Жасыл шырша жанында

– Жаңа жыл – ең алдымен балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Біздер тағы бір жылды тарих қойнауына тапсырып, жаңа үмітпен, жайдары бастамалармен, алдымызға жаңа мақсат, биік мұраттар қойып, тағы бір жылды қарсы алғалы отырмыз. Жыл басынан бері еліміз үшін айрықша маңызға ие, өскелең ұрпақ үшін патриоттық тәрбиеге толы мерейлі мерекелер тойланды. Жақсы оқып, біліммен қарулану – сендердің басты мұраттарың. Біздің халқымыз «Талаптыға нұр жауады» деген. Сендер талапты да талантты, батыл да алғыр, зерек те зерделі болып өсіңдер, – деді Әшім Оразбекұлы.
Одан кейін аудан әкімі білім беру саласындағы жаңалықтармен бөлісті. Бүгінде ауданда 17 897 оқушы білім алуда. Өткен 2019 жылы мектеп табалдырығын 2 256 бала аттаған. Қазіргі таңда өңірде 18 мемлекеттік балабақша, 73 жеке балабақша және 10 шағын орталықта 6392 бала тәрбиеленуде.
Жаңа жылдық шыршада өн бойына өнер дарытқан балалар ән салып, мың бұрала биледі. Әсіресе, «Жас қыран» балалардан құралған топтың шырқаған әні көпшіліктің көңілінен шықты. Осы орайда Ж.Кенжебекова, Т.Әбдіманап, Р.Базарбай, Д.Серікбаева, Д.Смағұл сынды балаларға сыйлық табысталды. Мерекелік кештің аясында қатысушылар тәтті торттан дәм татып, әртүрлі аңдарды сомдаған әртістердің көрінісін тамашалады.
М.ҚҰРМАНҒАЛИЕВА