Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегелі өмір иесі

Өнегелі өмір иесі

Ұстаз – болашақтың іргетасын қалайды. Себебі, адамның ғұмыр жолы білімге негізделген. Өмірдегі барша мамандықтың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, жомарттықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық болса, ол – ұстаздық.

«Адамның ең жақсысы – көпке пайда тигізген кісі» деген екен.Бір отбасының ғана емес, елдің құрметіне бөленген, алдынан өткен барлық шәкіртінің жүрегінде сақталған, әлемінен ізгілік деген ұғым ұшқындайтын ұстаздың бірі – Тыным ­Шаменова апай. Иә, ол білім нәрін сепкен әр шәкірттің сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген ардақты жан десем артық болмас. Себебі, мектеп қабырғасынан түлеп ұшқаныма он жыл уақыттан асып кетсе де, әлі күнге ­Тыным апайдың жағымды үні, математикалық формулаларды егжей-тегжейіне дейін түсіндіруден жалықпайтын келбеті, «айналайын» деп басымнан сипаған кездері күні кешегідей есімде. «Ауыл», «алтын ұя – мектеп» деген сөздерді естігенде алғаш ойыма оралатын да Тыным апайдың жайдарлы бейнесі екені рас.
Бүгінде тәжірибелі ұстаздың бойынан үш ерекшелік байқаймын. Біріншіден, қарапайымдылығы, екіншіден, қайраткерлігі, үшіншіден, өз ісінің кәсіби шеберлігі. Осындай бір адамның бойындағы қасиеттер айналасына шуақ шашып, көпке нәр себеді екен. Біреулер содан қуат алады, кейбіреулер келешегіне нұсқау табады. Өмір ағыны осындай өнегемен өрілсе керек.
Тыным Шаменова – өз кәсібін, өз пәнін, барлық тыңдаушыларын, мектебін шексіз сүйетін, оқығанын көңіліне тоқып, өмірден түйген жеке қасиеттерін жүрегімен шәкірттерінің бойына дарыта білетін жан. Өйткені, оның қарапайым да сыпайы мінез-құлқы, киім киісі, мәдениетті әр сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі оқушыларға да, әріптестеріне де үлкен өнеге. Әрине, ол өз ісінің майталманы, осы мақсатқа қаншама рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салғаны айтпаса да түсінікті. Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға ғана берілетін қасиет.
№219 Ы.Алтынсарин атындағы мектепте қырық жылға жуық еңбек етіп келе жатқан білікті ұстаз, мақтаулы маман Т.Шаменованың нәтижелі еңбегі үшін марапаттаулары өз алдына бір төбе. Ол аудандық, облыстық, республикалық құрмет грамоталарымен, аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталған. Бұл – ұстаздың үздіксіз еңбегінің жемісі. Өмірін еңбекпен өрнектеп, жастарға тәлім-тәрбие беріп жүрген өз ісінің шебері әрі білікті маманнан тәлім-тәрбие, өмірлік азық алғаныма мақтанамын. Қандай да бір жетістікке жетіп, биіктерден көрініп жатсам, оған аяулы ұстазым Тыным апайымның да үлесі зор болмақ.Т.Шаменова ұстазымның әлі де талай шәкірт тәрбиелейтіне сенемін. Өнегелі өмір иесінің жемісті еңбегі жалғаса беруіне шәкірттік көңіліммен тілектеспін.

Алмат Ақпанбетов


24 желтоқсан 2019 ж. 1 064 0