізде де шұбат, қымыз, қымыран секілді сусын жеткілікті. Тіпті өзімізде «Ару-ана» атты цех бар. Бір қарасақ, ниеттенген адам бұл дерттен арылады. Екінші жағынан араққа салынып, өз-өзіне тежеу сала алмайтындарға қоғам көмектесуі қажет. Бір қуанатыным бүгінде ауылда араққа сылқия тойып, көшеде дөңбекшіп жатқан жастарды көрмеймін. Егер елдің ертеңі жастар ішімдіктен бас тартса, біздің ауылдың арақпен күресуі нәтижелі әрі жылдам болады деген сенімдемін.

Алпысбек Тәшімбет, Қарғалы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демекші, бүгінде кейбір ауылдардың арақсыз екені үйренерлік әрі құптарлық іс. Рас. Қазір арақсыз өтетін тойлардың саны артқан. Бірақ бұл арақтың мәселесі түбегейлі шешілді дегенді білдірмейді. Ол үшін жұдырық болып жұмылып жұмыс істеу керек. Қарғалы ауылында бір-екі ақсақалдар жиналып бұл мәселені көтерген болатынбыз. Алдағы уақытта ауылда арақ сатылмайтынын және дастарқанға ішімдік қойылмайтынын қадағалаймыз деген ой болған. Алайда, «Көп қорқытады, терең батырады» демекші, көпшіліктің бірі бұл ойды құптаса, енді бірі мүлде келіспейді. Көбінесе дүкендер үкіметтен алған рұқсат қағазымыз бар деп сөреден алып тастауға қиналады. Біз өз еркімен игі бастаманы қолдамағанға ешнәрсе айта алмаймыз. Қолымыздан келетіні үгіт-насихат жасап, ауыл адамдарына арақтан келетін зиянды ұғындыру. Бұл орайда ауыл әкімі мен ақсақалдары бірігіп жұмыс істеуі керек.

Жетегіне ерсең, жетектей жөнелетін жөнсіздіктер жетіп-артылады. Әсіресе, ұлттық құндылықты басты орынға қойған қазақ елінің бүгінгі ахуалы араққа келгенде мәз емес. Соның салдарынан қаншама отбасы ойрандалып, қанша адам мезгілсіз қаза тапты. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді халық даналығы. Олай болса ұрпағымызға ұлағат айтуды қазірден бастайық. Ауылдарды арақсыз етуге жалқымыз емес, жалпымыз атсалысайық!

Маржан ҚҰМАНҒАЛИҚЫЗЫ
11 қаңтар 2020 ж. 712 0